ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Шетелдегі қазақтарға бөлінетін 4% білім гранты тым аз - проректор

Қандас талапкерлерге арналған байқау жарияланды

көрнекі сурет

Білім және ғылым министрлігі берген ақпарат бойынша, елімізде бакалавриатқа қабылдау ережесі бойынша шетелдіктердің мемлекеттік грантты иелену құқығы жоқ. Алайда, Қазақстан азаматы болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ қандастарға бөлінген гранттар, жалпы гранттар санының 4%-ын құрайды. Бұл туралы Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Маргарита Имандосова ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

«Әлемде Қазақстан азаматы емес, бірақ ұлты қазақ 5 млн-ға жуық қандасымыз бар. Олардың қатарында, Отанына оралып, білім алып, оқып, жұмыс істеп, еліміздің экономикасы мен өнеркәсіптік дамуына үлесін қосқысы келетін жастар аз емес. ҚР Білім және ғылым министрлігі жыл сайын бакалавр бағдарламасына арналған 50 000-нан астам грант бөле отырып, мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламаларын жария түрде жүзеге асыруда. Бакалавриатқа қабылдау ережесі бойынша, шетелдіктердің мемлекеттік гранттарды беру бойынша байқауға қатысуға құқығы жоқ. Жалпы гранттар санының 4%-ы ғана Қазақстан азаматы болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ қандастарға бөлінген», - деді Маргарита Имандосова.

Ал Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев 4 пайыз көрсеткіш тым аз екенін айтты.

«Грант алу үшін біздің елден тыс жерде тұратын қандастар қазақстандық талапкерлермен бірдей ҰБТ тапсыруға тиіс. Мемлекет бөлген грантқа түсу үшін 4% квота ұлты қазақ адамдар үшін әрдайым қолжетімді бола бермейді. Себебі, көбі ҰБТ-дан өту кезінде кейбір пәндерді оқып-үйрену мүмкіндігінің жоқтығынан ЖОО-ға түсу үшін шекті балл жинай алмайды. Халықаралық білім беру корпорациясының бақылау кеңесі биыл Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың тегін білім алуы үшін 20 (ішкі) грант бөлді. Яғни «Отанға барар жол» байқауының жеңімпаздары біздің оқу орнымызда халықаралық білім беру корпорациясының есебінен білім алғанын қалаймыз», - деді Қайыржан Меңдіғалиев.

«Отанға барар жол» байқауы бірнеше кезеңнен тұрады және онлайн форматта өтеді. Байқаудың негізгі кезеңінде қатысушылар Instagram желісінде «Қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалар» және «Неге мен Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді» деген тақырыптарда видео-эссе жариялап, ұсынады. Финалда қатысушылар онлайн-әңгімелесуден өтеді.

26 шілде күні байқау нәтижесі жарияланып, 20 ішкі грант бөлінеді. Грант иелену үшін байқау туралы толық ақпаратты Халықаралық білім беру корпорациясының ресми сайтынан білуге болады.