$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.06.2021, 15:50
Қоғам

«Орыс тіліне «шет тілі» мәртебесін беру керек»: қазақстандық жастардың қазақ тілін білу деңгейі жөнінде

6 маусым - Халықаралық орыс тілі күні

«Орыс тіліне «шет тілі» мәртебесін беру керек»: қазақстандық жастардың қазақ тілін білу деңгейі жөнінде
Коллаж

2010 жылы БҰҰ шешімімен, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туған күніне тұспа-тұс «орыс тілі күні» мерекесі ресми түрде бекітілді. Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі орыс тілінің Қазақстанда алатын орны және маңызы жөнінде қоғам белсенділерімен сұхбат құрды.

Ресми деректерге сүйенсек... 1995 жылғы ҚР Конституциясы 7-бабының 2-бөлігінде «орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми қолданылады» делінген. 1997 жылғы 11 шілдеде «Тіл туралы» заң қабылданды. Қазақ тілі «мемлекеттік», ал орыс тілі «ресми» болып бекітілді.

2009 жылғы халық санағының деректері бойынша, қазақстандықтардың 84,8%-ы орыс тілінде, ал 62% қазақ тілінде жаза алады. Еркін сөйлеу көрсеткішінде орыс тілінің үлесі - 94,4%, ал қазақ тілі - 74%-ды ғана құраған.

Осыдан бірнеше апта бұрын Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ТМД елдерінде орыс тілін үйретуді қазіргіден де күшейтуді тапсырды.

«ТМД елдерінен студенттерді ресейлік жоғары оқу орындарына қабылдау серіктестермен бірлескен жұмыс өте маңызды. Осыған байланысты біз осы елдердегі орыс тілін дамытуға, орыс тілін үйренуге қолдау көрсетуге тиісті назар аударуымыз керек. Себебі бүгін жасалып жатқан іс жеткіліксіз», - деді РФ басшысы.

«ҚАЗАҚСТАНДА ОРЫС ТІЛІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН ДҰРЫС»

Қазақстанның орыс, казак және славян ұйымдарының үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Михаил Киндалев РФ басшысы пікірімен келісетінін айтты.

«Ұлы ақын Пушкиннің туған күнінде ұлы орыс тілінің құрметіне мереке тойлау – ғажап құбылыс. БҰҰ-да ресми 6 тіл бар: ағылшын, араб, испан, қытай, француз және орыс тілі. Яғни, олардың арнайы статусы бар. Бүкіл әлемде 300 млн адам орыс тілін меңгерген; 160 млн адам оны «туған тілім» деп санайды. Біздің еліміздің территориясында 130 ұлт пен ұлыс бар. Әрине, әр ұлттың өз тілі, дәстүрі және діні бар. Бірақ, орыс тілі - ұлттар арасындағы қатынас тілі. Сол үшін орыс тіліне мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлген дұрыс. Достық қарым-қатынас жасауда орыс тілінің орны зор», - дейді Михаил Федорович.

«ОРЫС ТІЛІ ЕРЕКШЕ ЕМЕС, ТЕК ШЕТ ТІЛІ БОЛУҒА ТИІС»

Ал ақын, әдебиетші Ықылас Ожайұлы қазір елімізде орыс тілінің пәрмені қазақ тілінен де асып кеткенін айтты.

«Біз ұлттық мемлекетпіз бе, әлде федерациялық па? Егер кешегі Алаш арыстары армандаған «әрбір істе қазақ иісі аңқыған» деген ұлттық мемлекет болсақ, онда қазір орыс тілінің пәрмені өте жоғары, ал қазақ тілінің пәрмені төмен деңгейде деп айтуға болады. Жалпы, біз бір нәрседе қателесетін секілдіміз, ол тілге коммуникация құралы деп қарау көзқарасы. Тіл ешқандай коммуникация емес. Ол – болмыс, тағдыр. Тілге деген құрмет – өзіңнің ішкі «меніңе», эгоңа, антологиялық, биологиялық болмысыңа деген құрмет. Егер тіл білу төмендесе, тұтас болмыс төмендейді», – дейді Ықылас Ожайұлы.

Спикер қазақ тілінің әлсіздігінен ұлтымыздың рухани болмысы әлсіреп бара жатқанын айтты.

«Күйшінің, әншінің, этнографтың – қазақ тілді кез келген сала маманының ахуалы әлсіз. Өкінішке қарай, тілмен бірге тұтас ұлт жұпыны халге түсіп тұр. Француз философы Эмиль Шарон: «Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел дегеніміз бар болғаны тілдің өзі ғана» дейді. Біз өзі елміз бе? Ел болатын болсақ, мына жағдай болмайды.

Менің түсінігімде, орыс тілі Қазақстанда бейне бір бізге қосамжар жаратылған, сөйлемесек болмайтын тіл. Ал дұрысында, мемлекеттік туын тіктеген Қазақстан үшін орыс тілі тек шет тілі болуы керек. Ағылшын тілі сияқты тек шет тілі деңгейінде оқытылуы керек. Пән ретінде оқытудың қажеті жоқ. Өйткені, ол біздің тіліміз емес. Жалпы, біздің ұлттық мемлекетті армандайтын болсақ, орыстан кіндігімізді үзу мәселесін көтеру керек. Бізді ел қылмай тұрған нәрсе – орыспен тілдік, ақпараттық, экономикалық байланыс – эмпатиялық күш. Жалпы, тәуелсіздік дегеніміздің өзі орысқа ғана қатысты дүние. Сондықтан, әуелі осы мәселенің басын ашу керек», - дейді ақын.

«БАЛАМНЫҢ ОРЫСША МАҚАМДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕНІ – ҚАСІРЕТ»

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жуырда балабақшадан ағылшын тілінің алынып тасталғанын хабарлады. Ал Тіл комитеті басшысы енді ағылшын тілі бастауыштан да алынатынын айтты. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген әдебиетші, ақын, журналист Ықылас Ожайұлы орыс тіліне де осындай шектеу енгізсілсе, балалардың тілі шұбарланбас еді деп есептейді.

«Неге балалар көбінесе орысша сөйлейді? Себебі, біздің қалада қазақша атмосфера жоқ. Мысалы, менің 5 жасар қызымның сөзі қазақ, алайда, мақамы орысша. Мен тұратын қазақтың Байтұрсыновының атындағы көшеде ойнап жүрген балалардан бір ауыз қазақша сөз шықпайды. Ата-ана ретінде бұл - қасірет. Балам екі тілді деп мақтана алмаймын. Мен үшін бұл трагедия.

Мысалы, прозада «бүгін жабағы бұлт жөңкіп, солтүстік жел тұрып тұрды» деп жазамыз. Кенет, келе жатқан екі жолаушының көлігі бұзылды делік. Енді осы жерден бастап қазақ тілі жоқ. Қарапайым ғана мысал. Машинаның бір бөлшегі жоғалса, интернеттен бірде-бір ақпарат таба алмайсыз. Қазақ тілі биологиялық тұрғыда екі жақтың ортасында қалып отыр. Енді осы кімнің кінәсі? Баланы кінәламаймыз ғой?

«Маша и медведь» мульсериалын алайық. Маша деген персонаж – олардың ұлттық идеологиясы. Маша сияқты қазақтың қызы, ұлы, атасы, әжесі – барлық персонаж біздің де ертегілерде толып жатыр ғой. Экранның бәрін қазақшаландырып тастауға кім кедергі? Хәрри Поттердің өзін 30 жыл өткен соң енді аударып жатырмыз. Балалар классикасы енді қазақшаланып жатыр. Ресурс болмаған соң, балаға не айта аламыз?» - дейді Ықылас Ожайұлы.

ТІЛ ЗАҢЫНА ҚАРАТЫЛҒАН СЫН

Спикер тілге қатысты проблеманың 99,9 пайызы тікелей биліктің жүргізіп отырған саясатымен байланысты екенін айтты.

«Баланың тілі шықпады деп ата-ананы кінәлаудың түкке керегі жоқ. «30 жыл болды, аюға да намаз үйрететін кезең өтті» деп алдарқататын сөздерді айтудың да қажеті жоқ. Заң болу керек, заңның орындалатын пәрмені болу қажет. Қазақша контент жасайтын мықты экранизация болу керек. Оны бір алынбайтын қамал қылудың қажеті жоқ. Әлемде тіл мәселесі осылай шешілген.  

Уызына жарыған қозының жүні бұп-бұйра, әдемі болып тұрады, ал уызына жарымаған қозының жүні сең-сең тартып қалады. Сол секілді бала қалыптасқанға дейінгі аралықта басқа тілді араластырудың қажеті жоқ. Монотілді саясатты баланың белгілі бір жасына дейін ұстану керек. Мәселен, Жапонияда 5-сыныпқа дейін жапон мәдениеті, музыкасы, эстетикасын үйретіледі. Содан кейін ғана басқа тілдерді үйретеді», - дейді әдебиетші.

«ОРЫС СЫНЫБЫНДА ОҚЫҒАН ҚАЗАҚ БАЛА ДҮБАРА СЕКІЛДІ»

15 жыл бойы мектепте директорлық қызмет атқарып келе жатқан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, елордадағы № 88 мектеп-лицейінің директоры Жанат Айтова қазақ тілінің балалар арасында назардан тыс қалып жатқаны жөнінде айтты.

«Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, жастар әлі орысшаға бейім. Орыс тілінің орны қазір қазақ тілінен басым болып кетті.

Біздің мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары көтеру үшін Тіл туралы заңдағы «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл» деген статусты өзгерту керек. Қазіргі заң бойынша, екі тіл тепе-тең тұр.

Аралас мектепте қызмет атқарып жатырмын. Көзбен көріп жүргенім: орыс сыныбында отырған 25 баланың 20-сы қазақ. Біле білген адамға бұл дегеніміз - өз ұлтыңа балта шабу. Әр азамат «тілім, дінім» деп жүрегі соқпаса, бұл – тілдің жоғалып кету қаупінің көрсеткіші», - дейді ұстаз.

Жанат Тұрысбекқызы да өзге спикерлеріміз сияқты орыс тілі мен ұлтына жеккөрініштің жоқтығын, орыс достарының көптігін атап өтті. Алайда, ұстаз халықтың үнін есту үшін басшылықтан бастап, биліктегі әр адам қазақ тілінде сөйлеуге тиіс деп санайды. Ал орыс тіліне «шет тілі» мәртебесін беруді қолдайды.

«Басшылар арасында жоғары жақта тілді білмейтін азаматтар отыр. Олар халықтың үнін естімейді. Ұстаздық тәжірибемнен анық түсінгенім, орыс тілінде білім алған қазақ бала не орыстың дәстүрін ұстанбайды, не қазақтың менталитетін қолдамайды – екі ортада қалған дүбара сияқты. Міне, осы қауіп төндіреді. Олар еліктеуіш, жағымпаз болады. Орыс тілін ана тілінен жоғары ұстап тұру арқылы өзін кемсітіп тұрғанын бала білмей қалады. Біздің жас кезімізде қоғамдық орында, автобуста «орыс тілін білмесең, сөйлеме» деп қағып тастайтын. Қазір қоғамдық орында солай айтып көрші. «Какое твое дело?» деп шығады.

Мен орыс тіліне қарсы емеспін. Сыйласатын орыс достарым да көп. Бірақ, кешіріңіз, біз қазақ болып туғаннан кейін, маңдайымызға осындай жер бергеннен кейін, ел болып қалыптасамыз десек, тілді дұрыстауымыз керек. Балаға қазақ тілін білмесе, тәртіп пен тәрбие бере алмайсың. Беттен алып, төстен шабатын ұл-қыздарымыздың көбеюі содан. Тіл – тұтас менталитетке әсер ететін фактор. Енеге шапшып сөйлейтін келіннің, қыз мінезді ұлдардың, керісінше, нәзіктігін жоғалтқан қыздардың көбеюі – тәрбиенің жоқтығынан. Ал ұлттық тәрбиені түсіндіретін – тіл. Қытай халқының өзі «ұят болады» деген біздің тәрбие беру принципімізге қызығады. Оны таныстарымнан білемін», - дейді Жанат Тұрысбекқызы.

Айта кетерлігі, 2001 жылдан бері елімізде құжаттарды мемлекеттік тілге аудару процесі жүрді. Алайда, санаулы өңірлерде ғана құжат қазақ тілінде толтырылады. Оның өзі тек 50 пайыз көрсеткіште.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары