Қабанбай батыр даңғылы сегіз жолақты болып кеңейтіледі

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді

Қабанбай батыр даңғылы сегіз жолақты болып кеңейтіледі
Фото: tengrinews.kz

Елордадағы Қабанбай батыр даңғылы - халықаралық әуежайға, қалаға қатынап жұмыс істейтін 50 мыңға жуық халқы бар Қосшы елді мекендеріне апаратын басты жолдардың бірі. Қазір бұл даңғыл төрт жолақты, екі шеткі жолағы қоғамдық көлікке арналған. Сондықтан, бұл көшенің бойынша үнемі көлік кептелісі болады.

«Қабанбай батыр даңғылына түсетін салмақ көп. Қала маңындағы Қосшы елді мекенінде елу мыңға тарта адам тұрады. Бұл даңғылды сегіз жолаққа дейін кеңейтеміз. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қабанбай батыр даңғылы мен Тұран даңғылының қиылысында қосымша жол айрығы салынады», - деді Нұр-Сұлтан әкімі.

Оның айтуынша, Қабанбай батыр даңғылын сегіз жолақты етіп кеңейтуге жеткілікті жер бар. Ал, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталады.

«Жол салынған кезде қиындық болатыны рас. Бірақ, жол салынып біткен соң, тынысымыз кеңейеді», - дейді А.Көлгінов.

Жалпы, Алтай Көлгінов 2020 жылы қалада 90 шақырым жол салынып, жөнделетінін айтты. Сондай-ақ Есіл өзені мен Нұра-Есіл арнасы арқылы өтетін Ұлы Дала көшесіндегі көпірдің құрылысы да 2020 жылы аяқталады деп сендірді.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.