$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.06.2021, 15:37
Қоғам

Үш қыздың өлімін байланыстыруға болмайды – қоғам белсендісі Томирис, Сымбат және Әселдің қазасына қатысты ойын айтты

Ал, Мәскеу соты бүгін Томирис Байсафаның ісіне қатысты үкім шығарды

Үш қыздың өлімін байланыстыруға болмайды – қоғам белсендісі Томирис, Сымбат және Әселдің қазасына қатысты ойын айтты

7 маусымда Мәскеуде алқа билер соты Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының студенті - қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне қатысты алдын ала үкім шығарып, басты күдікті – Дағыстан экс-премьерінің ұлы Муртузали Меджидовты толықтай ақтаған болатын. Бүгін судья да Меджидовтың «судан ақ, сүттен таза» екенін растайтын үкім шығарды.

Томиристің қазасы Қазақстан қоғамында бір резонанс тудырса, бүгін оқылған үкім тағы да қызу талқыға түсті. Белсенділер соңғы бірер жылда үш бірдей қазақ қызының дәл осылай жұмбақ жағдайда биіктен құлап қайтыс болғаны кездейсоқ емес дейді.

Үш қыз деп отырғанымыз, былтыр желтоқсанда Нұр-Сұлтанда көз жұмған Сымбат Құлжағарова мен биыл 5 мамырда Тбилисиде (Грузия) қайтыс болған Әсел Айтпаева. Екеуі де көпқабатты үйдің терезесінен құлаған.

Бүгін Мәскеуде Муртузали Меджидовке үкім оқылғаннан кейін әлеуметтік желілерде «өлімнің себебін арыдан іздеу керек, мұның тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп болды» деген сарындағы пікірлер айтыла бастады. Яғни, проблеманың түп-төркінін патриархалды қоғамнан, сексизмнен іздеп жатқандар бар.

Azattyq Rýhy тілшісі осы ретте Қазақстан әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Азиза Шөжеевамен тілдесті. Азиза Тимурқызы – еліміздегі әйелдер және балалар мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсенділерінің бірі.


Азиза Шөжеева

«Иә, расымен де, оқыған, білімді, әдемі қыздарымыз еді. Олардың қазасы – әр қазақ үшін орны толмас қайғы. Отбасыларына қаншалықты ауыр екенін айтып жеткізу қиын болар.

Алайда, бұл үш жағдайды біріктіріп, қарапайым азаматтардың эмоциясына әсер етіп жатқан кейбір белсенділерге айтарым бар. Бұл үш жағдай бір-бірімен байланысты емес.

Сымбат Құлжағарова расымен де тұрмыстық зорлық-зомбылық көрді. Тіпті, оны ұрып-соғудан сақтау үшін күйеуіне Сымбатқа жақындауға тыйым салған соттың шешімі де бар.

Ал, Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаева мен Мәскеуде көз жұмған Томиристің тұрмыстық зомбылыққа қаншалықты қатысы бар? «Қазақ қоғамында әйелдерге дұрыс қарым-қатынас жоқ» деп жатыр. Бірақ, бұл мәселеге қыздардың өлімін араластыру қаншалықты әділ?

Меніңше, тұрмыстық зомбылық пен Қазақстандағы нәзік жандыларға деген қатынастың соңғы аталған екі оқиғаға қатысы жоқ. Әрине, біздің елде тұрмыстық зомбылық, ұрып-соғу, гендерлік теңсіздік мәселелері бар. Алайда, әйелдерге күн көрсетпей жатыр деуден де аулақпын. Мәселен, қазір ғана «Самұрық Қазынада» бір жиыннан шықтым. Қазақстандағы әйелдердің IT саласында өзін дамыту тақырыбын қозғадық. Біздің елде қыздардың дамуына, кәсібін бастауына, білім алуына, зорлық көрген жағдайда оны айтып, шағымдануына мүмкіндік бар. Тағы бір мысал, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жастардың 54 пайызы қыздар екен. Сол себепті, бұл қайғылы оқиғалардан дұрыс сабақ алған жөн.

Әрине, соттың үкімі бізді қатты қынжылтады. Істің басы-қасында болып, өз көзімізбен көрмегеннен кейін бір пікір айту да қиын. Алайда, істің әділ шешілгенін қалап едік.

Жалпы, Грузия мен Мәскеуде болған жағдайдан кейін біз – қазақстандықтар, елшіліктерден біздің студенттеріміз және қыздарымыз үшін қолдау көрсетуді, істің әділ өтуін қадағалауға қандай да болсын үлес қосуды сұраймыз», - дейді Азиза Тимурқызы.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісіне еліміздегі гендерлік саясат және Қазақстандағы әйелдердің орны жайында сұхбат берді. Альянс өкілі Отбасы істері жөніндегі ведомство құруды ұсынды.

Azattyq Rýhy тілшісіне бұған дейін берген сұхбатында Томирис Байсафаның анасы Жанна Ахметова соттың әділ шешіміне күмәнданатынын айтқан. Ол қылмыстық іс «Өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу» бабынан «Адам өлтіру» бабына ауыстырылғанымен, соттың әділдігіне кері әсер ететін «ақша» факторының барын айтқан еді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары