Шымкентте әкімдік қызметкері алаяқтық үшін сотталды
Сот үкімімен А.Сламов 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі аудит қызметінің басшысы алаяқтық үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп күдіктелген Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі аудит қызметінің басшысы А. Сламовқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
«А. Сламов 2018-2019 жылдар аралығында Шымкент қаласы Білім басқармасының «Музыкалық колледж» МКҚК-да жүргізілген аудиторлық тексерудің оң шешімін қабылдағаны үшін осы колледждің директорынан 1 млн 200 мың теңгені алдау арқылы иемденді деп күдіктелген», - делінген хабарламада.
2019 жылдың 11 желтоқсанында Шымкент қаласының Абай аудандық сотының үкімімен А.Сламов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына құқығынан айыру мен 9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.