ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

«Әкімдер білмеген сыңай танытады»: Алматы облысында өркениеттен мүлдем шет қалған ауыл бар

Мұнда не жол, не жарық, не таза ауыз су да жоқ

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматы облысында бүтін бір ауыл өркениеттен шет қалған. Тіпті, ауылдың адамдары қарапайым тіркеуге де тұра алмай келеді. Мұндағы жүздеген үйдің құжаты кеңес одағы ыдырағанда жоғалып кеткен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Малайсары ауылында сапалы су, жарық тұрмақ, қоғаммен байланыстыратын жол да жоқ. Халықтың қордаланған проблемасын шешуге уәде берген ауданның бес әкімі де түк бітірместен ауысып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мазасыз күй кешіп жатқан Малайсары ауылы Кербұлақ ауданына қарайды. Алматы-Талдықорған күре жолынан небәрі 7 км жерде орналасқан. Шығысқа жүйіткитін поездар да осы ауыл арқылы өтеді. Елдімекеннің қасында бүкіл Қазақстан бойынша қиыршық тас, плита шығаратын алып зауыт бар. Халықтың көбі осында жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Жолға қажетті материал шығаратын алып зауыт Малайсарының іргесінде тұрса да, ауылдың халқы қырық жылдан бері жолға жарымай келеді.

Құжат бойынша жол жөнделген, іс жүзінде қирап жатыр

«Ауылда 800-дей тұрғын бар. Жолдың мәселесі ұзақ жылдан бері шешілмей келеді. Жаман жолдың кесірінен көлік бұзылып жатқанын, дөңгелектерінің ұшып жатқанын көресің. Бәрі уәде береді қатырамыз деп, сөйтіп жүргенде ауданның бес әкімі ауысып кетті, ешбірі түк бітірмеді. Алматыдан, басқа жақтан шыққан жолаушыларды такси жолда тастап кетеді, жолдарың жаман деп кірмейді. Қыста да, қараңғыда да, шыжыған ыстықта да көліктер тастап кетеді айдалаға, үстіне ақша қосайық десең де көнбейді. Жетісулық БАҚ-тарға әкімдік Малайсары жолдары жөнделді дегенді былтыр жариялатты. Құжат жүзінде жасалып тұр, іс жүзінде түкте жоқ. Ауылдың кірме жолы қазір елдің кірмейтін, келмейтін жолына айналды », - дейді Малайсары ауылының тұрғыны Марат Ысқақов.

Тұрғындардың сөзінше, аудандағылар облысқа өтірік ақпарат беріп, халықты алдаған. Ауылдың ішкі көшелері де, сыртпен байланыстыратын 7 км негізгі жол да сол қалпы жөндеусіз қалып қойған. Ақ шаң басып жатқан ауылдағы жалғыз көшеге жарық тартылмаған.

Малайсарыда балабақша да, балалар ойнайтын алаң да, үлкендер тыныстайтын орын да, орындық та жоқ. Оқушылар қараусыз қалған ескі моншаға келіп ойнайды.  

«Тағы бір өзекті проблема – ауыл ішіндегі шағын қоқыс палигоны. Қырық жылдан бері шешілмей келе жатыр. Не қоршалмайды, не жабылмайды. Төңіректің бәрі үйлер, мектеп те тиіп тұр. Жел соққанда сасық ауа мен қоқыс ұшып мектепке келеді. Бұны реттеу әкімдіктің жұмысы, қайда қарап отыр бастықтар? Ескі монша қирап жатыр, оқушылардың ойнайтын жеріне айналды. Балаларды қуып, айғайлап отырамыз. Құлап кетсе, жазым болса кім жауап береді? «Елу жылда ең жаңа» деген, қырық жыл болды кері кетіп бара жатқанымызға, аралда қамалып қалған аң сияқтымыз», - деді ауыл мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Күнсұлу Жұмабекқызы.

Облыс басшылары проблеманы біледі, бірақ білмегендей күй танытады...

Тұрғындардың тағы бір түйткілді мәселесі – көп қабатты үйлер. Ауылда көпқабатты төрт үй болса, арқайсысында 64 пәтер бар. Бірақ ешбірінде құжат жоқ. Тұрғындар аудан басшылары құжат болмағандықтан ескірген үйлерге мемлекет тарапынан жөндеу жүргізілмейтінін сылтауратып құтылады екен. Аудан әкімдігі ғимараттарды сот арқылы құжаттандыруға құқылы болса да, жүгіріп жұмыс істеуге құлықсыз.

«Мына үйлердің құжаты жоқ. Әкімдер ауысып жатыр, бірақ мәселе шешілмейді. Бір балам Қоғалыда, бір балам Башиде, бір балам Сарыбұлақта, бір ұлым Саменде тіркелген. Осылай бәріміз жан-жақта шалылып жүрміз. Неге біз таныс-тамыр іздеп басқа жаққа тіркеліп, осылай қаңғып жүруіміз керек? Осыны қазіргі әкімге айтсақ, олар алдыңғы әкімдер неге шешпеген деп өзімізден сұрайды. Біз коммуналдық қызмет ақысы су, жарық, мүлікке ақша төлеп жатырмыз. Құжаты жоқ үй үшін кімге, не үшін ақша төлеп келеміз? Ешқандай көмек жоқ. Терезеден түтік шығарып, қыста пеш жағамыз. Облыстағылар білмеген, көрмегендей сыңай танытып, проблемаларды шешкісі кемейді», - деп ашынды Раушан Сейдіғалиева.

Ауылдағы медициналық пункт те тозып кеткен. Құрал-сайман тұрмақ, алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрілер де жоқ.

«Жағдайымыз өте мүшкіл. Ауылдың тоз-тозы шықты. Мына медпунктте ешқандай жағдай жасалмаған. Қыста суық, өзіңмен бірге көрпе-жастығымызды көтеріп келеміз. Аяқасты ауырып қалсаң, бала-шаға жарақаттанса алғашқы көмекті де көрсете алмайды. Мен бұл ауылға 1984 жылы келгенде мына медпункт ғимараты ескі болған, содан әлі өзгерген жоқ. Басқасын айтпағанда, бөлмелерде электр шамы да жоқ. Фельдшер деген аты ғана, қолында түгі жоқ. Жедел жәрдем көлігі де жоқ. Бір жағдай болса 45 шақырымдағы ауылдық округке немесе ауданға баратын көлік іздейміз. Ұмыт қалған халықпыз. Жиналып, айғайлап облыс әкімі Баталовтың алдына бару ғана қалды», - дейді Малайсары ауылының тұрғыны Гүлайым Өмірбекова.

Ауданда тозығы жеткен ауылдар көп...

Аудан әкімінің сөзінше, Кербұлаққа 63 елді мекен қарайды. Жоғарыдағы проблемалар әрбір ауылда кездеседі. Аудандағы 12 ауылға жаңа модульді медпункт керек. Жарықтандыру бойынша 4 ауыл ғана қалған. Өңірдегі әлеуметтік, коммуанлдық мәселелерді шешу үшін 40 жоба жасалыпты. Сол жобалардың негізінде таудың бөктерінде орналасқан біраз ауылдың проблемасы шешілуі тиіс.  

«Сіздің айтып тұрғаныңыз кезінде Малайсарыдағы зауытқа қараған үйлер. Қиын кезде зауыт басшылары тастап кеткен. Кейін жағдай түзелгенде халық қайта қоныстанды. Үйлерді, мүліктерді заңдастыру кезінде де құжаттарын жасамаған. Ол туралы мен білем. Оның шешу жолдарын айта алмаймын. Пәтерлердің иелері де белгісіз. Архивтен табылып қала ма, белгісіз. Малайсары ауылындағы кірме жол облысқа қарайды. Былтыр облыста жаппай асфальт төселгенде бұл ауыл қалып қалған екен. Жолды толығымен жөндейміз. Сметалық құжатқа 5 млн теңге бөлінді. Сосын сараптамадан өткен соң қанша ақша қажет екенін анықтаймыз. Біз ұсыныс жасадық. Асфальт келесі жылы төселеді», - деді Алматы облысы Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев.

Әкім осылай уәде берді. Уәдесінде тұрса келесі жылдан бастап Малайсарыға көліктер қиындықсыз қатынай бастайды. Уәдесінде тұрмай басқа қызметке ауысып кетсе, ауыл халқы проблемасымен тағы бетпе-бет қалады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы