ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Алматы облысында жарты миллиард теңгеге салынған газ магистралі қаңырап бос тұр

Құбыр тартылғанмен, газ берілмей отыр

көрнекі фото

Жамбыл ауданы тұрғындарының айтуынша, жарты миллиард теңге бөлінген жоба аясында бес ауылға газ тарту көзделген екен. Алайда, елдімекендер арада алты жыл өтсе де, әлі газға қосылмапты, деп хабарлайды КТК.

Тұрғындар тот басып, тіреуі құлаған құбырды темір-терсек жинаушылар ұрлап кете ме деп қауіптенеді. Ал, жергілікті әкімдік өкілдері дайын құбырдың пайдаға аспай, созбаққа салынғанын құжат мәселесіндегі қиындықтармен байланыстырады.

Ақсеңгір ауылының тұрғындары көгілдір отынды күтуден шаршаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын құбыр тартылғанда қатты қуанған жұртшылық бүгінде шенеуніктерге өкпелі. Жауаптылар сол кезде бес ауылға газ тартылады деп сүйіншілегенмен, әлі күнге дейін іске қосылмаған құбыр ескіріп, тот басып жатыр. Кей жерінің тіреуі құлап, кетеуі кеткен тұсы морт сынған.

«Қанша жыл болды, тек уәде береді. Үкіметіміз қолға алса жақсы болар еді деп ойлап отырмыз. Елдің сәл деңгейі де көтеріліп қалар еді», - дейді Ақсеңгір ауылының тұрғыны Бақыт Құрманбеков.

Ақсеңгір ауылдық окургінің әкімі Ержан Қасымшалов бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл болғанын айтты.

«15 мыңға жуық халық бар. Осы газды күтіп отыр. Газ құбыры, қателеспесем, 2015 жылы тартылды. Бюджеттен қаражат бөлінді. Облыстан бөлінген соң, біз нақты білмейміз. Расымен де құбыр жатыр, бірақ газ жоқ. Жылда аудан әкімі есепке келген кезде бұл мәселе көтеріледі», - дейді ауыл әкімі.

Жамбыл ауданындағы газ құбырын тарту жұмысы 2014-2015 жылдары жүргізілген. 45 шақырымға созылған жобаға облыс бюджетінен 493 миллион теңге бөлінген. Газ құбыры қазір осы салаға жауапты облыс басқармасының балансында тұрғанымен, көгілдір отын атымен жоқ. Ал аудан әкімдігі  дайын құбырмен газ жіберілмеуін құжат мәселесіндегі қиындықтармен түсіндіреді.

«Газ құбырының қосылмау себебін айтсақ, Алматы облысында 19 нысанда газ құбыры тартылды: Қапшағай қаласы, Бақанас және Талдықорған, Жаркент қалалары бар. Алматы облысы бойынша газ құбырының құжаты аяқталып, республикалық меншікке өткізіліп жатыр. Одан кейін сенімгер басқаруына беріледі», - дейді Жамбыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайсар Әбсейітов.