Алматы облысында бір мектептің ұжымы түгел вакцина алудан бас тартты, ал ауыл халқы қол жеткізе алмай отыр
Елдімекенде екпе егетін орын жоқ
Алматы облысында ауыл мектебінің ұжымы вакцина салдыруға түгел қарсы шықты. Олар Covid-19 вирусына қарсы егілетін екпенің кез келген түрін мойындамай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кербұлақ ауданына қарасты Малайсары ауылдық мектебінің басшысы ел көлемінде жүріп жатқан екпеден не үшін тыс қалғандарын түсіндірді. Мектептің бас ұстазы ауылда ғана емес, қауіпті індетті жұқтыру оқиғасы білім орталығында да тіркелгенін айтты. Бірақ соған қарамастан, ұжым ел көлемінде жаппай жүріп жатқан екпені өздеріне жолатар емес.
«Бізге ауданнан келіп, вакцина салдырыңдар деп мәжүбірледі. Бірақ біз ұжым болып қарсы шығып, салдыртпадық. Мектеп бойынша ешқайсымыз салдырмай қойдық. Мектептегі бір қызметкерден коронавирус анықталды. Ол қазір бала күтіміне байланысты еңбек демалысына кетті. Ол адамдардың отбасы да орташа, денсаулықтары да нашар еді. Ол қызметкер оқшауланбай, өтірік айтып, мектепке келіп жұмыс істеді. Сонда да ешқандай екпе салдырмадық. Біз ұжым болып вакцинаны салдырмаймыз деп шештік», - деді Кербұлақ ауданы Малайсары ауылдық мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Күнсұлу Жұмабекқызы.
Күнсұлу Жұмабекқызы
105 оқушы оқитын шағын мектепте 33 қызметкер жұмыс істейді.Педагогтердің көбі әйелдер. Араларындағы бірен-саран ер азаматтар да екпенің коронавируске қарсы иммунитетті қалыптастырады дегенге сенбейді.
«Бұл вакцина қандай әсер беретінін білмегендіктен салдыртқым келмейді. Қазір әлем жаңалықтарынан түрлі адамдарға кері әсерін бергенін естіп жатырмыз. Өз басыма эксперимет жасауға қарсымын»,- деді өзін Темірлан Наурызбаев деп таныстырған қызметкер.
Әріптесін Әсия Егзекова, Қуаныш Нүсіпова сынды мұғалімдер де жақтап шықты. Алматы облыстық Білім басқармасының ақпаратынша, өңірде 760 мектеп бар. Онда 42 529 мұғалім жұмыс істейді. Бүгінгі таңға дейін өңірдегі ұстаздардың ішінде 30 мың 582 педагог вирусқа қарсы екпе салдырған.
Ауыл тұрғындарының арасында да вакцина алғандары сирек. Бір қызығы, бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлер жаппай вакцинациялауға қарсы болғанмен, ауылдың өзге тұрғындары екпені салдыра алмай жүргендерін айтты. Халықтың екпе алатын жері жоқ. Кеңес дәуірінен қалған ескі амбулатория санитарлық талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. Ауылда 800-ге жуық адам тұрады. Медициналық көмек алуы тиіс орын ескі, қараңғы, құлайын деп тұр. Ол амбулаторияға кіруге қорқамыз дейді тұрғындар.
«Мына жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Қыста суық, өзіңмен бірге көрпе-жастығымызды көтеріп келеміз. Аяқ асты ауырып қалсаң, бала-шаға жарақаттанса алғашқы көмекті де көрсете алмайды. Мен бұл ауылға 1984 жылы келгенде мына медпункт ескі болған, содан әлі өзгерген жоқ. Басқасын айтпағанда, бөлмелерде электр шамы да жоқ. Фельдшер деген аты ғана, қолында түгі жоқ. Жедел жәрдем көлігі де жоқ. Бір жағдай болса 45 шақырымдағы ауылдық округке немесе ауданға баратын көлік іздейміз. Ал барғанмен ондағылар Талдықорғанға сілтейді. Ковидке қарсы екпені алу үшін 20 км жердегі Жоламан ауылына бару қажет. «Елу жылда - ел жаңа» деуші еді, бізде бәрі керісінше », - деді Малайсары ауылының тұрғыны Гүлайым Өмірбекова.
Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі ауылдық жерлердегі медициналық орталықтардың қашан жаңаратынын айтқан еді. Оның сөзінше, облыс аумағындағы 86 ауылдың медициналық тірегін жаңалау керек. Заманауи амбулаториялық орындарға тұрғындар алдағы 4 жылдың ішінде ғана қол жеткізе алады.
«Біз бұл мәселені шешеміз деп өткен жылы желтоқсанда арнайы 1 миллиард теңге бөліп, жаңадан модульді медпунктер саламыз деп жоспарлап қойдық. Оның жобасын маған 3-4 рет ұсынды. Бәріміз бірігіп қарап, көңілімізден шықпай, қазір соңғы жасалған жобаны қабылдадық. 1 миллиард теңгеге биыл 20 амбулаторияны салып бітіреміз. Аймақта 742 елдімекен бар. Оның 648-де біздің бюджеттік медициналық мекемелер орналасқан. Басқа 111 мекеме жекеменшік. 86 ауылда медпукт жоқ. Оның 46-да халықтың саны өте аз, 50 адамға жетер жетпес. Сондықтан ол жерлерге салынбайды. 42 елдімекенге жаңа медициналық мекемелер салынады. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында осы мәселені шешу қарастырылған. Біз бұл жұмыстарды 2023 жылы бітіреміз», - деді Амандық Баталов.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы