Әр балаға 42 500 теңге жәрдемақы: Еңбек министрі депутаттың ұсынысына жауап берді
Министрлікке тиесілі қаражаттың 96 пайызы жәрдемақы, зейнетақы сияқты төлемдерге жұмсалады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов онлайн форматта өткен есептік кездесуінде депутаттардың әр балаға 42 500 теңгеден төлеу туралы бастамасына қатысты жауап берді.
«Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 6 миллионнан аса бала бар. 42 мыңнан деп есептегенде оның қаражаты өте қомақты болады. Министрліктің қазіргі бюджеті 4 триллионға жақын, оның көп бөлігі ана мен балаға жұмсалады. Республикалық бюджет 14 триллион теңге, яғни үштен бірі біздің министрлікте. Оның 96 пайызы жәрдемақы, зейнетақы сияқты төлемдерге жұмсалады. Ал, ана мен балаға 700 миллиардтан аса қаражат бөлініп отыр. Сол үшін оның барлығын жіті зерттеп шығу керек», - деді министр.
Еске салайық, 26 мамырда Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова Қазақстанда 18 жасқа дейінгі әр балаға орташа жалақы мөлшерінде жалпыға бірдей жәрдемақы енгізуді ұсынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елдегі жәрдемақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізу қарастырылып жатқанын айтты.
Одан бөлек, министр зейнет жасын төмендету мүмкіндігіне пікір білдіріп, бұл мәселенің не үшін қарастырылмай отырғанын түсіндірді.
«Зенетке шығу жасын төмендету мәселесіне тоқталсақ, адамдар тиісті жинақты қалыптастыра алмауы мүмкін және зейнетақы өте аз болады. Сондықтан бұл мәселе қарастырылмады. Бізде зейнетақы аннуитеті де ескерілген. Ер адамдар зейнетақы жинағының шекті деңгейін 55 жасқа дейін жинақтаса, өздері үшін зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады», - деді министр.