$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2021, 17:46
Қоғам

Оқу жылы аяқталды: танымал педагогтер қашықтан оқытудың пайдасы мен зияны туралы пікір білдірді

Бүгін республика мектептерінде дәстүрге сай соңғы қоңырау шалынды

Оқу жылы аяқталды: танымал педагогтер қашықтан оқытудың пайдасы мен зияны туралы пікір білдірді
Коллаж

Пандемия білім жүйесіне тікелей әсер етті. Былтыр наурыз айында коронавирус індетінің таралуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, оқушылар мен студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Басында онлайн оқу тек бір тоқсанға созылуы мүмкін деп болжанды. Алайда, 2020-2021 жылғы оқу жылы кей мектептер үшін ішінара, кей мектептер үшін толық онлайн форматта өтті.

Бүгін республика мектептерінде дәстүрге сай соңғы қоңырау шалынды. Тағы бір оқу жылы артта қалды. Алайда, қашықтан оқытудың пайдасы мен зияны қандай? Онлай оқу білім сапасы мен бала тәрбиесін әлсіретіп жіберген жоқ па?

Жалпы, онлайн оқыту дегеніміз – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқыту әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар үрдіс. Қазақстан білім саласы оны коронавирус індеті дендегенде ғана амалсыз қолға алды. ЖОО-лар толықтай онлайн білім алу жүйесімен қамтылды. Ал, мектептер ішінара қашықтан оқу жүйесін таңдады. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге қатысты білім саласында түрлі қоғамдық пікірге белсенді араласатын, танымал педагогтардың ойын білді.

Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицей мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі ұстаз Өмірбек Шыныбекұлы айтып берді.

«Қашықтан оқуға амалсыздан өтуге тура келді. Ол үшін ата-ана да, мұғалім де билікті жазғырған жоқ. Жағдайға түсіністікпен қарап, тәртіпті сақтап келеді.

Технология қанша дамып кетсе де, бала мен мұғалім көзбе-көз отырып сабақ өтпей, оның мәнісі болмайды. Білім сапасы құлауын құлады. Ал ақпарат қауіпсіздігі, интернет қауіпсіздігі өз алдына бөлек әңгіме. Бүгін соңғы қоңыраудан соң «онлайн үздік оқушылар» деген марапаттау болды. Оқушы интернеттегі әртүрлі ақпарат көздерінен дұрыс жауабын жазып, салып жібере салады. Оны мұғалім қабылдайды. Бұл дұрыс емес. Бұрын баланың білімін саралап, салыстырып қарауға мүмкіндік болатын. Қазір үйінде өзімен өзі отырған, интернетке ғана сүйенген оқушыда қандай білім болады? Сондықтан, биыл «онлайн үздіктер» көбейген жыл болды», - дейді педагог.

Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, дәстүрлі форматқа қайта көшкенде бәрінің беті ашылады.

«Тіпті, осы күні мұғалімдер де бойкүйездікке үйренді. Онлайн форматқа үйренгені соншалық, мектепке келіп, 9 немесе 11 сыныптарға сабақ беріңіз десе, сылтау айтып, қашатын болды. Себебі, биылдан бастап бітіруші екі сынып оқушылары мектепке келіп білім алып жүр.

Бір мысал айтайын. Жаңа жылдан бастап біздің мектеп те өзгелер сияқты 9 және 11 сынып оқушыларын мектепте оқытып жатырмыз. Өзім сырқаттанып жаттым. Ал орныма шыққан мұғалім көп ұзамай маған хабарласып, жұмысқа шығуымды өтіне берді. Тіпті, менің денсаулығымның тезірек түзелуін құдайдан тілеп, тез сауығып шығуымды қалады. Сөйтсем ол онлайн сабаққа үйреніп қалыпты. Мектепке келгісі келмейді екен. Сонда мұғалімді де жалқаулық басқан болып тұр ғой» ,- дейді ұстаз.

Өмірбек Шыныбекұлы елде интернет жылдамдығы шапшаң деп есеп берілгенімен, шын мәнінде олай еместігін байқағанын айтты.

«Тіпті, қалалық жерлерде де оқушылардың барлығында бірдей онлайн оқуға қажетті жүктемелерді көтеретін құрылғылар жоқ болды. Ол - смартфон, планшет, компьютерлер. Ал мемлекет бюджетіне сатып алынған планшет, компьютерлердің сапасы сын көтермеді. Жемқорлық жайлады. Барлық облыстың білім басқармалары бұл жобаны дұрыс атқара алмады. Жалпы кез-келген мұғалім айтып береді, білімнен бөлек тәрбие ақсады. Білім бөлек, ал тәрбие басқа деп қарауға болмайды. Мектеп - білім мен тәрбиенің көзі еді. Оқушының үйінде не істеп отырғанын ата-анасы дұрыс бақылай алды ма? Бұл да үлкен мәселе. Баланың психикасында да өзгеріс болды. Мұның салдары біраз жылдан соң, қоғамның дамуы барысында шығатын болады», дейді Өмірбек Шыныбекұлы.

Алматы облысы Райымбек ауданында, соңғы жылдары Іле ауданында ұстаздық еткен Биғайша Медеуова керісінше қашықтан оқыту жүйесінің өте қолайлы екенін айтады.

«Тек ата-ананың бақылауы болса, үйде отырып-ақ мектепте берілетін білімді ала алады.

Негізі барлық бала бірдей емес. Онлайн оқу - баланың өздігінен жұмыс істеп үйренуіне, әсіресе шығармашылықпен айналысуына өте қолайлы. Биыл 4 немерем мектеп бітірді. Бәрі үздік оқып шықты. Олардың қасында бір жыл бойы мұғалім жүрген жоқ, өзімен өзі болуына, жауапкершілікті мойнына алуына қашықтан оқыту жүйесінің пайдасы болды деп ойлаймын. Өзім бақылаймын, таңғы сағат 8-ден бастап сабағында отырады. Қосымша телевизиялық тапсырмалар беріледі. Оны да қарауға тырыстық. Оқимын деген бала мен ата-ана үшін қиындығы жоқ жүйе. Оны жамандайтындар - оқуға құлықсыздар мен жаңашылдықты мойындағысы келмейтіндер ғана», - дейді Б. Медеуова.

Ардагер ұстаз егер пандемия жалғасатын болса, қашықтан оқыту жүйесіне қарсы еместігін айтты.

«Бұл жүйені көпшілік неге ұнатпайды дегенге келсек, ата-ана жауапкершіліктен қашады. Бұрынғыдай бәрін мектепке ысырып тастап жүре берсе болды ма? Олай болмауы керек. Пандемия балаға ата-ана мен мұғалімнің жауапкершілігі бірдей екенін ұқтырды. Шын мәнінде бұл заманауи жүйе, келешекте осылай оқитын боламыз. Мен онлайн сабаққа қарсы емеспін. Ең бірінші баланың амандығы керек. Оффлайн мектепке шақырып оқытып жатқан балалар болды. Бірақ, бұл қауіпті екенін түсіну керек еді. Өз басым пандемия жағдайында онлайнға балама жоқ деп ұқтым. Баланың денсаулығы үшін керек. Алдағы оқу маусымында да коронавирус қаупі сейілмесе, осылай оқи беруге қарсы емеспін», - дейді ұстаз.  

Биғайша Медеуова қашықтан оқыту жүйесі пандемия басталмай тұрып бірқатар мемлекетте енгізілгенін мысал етті.

«Аустралия дәстүрлі мектептен бас тартып, пандемия болмай тұрып онлайн оқуды таңдаған. Сол сияқты Еуропа елдерінде де осы жүйе жолға қойылды. Бұрынғы кеңестік жүйеден кету керек. Мен 45 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Мысалы бір сыныпта 35-40 бала отырады. Оларды қамту қиын. Солардың тең жарысы 11-ші сыныпқа келгенде оқиды. Қалғаны ілініп-салынып бітіреді. Бізде Еуропадағыдай сыныптағы балалар санын 15-тен асырмау керек. Сонда қажетті білімді алады. Мысалы мектепте кітаптан оқиды, онлайнда ізденуге, интернеттен жауабын табу, балама жауабын табуға тырысады. Бұл жақсы», - деп есептейді Биғайша Медеуова.

Тәжірибелі мұғадім білім сапасы төмендеді дегенге сенбейтінін айтты.

«Негізі онлайн сабаққа жыл бойы қатыспай, тек көшке ілесіп жүрсе, оның үлгерімі ақсайды. Әрине, жыл бойы белсенді қатысып отырса, неге білімі төмендейді? Сондықтан, білім сапасы төмендеп кетті дегенге сену қиын. Жеке-жеке қарау керек. Дәстүрлі форматта да сабақ оқымайтындар көп. Баланы да, өзімізді де сақтайық десек, осы талапқа бағыну керек. Ол үшін ата-ананың да көзі ашық болуы керек.

Мәселен, биыл наурыздағы каникулдан кейін бүкіл ата-ана шулап, «балам мектепке барсын» деді. Рұқсат берді, арты не болды? Коронавирус оқушылар арасында да өрши түсті. Балалар арасында да өршіді. Бұл туралы мен ФБ парақшамда да жазып, «баланы өлімге айдамайық» деп мәселе көтердім», - дейді ардагер ұстаз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары