«Спутник V» вакцинасы бойынша екі компонент арасы 91 күнге дейін жалғасады
QazVac бойынша өзгеріс жоқ, екпенің екі компонентінің арасы 21 күнді құрайды
Қазақстанда 1,5 млн-нан астам тұрғын КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші компнонентін салдырып үлгерді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті 1 790 356 адамға салынды, ал екпенің екінші компонентін қабылдағандар саны 722 504 адамды құрайды. Бүгінде аймақтарда 798 мыңнан аса вакцина дозасы бар. Қажеттілікті ескере отырып, екпе пунткерінің саны үнемі артып келетінін айта кету керек. Қазір аймақтарда иммундау жұмыстарына 1000-нан астам вакцинациялау орталықтары жұмылдырылған», - деді Манар Смағұл ОКҚ-да өткен брифингте.
Бүгінде ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компонентті арасындағы үзіліс күндеріне қатысты қоғамда бірқатар түсініспеушілік пайда болды. Мамандар осы мәселеге қатысты нақты жауабын берді.
«Ұлттық эпидемиологиялық және микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы директорының ресми мәліметі бойынша екі компонент аралығы 45 күнді құрайды. Сонымен қатар, бірінші компонентті салдырғаннан кейін екіншісін 21 мен 91 күн аралығында алуға болады», - деп нақтылады Манар Смағұл.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, отандық QazVac вакцинасына қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Екпенің екі компонентінің арасы 21 күнді құрайды.
Брифинг барысында мамандар вакцинаға байланысты қоғам арасындағы пайда болған қауесет пікірлерге жауаптарын айтты.
«Ұсынылған вакциналардың ешқайсында коронавирус індетін тудыратын тірі вирус жоқ. Демек вакцина COVID-19 ауруын тудырта алмайды. Кез келген вакцина секілді бұл екпеде де жанама әсерлер пайда болуы мүмкін. Олардың көбі жеңіл түрде бірнеше күн ішінде өздігінен кетеді. Біз жүргізген мониторинг нәтижелеріне сәйкес, елімізде күтілетін реакциялар 0,3 пайызды (5214 жағдай) құрады. Оның ішінде 57 пайызы жалпы (тұмауға ұқсас реакция), 43 пайызы жергілікті реакция (екпеден кейінгі қолдың ауруы)», - деді маман.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан