ШұғылҚазақстанда пандемия басталғалы коронавируспен ауырғандар саны 865 мыңға жуықтады

3,6 млн теңге кімге төленді – Ақтоты Райымқұлова «Нартай» фильмі үшін бір тиын алмағанын айтты

Интернетте министрге гонорар төленгені туралы құжаттың көшірмесі тарап кеткен

Фотоколлаж

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қосымша табысы туралы тараған ақпаратқа қатысы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жуырда астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдері Мәдениет және спорт министрінен «Нартай» фильмінің саундтрегін жазғаны үшін қанша қаламақы алғанын сұраған еді. Ақтоты Райымқұлова әуелі өзінің министр лауазымымен бірге ғылыми және шығармашылық істермен айналысуға құқылы екенін айтса да, дәл осы «Нартай» фильмінің музыкасын жазуға уақыты болмағанын және қаламақы алмағанын мәлімдеді.

«Мемлекеттік қызмет туралы заңның баптары бойынша мемлекеттік қызметшілер педагогикалық, ғылыми және шығармашылық жұмыстармен айналысуға құқылы. Мысалы, сіздер журналист болып жүріп министрлікке тағайындалсаңыздар немесе мелекеттік қызметке келсеңіздер, өз мамандығыңыз бойынша журналистік жұмысыңызды тоқтатпайтын шығарсыздар?! Мен музыка саласының маманымын. Композитор ретінде көп шығарма жаздым. «Нартай» фильмінің саундтрегін жазуға ұсыныс кезінде түскен болатын. Мен одан бас тарттым және қабылдамадым. Сондықтан ешқандай қаламақы алған жоқпын, музыкасын да жазған жоқпын. Бұл – жалған ақпарат», - деді брифингте Ақтоты Райымқұлова.

Сонда 3 миллион 600 мың теңге кімге төленді?

Алайда, осы брифингтен кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі «Нартай» фильмінің саундтрегін жазып, еңбегіне 3 миллион 600 мың теңге алғаны туралы құжат тарады. Фильмді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ және «Eurasia film production» ЖШС бірігіп, Мәдениет және спорт министлігінің тапсырмасы бойынша түсірген. 2020 жылдың қыркүйегінде қаржылық есеп беру реестріне шыққан құжатта фильмнің шығармашылық тобына жалпы сомасы 104 миллион теңгеден астам ақшаның төленгені, оның 3 млн 600 мыңы министр Райымқұлова тиесілі екені көрсетілген. Бірақ, бұл құжаттарды министр де, фильмнің продюссері Гүлнар Сәрсенова да жоққа шығарды. Сәрсенованың ұсынған дәлелдеме құжаттарында келісімшарттың 2018 жылы, яғни Райымқұлова министр болмай тұрғанда жасалғаны көрсетілген. Алайда, 2019 жылдың 3 қазанында министр лауазымындағы Райымқұлованың өзі келісімшартты бұзу туралы ұсыныс хат жіберген.

«Райымқұлова бұған дейін мен түсірген «Письма к Ангелу» фильмі мен «Астана – любовь моя» халықаралық сериалының саундтрегін жазған. 4 жыл бұрын мен оған «Нартай» фильмінің музыкасын жазуға ұсыныс айттым. Ол кезде Райымқұлова вице-министр болғандықтан жұмысы көбейіп, уақытының жоқтығына байланысты ұсыныстан бас тартты. «Eurasia film production» ЖШС мен Райымқұлованың арасындағы келісімшарт 2019 жылдың 4 қазанында бұзылды. Тәжірибелі композитор Радион Тенмен келісімшарт жасалды. Еңбекақы түгелдей Тен Радионға төленді және ол фильмнің музыкасын шығарып қана қоймай, оркестрге де жазды. Ал мына тарап кеткен құжаттар нақты орынадалған жұмыстың ақшасын көрсететін мәліметтер емес. Алдын ала жасалған еді, кейін ол құжаттар сан рет өзгерді. БАҚ өкілдерінің қолына түскен мына қағаздарды 2019 жылы мені Антикор тергеп, офистегі құжаттарды тәркілегенде алып кеткен. Содан оны қазір министрден мін іздеген өзге адамдар әдейі таратып отыр. Бірақ, бұл бәрібір соңғы нақты құжат емес», - деді режиссер Гүлнара Сәрсенова.

Министр Ақтоты Райымқұлова «Eurasia film production» ЖШС-мен арадағы келісімшартты үзу туралы хатын редакциямызға ұсынды. Сондай-ақ, аталған компания директоры Н.Ахметкалиевтің жауабының көшірмесі де бар. Алайда, хатта директордың қолы жоқ.

Бюджеті 700 млн теңгелік «Нартай» фильмінің премьерасы күзде болады

Бюджеті 700 миллион теңге тұратын «Нартай» фильмі толық түсіріліп болған. Түсірілім Германияда, Ресейде және Қазақстанда жүргізілген. Елдегі карантинге байланысты көрермендерге жол тарта алмай жатқан фильмнің преьмерасы күзге жоспарланып отыр. Сәрсенованың сөзінше «Нартайды» Пусан және Прага қалаларында өтетін халықаралық кинофестивальдерге қатыстыруға ұсыныс түскен. Сәрсенова сөзіне дәлел ретінде 120 минуттық фильмнің бастапқы және соңғы титрларында Райымқұлованың аты-жөні жоқ екенін де көрсетті.

«Нартай» фильмінің төңірегіндегі ақша дауына қатысы жоқ екенін айтқан министр ақпараттарды  өзінен мін іздеп, мұқатуды көздеген адамдардың әрекеті деп санайды. Министрдің қолында өзіне қоқан-лоқы көрсеткен танымал тұлғалардың да аты-жөні мен жазбалары бар көрінеді.

«Менің уақытым жоқ болғандықтан қаламақыдан да, саундтрегін жазудан да бас тарттым. Келісімшартты бұзу туралы арнайы ұсыныс хат та жібергем сол кезде. Оны құжат жүзінде көрсетіп отырмын міне. Ақы алмағанымды бұған дейінде айттым. Менің айлығымнан басқа табысым жоқ. Бірақ, мін іздеген адамдар осылай үнемі нақты дәлелі жоқ, жалған хабар таратып отырады. «Нартай» фильмінің музыкасына қатысты істе солардың кезекті құйтырқы әрекеті деп білем. Бұған бұрынғы министрдің қатысы болуы мүмкін. Дауласып, мін іздемей, елге қызмет жасайтын, мемлекеттің, үкіметтің қабылдаған шараларын жүзеге асыруға күш жұмсайтын уақыт», - деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы