ШұғылҚазақстанда пандемия басталғалы коронавируспен ауырғандар саны 865 мыңға жуықтады

Алакөлге «Boeing 737» ұшағы қонады – Амандық Баталов

Әуежайды жөндеуге 4,7 млрд теңге бөлінген

Алакөлге туристер келесі жылдан бастап «Boeing 737» ұшағы арқылы келе алады. 4 жыл бұрын қолданысқа берілген Үшарал қаласындағы әуежай толықтай күрделі жөндеуден қайта өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әуежайдың қайта жаңаруы туристер санының бірнеше есе артуына әсер етеді. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөлге туристерді тартудың жолдарын айтты. Оның сөзінше, алғашқы жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінген.

«Бұрын қорғаныс министрлігіне қарасты болған аэродромды әкімдіктің балансына алып, жергілікті  бюджеттің қаржысына қайта жөндеуден өткіздік. Ел бірнеше жыл ғана болған әуежайды неге қайта жөндеу керек деген сұрақты көп қояды? Демалыс маусымында Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларынан Алакөлге ұшақ тұрақты қатынайды. Алакөлге шетелден, әсіресе Ресейдің Томск, Новосибирск сынды қалаларынан өздерінің чартерлік рейстері арқылы келгісі келетін ұсыныстар көп түсті. Алып әуе кемесін қабылдауға  ұшып-қону жолағы жарамсыз. Сондықтан біз әуежайды толыққанды жөндеуден өткіземіз. Ұсынысты Үкімет қолдап 4,7 миллиард теңге бөлді. Әуежай келесі жылы қолданысқа берілгенде «Boeing 737» ұшағын қабылдай алады», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Әкімнің айтуынша ұшып-қону жолағынан бөлек, қабылдау-өткізу пункті, аэронавигацияны жаңалап,  өзге де қызмет көрсету орынарын жаңартуға тағы 2 миллиард теңгеден астам ақша қажет. Республикалық қазынадан бөлінетін 4,7 миллиард теңге биыл игерілуі тиіс. Жөндеу жұмыстары кезінде Алакөлге туристерді таситын ұшақтар асфальтқа емес, грунт төселген жолға қонып, ұшады.

Үшарал әуежайы 2017 жылы қолданысқа берілді. Үшарал қаласынан 12 шақырым, Алакөл жағалауынан 86 шақырым қашықтыққа орналасқан әуежайды ашуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Үшарал әуежайы ЯК-40, АН-24, Ембраер-124, Сиэрджи-200 және тікұшақтардың кез келген түрін қабылдай алады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы