Түркістан облысында есірткі сатумен айналысқан 6 күдікті ұсталды
Күдіктілердің төртеуі бұрын пәтер, мал ұрлығы үшін сотталған
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті бірнеше тұрғынның есірткі сатумен айналысатыны жөнінде хабарлама келіп түскен. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша тіркеуге алынды.
Заңмен тыйым салынған есірткі затын дайындап, сатуы мүмкін тұрғындарды анықтап, қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшыларынан тұратын арнайы топ құрылды.
Тәртіп сақшылары екі ай бойы тексеру жүргізіп, күдіктілердің жеке-басын анықтады. Осылайша есірткі затын сатумен айналысты деген күдікпен бір тәулікте алты ер адам ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, оның ішінде төртеуі бұрын сотты болған. Яғни, олар бұған дейін Төлеби ауданында пәтер, мал ұрлықтарын жасағаны белгілі болды.
Күдікті деп танылған ер адамдардың үйлеріне тінту жүргізу кезінде, үшеуінің үйінен қағазға оралған есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысымен айғақты зат ретінде алынған заттың біреуінің салмағы 44 грамм, екіншісі 26 грамм, үшіншісі 18 грамды құрайтын марихуана екендігі белгілі болды.
Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ ұсталғандар қамауға алынды.