Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Өскеменнің іргесінде тұрған ауылда не су, не жол, не жарық жоқ

Елдімекен алыстағы ауданға қарайды

Шығыс Қазақстан облысында қалаға таяқ тастам жерде орналасқан Маяк-2 ауылы өркениеттен тікелей мағынада құр қалып қойған. Не жарығы, не суы мен жолы жоқ елдімекен қараусыз жатыр. Себебі бұл ауыл іргелес жатқан Өскемен қаласына емес, 60 шақырым қашықта орналасқан Глубокое ауданына қарайды.

Сонау кеңес заманында Глубокое ауданының иелігіне өткен ауыл қазір жетім баланың күйін кешіп отыр.

«Аудан әкімі біздің мұнда тұратынымызды ұмытып кеткен сыңайлы. Бұлақтан су тасып ішіп, мардымсыз жарықпен күн көріп келеміз. Жарықты тек түнгі уақытта пайдалануға мәжбүрміз. Себебі электр қуаты өте әлсіз. Бір мезетте бірнеше техника қоссаңыз өшіп қалады. Қаланың іргесінде отырып, алыстағы әкімдікке жаутаңдап күн кешуге мәжбүрміз. Мәселеміз қашан оң шешім табар екен?! Аудан әкімдігі барлығын біледі. Бірақ, нақты әрекетке көшер емес, - дейді ауыл тұрғыны Майра Есімбекова.

Тұрғындар жергілікті әкімдіктен бірінші кезекте ауыз су мен жарық мәселесін шешіп беруін талап етіп отыр. Бірақ, тұрғындардың талабына құлақ асатын шенеунік жоқ.

«Ауыз суды тасып ішеміз. Тоз-тозымыз шықты. Бізге ең бірінші кезекте орталықтандырылған ауыз су мәселесін, сосын жарық мәселесін шешіп берсін. Кеш түсуімен көршілердің WhatsApp-чатында пеш қоспаңдар, жарықты өшіріңдер деп бір-бірімізге ескертіп отырамыз. Мұнда 40 шақты үй бар. Қалаға тиіп тұрғанымызбен, алыстағы ауданға қараймыз», - дейді ауылдың тұрғыны Іңкәр Айтмұқаш.

Жұрттың сөзіне сенсек, шағын ауылдың қараусыз қалғанын былай қойғанда, тіпті жедел жәрдем көлігі де келмейді. Ал қыста қар күрелмейді екен.

«Қыстыгүні жол күрелмейді. Ақша төлеп өзіміз қарын тазалаймыз. Боран соғып, жел ұйытқып тұрады. Жолды жауып тастайды. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру көлігі келе алмайды. Бәріміз кішкентай бала тәрбиелеп отырмыз. Өзімнің де жүрегі ауыратын екі жасар балам бар. Егер аудан әкімдігі бізге осылай назар аудармайтын болса, онда саяжайды қалаға қосуды сұраймыз», - дейді Майра Есімбекова есімді тұрғын.

Тұрғындардың өтініші бойынша Өскемен қаласы әкімдігіне де хабарластық. Белгілі болғандай, шаһар басшылығында шағын елдімекенді қарамағына алу туралы жоспар жоқ. Ол Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс дейді жергілікті билік өкілдері.

«Бұл сұрақ біздің қала әкімдігінің құзыретіне жатпайды. Тек Үкімет шешімімен қабылданатын мәселе. Ең алдымен сол Маяк мекенінің тұрғындары жергілікті аудандық мәслихатқа, ал олар облыстық мәслихатқа өтініш жазып, ол өтініш әрі қарай Үкіметке кетіп, сол жақта қаулы шығуы керек. Осы мәселелер шешілгеннен кейін ғана елдімекен қалаға қосылуы мүмкін, - дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша арнайы комиссия мүшелері жергілікті тұрғындармен жолыққан.

«Жуықта комиссия өкілдері халықпен кездесу өткізді. Жиында саяжай бірлестігін Өскемен қаласына біріктіру, электр желісіндегі ақаулар және қыста жолдың дұрыс тазаланбауына қатысты мәселелер талқыға салынды. Электр желісіндегі ақауларға байланысты аудандық ТҮКШ бөлімі, Ушанов ауылдық округінің әкімі электрмен жабдықтаудағы олқылықтар бойынша "Алтай аймағы АҚ ОЭСК" өңірлік директоры Е.С.Альпиевпен кеңес өткізген. Осылайша, мәселені шешудің ең тиімді жолы – саяжайларды қосу деген ұйғарымға келді», - дейді Глубокое аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Асылханұлы.

Оның айтуынша, қыста саяжайларда жолдың дұрыс күрелмегеніне байланысты жауапты мекемелерге бұндай олқылықтарға жол бермеу керектігі туралы хат жолданыпты.

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы