МӘМС жүйесі енгізілгенмен, 25 түрлі ауруды емдеу қызметі тегін болады
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың қаңтарында іске қосылғанмен, халық 1 сәуірге дейін «шартты түрде сақтандырылған» азамат болып саналады
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге арналған баспасөз мәслихатында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін де тегін күйінде қала беретін қызмет түрлері жайында айтты.
«Жаңа жылдан бастап біз медициналық көмек көрсетудің жаңа жүйесін енгіземіз, ол жүйеде мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмектер қала береді. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сұранысқа ие қызметтердің көлемі артады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін бір адамға кететін шығын 57 пайызға артып, 88 мың теңгеден асады», - дейді Денсаулық сақтау министрі.
МӘМС енгеннен кейін, Қазақстанда жедел жәрдем қызметі, санитарлы авиация, жедел стационар мен паллиативті көмек, онкологиялық аурулар мен туберкулез сияқты негізгі 25 ауру түрлерін емдеу қызметі тегін күйінде қала береді.
Елжан Біртанов түсіндіргендей, жүйе 2020 жылдың қаңтарында іске қосылғанмен, халық 1 сәуірге дейін «шартты түрде сақтандырылған» азаматтар болып саналады.
«Айта кетейін, 1 сәуірге дейін ел тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және кедергісіз ем қабылдай алады. Сондықтан, осы аралықты тиімді пайдаланып, азаматтарға 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін сақтандыру төлемін жасап, жүйедегі мәртебесін реттеп алуға кеңес беремін», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан