Елімізде екінші рет жасалған ұрлық ауыр қылмыс санатына жататын болады
Жыл басынан бері ұсталған 6733 қылмыскердің 4120-сы бірнеше рет ұрлық жасаған
Биыл басқа адамдардың мүлкін ұрлауға қарсы, соның ішінде пәтер ұрлығын жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша бірқатар шаралар қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТМД-ның жекелеген елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі - қайталанатын ұрлыққа қатысты заңнаманы қатайту. Мәселен, Өзбекстан Республикасында бірнеше рет жасалған ұрлық ауыр қылмыс болып есептеліп (ҚК 169-бабы), 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.
«Осыған байланысты, министрлік бірнеше рет ұрлық белгілерін ауыр қылмыстар санатына жатқызуды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізді (Қылмыстық кодекстің бір бабында көзделген екі және одан да көп әрекеттерді жасау)», - делінген хабарламада.
Қазақстанда жыл басынан бері ұсталған 6 733 қылмыскердің 4120-сы бірнеше рет ұрлық жасаған. Олар қоғамнан оқшауланып, зардап шеккен тараппен ымыраға келу мүмкіндігінен айырылған.