$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.05.2021, 14:38
Қоғам

Елдана Қаһарманның өлімі: Сыртқы істер министрлігінің өкілі жауап берді

Ресми мәліметте оның суицид жасағаны айтылады

Елдана Қаһарманның өлімі: Сыртқы істер министрлігінің өкілі жауап берді

Екі жыл бұрын Түркияда түсініксіз жағдайда көз жұмған Елдана Қаһарманның ісі қайта қозғалып жатыр. Соңғы күндері БАҚ беттерінде қазақ қызының жұмбақ өлімі жайында жиі жазыла бастады. Оған Түркияда ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде айыпталған Седаат Пекердің соңғы мәлімдемесі себеп. Элязыг қаласында оқып жүрген 21 жастағы Елдана Қаһарманның денесі 2019 жылы 29 наурызда өзі тұратын үйден табылғаны белгілі. Өлімге байланысты Түркия құзырлы органдары өзіне қол салды деген ресми ақпарат таратқан еді.   

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі 12 мамырда Sözcü түрік басылымына сілтеме жасап, таратқан ақпаратта бұл қылмысқа «Әділеттілік және даму» партиясының өкілі, ел Парламентінің депутаты Толга Агардың қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Седаат Пекер YouTube видеопорталында жариялаған видеоүндеуінде Толга Агар қызды бір күн бұрын зорлаған деген жорамалын айтады.

Білім алып жүрген қазақ қызы жергілікті Kanal 23 телеарнасында тілші болып жұмыс істеген. Қайтыс болардың қарсаңында жоғарыда аты аталған депутаттың үйіне сұхбат алуға барған. Ол Түркияның бұрынғы ішкі істер министрі Мехмет Агардың ұлы екені айтылады.

Бұл жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі де, Қазақстанның Түркиядағы елшлігі де ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бір аптадан бері талқыланып жатқан мәселеге қатысты Қазақстан құзырлы органдары да шетелдегі қазақ қызының өлімінде қылмыстық құрамның бар немесе жоқтығына қатысты бастама көтерген жоқ. Azattyq Rýhy тілшісі еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан пікір білдіруін сұраған.

«Марқұм болған қызға қатысты қандайда бір ақпарат таратпау туралы әке-шешесі бізге 2019 жылы ресми түрде өтініш жазған. Бірер күн біз ол кісілерге хабарласып анықтадық. Тың ақпараттар шығып жатыр. Не істейік деп едік, сол өтінішім сол күйінде қалады, деді анасы. Жеке өміріне қолсұғушылық болады. Ол туралы ештеңе айта алмаймыз. Қылмыстық істі түріктер бұрында-ақ жауып тастаған. Шешесі келді де, үндемей денесін алып кеткен. Қызыма қатысты қандайда бір ақпарат министрліктен шықпасын деген соң, біз ешқандай ресми мәлімдеме жасай алмаймыз», - деді Айбек Смадияров.

Өткен аптада бұл істің қайта қозғалуына журналист Барансел Ағжаның Twitter желісіне жариялаған жазбасы да түрткі болды. Ол өз парақшасына 2019 жылы 16 қазанда жабылып қалған қылмыстық іс бойынша жүргізілген сот-медициналық сарапатама қортыныдыларын салды. Журналист ресми мәлімдемелер мен сараптамадағы мәліметтерде алшақтық барын жазды.  Осыдан кейін Толга Агар да өзіне тағылған айыптауға жауап беруге мәжбүр болды. Ол бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргенін және оны жергілікті прокуратура қылмыстық құрамы болмаған соң жауып тастағанын мәлімдеді. «Жоғарыда аты аталған журналисті (Елдана Қаһарман – ред.) танымаймын. Бұл маған жағылған жала», деп жауап қатты шенеунік.

Қылмыс әлемінде өзіндік орны бар Седаат Пекер Түркияның ғана емес, Еуропа елдерінде, Араб елдері мен Орталық Азия және Ресейдегі криминалдық құрылымдармен тығыз байланысы бар. Бұл туралы осы жексенбіде K-News ақпарат агенттігі көлемді мақала жариялады. Онда Пекердің қазіргі Түркия билігіне ақпараттық соғыс ашқаны туралы жазылады. Дубайда тұратын түрік азаматы Түркияның қазіргі ішкі істер министрі Сүлеймен Сойлу, бұрынғы ішкі істер министрі Мехмет Агар және оның ұлы депутат, қазіргі билік партиясының мүшесі Толга Агар туралы мәлімдемелер жасаған. Олардың есірткі бизнесі, адам өлімі және әйел зорлау қылмыстарына қатысы бары туралы 4 бірдей зерттеу материалын жария етті. Седаат Пекердің YouTube арнасындағы бұл фильмдер қазір бірнеше миллиондаған қаралым жинады. Ол Ердоған билігінің көлеңкелі тұстарын әшкерелейтін барлығы 12 бейнематериал жариялайтынын мәлімдеген болатын.

Пекер 2019 жылы Еуропаға, сосын БАӘ-не қоныс аударған. Ол өзінің елден кетуіне Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласы Берат Албайракпен қырғи-қабақ болуы әсер етті деп айтатын болған. Қазір Түркияның басты назары – Пекердің мәлімдемелеріне ауды. Қылмыс әлеміне ғана емес, Кіші Азия түбегіндегі саяси ойынға әсер ете алатын Седаат Пекердің көздеп отырған басты нысанасы – Ердоған екені түсінікті дейді сарапшылар. Ол Режеп Тайып Ердоғанға тікелей шабуылды бастады.

Осыған байланысты қазақстандық журналист Бауыржан Қарипов өзінің Facebook-парақшасында төмендегідей жазба қалдырды. Ол Түркияның бұрынғы Қазына және қаржы министрі Берет Албайрактың кезінде ел бюджетіндегі қомақты қаржының орны жоқ екенін меңзейді.

«Мына түрік оппозиционерлері Ердоғанның күйеу баласы министр боп тұрғанда, қазынадан жоғалған 128 млрд долларды таппай қоймайтын секілді. Бүгін Стамбулдағы Бұғазічі көпіріне осындай баннер іліп тастады. Қоғамды өзгертетін әншілер емес, саясаткерлер», - пікір жазды ол. 

K-News агенттігінің жазуына қарағанда, Пекер бірнеше рет түрлі қылмысы үшін түрмеге отырып шыққан. Бірақ барлық уақытта абақтыдан қысқа мерзімде босатылып отырыпты. Оның соңғы рет бостандыққа шығуы Режеп Тайып Ердоғанның билікке келуімен тығыз байланысты. Түркияның қазіргі президенті оған сыйластықпен қарап, «Ақ партия» саяси ұйымының билікті қолына алуына Седаат Пекердің ықпалын пайдаланған деген болжамдар бар. Ол 2019 жылға дейін өз туған жерінде емін-еркін тұрып, өзі құрған қылмыс империясына иелік етіп келген. Бірақ оның саясатқа деген ықпалының артқанын жақтырмаған топтар Ердоғанмен арадағы сыйластықққа сызат түсірген.

Седаат Пекердің Түркия қылмыс әлеміне ғана емес, билігіне де ықпалы бар дейді сарапшылар. Ол 1971 жылы Түркияның Адапазары деген қаласында өмірге келген. Түрік мафиясының серкесі бала кезінен бұзықтығымен емес білімге құштар, әсіресе тарихқа қатты қызыққан жасөспірім ретінде көзге түскен. Жергілікті журналистер оның Осман империясының тарихын көптеген сарапшылардан да жақсы білетінін айтады. Елу жастағы Пекер көбіне Еуропада, соның ішінде Германияда өмір сүрген.

Тоқсаныншы жылдары ол Бюлент Қылыш деген серіктесімен бірге ірі бизнеске келеді. Автомобиль компаниясын ашқан кәсіпкердің осы кезде қылмыс әлемінен де түсетін табысы өте көп болған. Оның қылмыстық жүйедегі «сарбаздары» жергілікті кәсіпкерлерді «ашса алақанында, жұмса жұдырырығында» ұстаған. Қылмыс әлемінің серкесі деген лақап атын алған соң, оның билігі ТМД елдері мен Ресей және Араб түбегіндегі елдерде тұратын ниеттестерімен тығыз байланысқа жол ашады. Ол соңғы жылдары өзі иелік ететін аумақта әзірбайжандық авторитет Надир Салифовке («Лоту Гули») (2020 жылы қайтыс болған – ред.) қолдау білдірді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары