$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.12.2019, 17:21
Қоғам

Ақтөбе халық саны жағынан 4-ші орынға шықты

Ақтөбе тұрғындарының саны 497 мың 381 адам болған, яғни қарағандылықтардан 500 адамға артық болып отыр

Ақтөбе халық саны жағынан 4-ші орынға шықты

Ақтөбе қаласы халқының саны бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкенттен кейін 4-орынға жеткен. Бұған дейін еліміз бойынша тұрғындары ең көп төрттікті Қарағанды түйіндеп келген еді. Соңғы көрсеткішке сәйкес, еліміздің батысындағы шаһар тұрғындарының саны 497 мың 381 адам болған. Бұл қарағандылықтардан 500 адамға артық. Республика бойынша агломерация қатарына ену үшін Ақтөбеде барлық алғышарттар бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасай отырып.

Ақтөбенің облыстық перинаталдық орталығында күніне шамамен, 20 нәресте дүниеге келеді. Акушер мамандар соңғы уақытта аналардың 1-2 бөбекпен шектеліп қалмай, одан да көп құрсақ көтеруге тырысатынын айтады. 

 «Бала туу көрсеткіші көбейіп келеді. Әсіресе, жастардың арасында 4-6 сәбиге дейін дүниеге әкелетіндері аз емес. Мұны әлеуметтік жағдаймен байланыстыруға болатын шығар. Балаларға берілетін жәрдемақы да көбейді. Осы факторлар демографиялық өсімге жағдай жасап отыр», - деді облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі Зейнегүл Наурызбаева. 

«2019 жылдың 9 айында 9184 бала туылса, 2018 жылдың 9 айында 8321 бала дүниеге келді. Ал өсім 863 балаға көп. Көшіп келушілердің саны көшіп кеткендердің санының 2200-ге аз», - дейді облыстық Статистика департаментінің жетекші маманы Ұлболсын Матаева. 

Демографиялық өсім қарқынын есепке алған мамандар алдағы жылы ақтөбеліктердің саны 500 мыңнан асады деп болжап отыр. Бұл баспана мен жұмыс орнына сұраныс артады деген сөз. Қазіргі күннің өзінде шаһарда жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны 2 мыңға жуық. Жергілікті билік олардың тек 178-і ғана қол қусырып отырғанын айтады. Қалғандарына маусымдық шараларда нәпақа табуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта өңірде құны 140 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Олар іске қосылғанда, тұрақты табыс көзі артады. 

«Жоспар бойынша 11 мың жаңа жұмыс орнын құру керек болатын. Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 10 900 жаңа жұмыс орны құрылып тұр  Бізде 16 000 адамды жұмысқа орналастыру кешенді жоспарға сәйкес бекітілген болса, бүгінгі күнде 14 588 адам жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайыздан асады», - деп атап өтті қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Алтынай Маханова. 

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін облысқа 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Алдағы жылы бюджет есебінен тағы 10 көпқабатты баспана қолданысқа берілуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары