ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

«Автосалондарда көлік жоқ». Сарапшылар көлік нарығындағы дағдарыстың себебін түсіндірді

Салондарда халық тарапынан сұраныс көп автомобиль маркаларының тапшылығы байқалады

Әлемде автомобиль үшін түрлі микросхемалар мен электроникалық құрылғылардың тапшылығынан көлік өндірістері тоқтап жатыр. Автонарық өндірісіндегі негізгі ойыншылар үшін қажетті электроникалық жүйе құрастырушылар 2021 жылдың басында дағдарысқа тап болды. Наурыз айында электрочиптер мен микросхемалар шығару өндірісі 30%-ға қысқарды. Тиісінше, Volkswagen, Hyundai, BMW, Suzuki, Toyota, Honda сияқты автомобиль нарығындағы көшбасшылар өндірісті қысқартуға мәжбүр болды.

Бұл жағдайдың салқыны Қазақстанға да тиді. Әлемдік сарапшылар мұны коронадағдарыспен келген қиыншылықпен байланыстырады. Оған қоса, биыл қыста АҚШ-тың Техас штатындағы ең ірі микросхема өндіретін зауытты дауылды бұрқасын қиратып кеткен. Ал Жапониядағы Renesas Electronics электроника зауыты өртенді. Соңғысы бүкіл әлемдегі электронды жартылай өткізгіштердің 17%-ын өндіреді.

Автомобиль сарапшылары бұл қиындықтар ғаламдық дағдарысқа айналғанын және ол 2021 жылдың соңына дейін созылатынын болжап отыр. Мұның салдары автомобиль нарығындағы ойыншылардың табысына әсер етіп отыр. Сондай-ақ тұтынушылардың да мазасын қашырған.  Қазақстандағы авто-дилерлер мен көлік саудалаушы компаниялар үшін де дағдарыс кезеңі келді. Қазір ірі қалалардағы көлік сату орындарында халық тарапынан сұраныс көп автомобиль маркаларының тапшылығы байқалады.

Сатушылар Toyota, Hyundai, Kia сияқты қазақстандықтар арасында сұранысқа ие көлік түрлерін тапсырыспен кем дегенде 2-3 ай күтуге тура келетінін айтып отыр. Сатылымға жақында ғана шыққан Toyota Camry 75 пен Toyota Land Cruiser 300 автокөліктерін алуға деген сұраныстың жоғары екені белгілі. Бірақ қазақстандық бірнеше дилер бұл моделдердің саны өте шектеулі екенін әлден ескертіп отыр.   

Azattyq Rýhy қалыптасқан жағдайға байланысты автомобиль сарапшыларынан пікір сұрады. Еліміздегі алғашқы суперкар құрастырушы Таир Балбаев бұл автонарықта бұрын-соңды болмаған дағдарыс деген пікірде. Оның айтуынша, әлемдік ірі ойыншылар нарықты бөліске салу процесін бастады. Яғни бұл қолдан жасалған дағдарыс.

«Пандемиямен бірге нарықты бөліске салатын дәуір басталды деп жатыр. Соның ішінде электрондық өнімдерді шығарушылар арасында тартыс жүруде. Кейбір компаниялар электрлі чиптерді, микросхемаларды автомобиль зауыттарына жеткізіп бермей отыр. Бұл қиындықтарға әкелді. Бұл біз сияқты көлік өндірмейтін дамушы елдерге де салқынын тигізді. Компоненттер сатылымда жоқ. Болжам көңіл қуантарлықтай емес. Бұл өзара нарықты бөліске салу ма, әлде пандемиямен бірге келген дағдарыс па? Осы екі болжамның арасында қазір әлемдік автонарық сарапшылары да бас қатырып отыр», - дейді Т. Балбаев.

Өндірушілер үшін микросхема тапшылығы көлік шығаруды шектеуге жеткізген. Бұл электроникамен байланысты барлық зауыттар үшін проблемаға айналды.

«Микропроцессорлар, транзистрлар жоқ, электрокар жасаушы ретінде біздің өзіміз қазір жұмысты тоқтаттық. Себебі осы құрылғыларға 2-3 ай бұрын тапысырыс бергенбіз. Әлі келген жоқ.

Біріншіден, бұл қазақастандық тұтынушы үшін қымбатшылыққа соқтырады. Бұның автомобиль бағасына ғана емес, қосалқы бөлшектер үшін де жанама әсері бар. Сондай-ақ бұл тапшылық жасанды электрондық бұйымдарға, жаңағы айтып отырған микросхемалардың қолдан жасап сатуына жол ашты», - деп есептейді Таир Балбаев.

Микросхема шығарудың отаны - Жапония мен Қытай. Коронавирус бұл салаға да дағдарыс әкелген. Пандемияға байланысты осы өндіріс циклі бұзылып, оны бұрынғы қалпына келтіру қиынға соғып жатыр. Отандық көлік сарапшысы Әрсен Шакуовтың айтуынша, автомобиль өндірушілер оларға тәуелді болғандықтан, бұл жалпы бір-бірімен қабысқан мәселеге айналған.

«Тіпті, көлік шығарушылар жекелеген модельдер өндірісін мүлдем тоқтатуға мәжбүр болды. Мұны әлем сарапшылары «автомобиль катастрофасы» деп айтып жүр. Ал Қазақстанға мұның қандай әсері болады десек, екінші қолданыстағы көліктер, яғни ескі көліктер үшін баға өседі. Егер жағдай осылай кетсе, ең сұранысқа ие Тойота Камри 40 маркасының бағасы 5-8 млн теңге емес, 10-13 млн теңге болуы мүмкін. Біздің нарықта жыл басынан бері көлік бағасы онсыз да қымбаттады»,- дейді Әрсен Шакуов.

Мәселен, нарықта жаңадан пайда болған - үздік сатылымға кіретін Kia K5 автомобилі Қазақстанға өте аз көлемде келіп отыр. Оның бағасы мен түрі, сапасына қарап, қазақстандықтар тарапынан сұраныс жоғары екенін білеміз. Бірақ, ол да микросхема шығарушылардың кесірінен келмей жатыр. Сарапшының пікірінше, автосалондарда қаражатын төлеп, кезегін күтіп отырғандар жетерлік.   

«Kia K5 қозғалтқыш көлемі 2,5 моделі алдағы бір жылда болмайды дегенді естіп отырмыз. Себебі оны өндірушілер тиісті қосалқы бөлшектерге қол жеткізе алмаған. Ол конвейрден шығып, вагонға тиеліп, тиісті жеріне жеткенше қанша уақыт қажет? Білмейміз. Бұл дегеніңіз Қазақстан үшін автомобиль нарығындағы дағдарыс, қолданыстағы көліктер бағасының өсуі, автосалондардағы жұмыс орындарының қысқаруы сияқты бір-бірімен байланысты проблемаларға ұрындырады.

Қазір нарықта ең жоғары сұранысқа ие - бюджеттік Некси Равон, Шевроле Кобальт, ресейлік Лада көліктеріне де сатылымда шектеулер қойылып отыр. Ал ауқаттылар үшін Ленд Круиезер 300 және орта таптың сүйікті көлігі Тойота Камри 75 өндіріске енгенімен, тұтынушыға жетпейін болады.  Тиісінше, бұрыннан пайдалануда жүрген көліктерге сұраныс артып, баға да өсе түспек дегенді жоғарыда айттым», - дейді сарапшы.  

Маусым айының ортасында әлемдегі ең ірі BMW консерні өндіріс көлемін азайтатынын мәлімдеді. Оған да микросхеамалардың жоқтығы себеп болған. DPA неміс ақпарат агенттігінің жазуынша, зауыттағы екінші ауысымдағы мамандар жұмысқа шықпайды. Дингольфинг зауытында 17 мың адам еңбек етеді. Бұған дейін көлікке керекті электрониканың тапшылығынан BMW компаниясы Германия мен Ұлыбританиядағы зауыттарында жұмысын тоқтатты.

Ресейде керісінше, Тольятти қаласындағы «АвтоВАЗ» өндірісін қайта жолға қоятыны айтылды. Үш күнге тоқтатылған зауытта қазақстандықтар көп сатып алатын Lada Largus және Lada Xray моделдері құрастырылады. Электрондық қосалқы бөлшектердің жетіспеуінен бұған дейін Lada Granta мен Lada Niva Legend өндірісі тоқтап, биыл 11 маусымда қайтадан іске қосылды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы