Көпбалалы анаға тегін қызмет көрсетпеген нотариус бұрын прокуратурада істеген болуы мүмкін
Нотариаттық палата төрайымы әріптесінің әрекетіне жауап берді
Сәуірде елордалық көпбалалы ана нотариустың қыспағына түскенін айтып, жауапты органдардан көмек сұраған болатын. Айтуынша, жергілікті нотариустардың бірі оған заң аясында тегін қызмет көрсетуі тиіс еді. Алайда, қызмет көрсетуші тұлға ешбір жеңілдіктерді ескермеген екен.
Осылайша келіншек нотариустың үстінен бірнеше мемлекеттік органға шағым түсірген. Бірақ, «Күміс алқа» иесі мұнымен істің бітпегенін алға тартты. Айтуынша, нотариус оның ізіне түсіп, тіпті көпшілік ортада видеоға түсіріп мазасын алған.
Оқи отырыңыз: Елордалық көпбалалы ана нотариустың заңсыз әрекетіне шағым білдірді
Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Нотариаттық палатасына хабарласып, мәслесінің мән-жайымен танысты.
«Тұтынушы шағым түсірген нотариустың жұмысына қатысты бірқатар қателіктер табылды. Нақтырақ айтқанда, нотариус өзінің нотариаттық жұмыстарын реестрге тіркемегені анықталды. Ол өзінің бұл әрекетін ұмытып кетуімен байланыстырды.
Ал шағымданушы тұлғаның арызына келер болсақ, нотариустың айтуынша, ол өзінің көпбалалы ана және «Күміс алқа» иегері туралы құжаттарын көрсеткен жоқ. Ал нотариус тұтынушының өтініші бойынша 3 балаға ғана сенімхат жасаған. Сондықтан, ол Салық кодексінің 617-бабының 6-бөлімін («Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша мемлекеттiк баж төлеуден босату) қолданған жоқ. Яғни, нотариус тұтынушының көпбалалы ана екенін білмегенін айтты», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Нотариаттық палатасының төрайымы Әйгерім Айкешева.
Тәртіп бойынша кез келген нотариус тұтынушы тұлғаға оның құқықтары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс. Алайда, шағымданушы тарап нотариустың қандай да бір жеңілдіктер туралы тіс жармағанын айтады.
«Нотарустың жіберген қателіктері үшін оны тәртіптік жауапкершілікке тартып, қатаң сөгіс жарияланды. Егер ол тағы да құжаттарды реестрге тіркемейтін болса, оның лицензиясы тартып алынады», - деді Әйгерім Айкешева.
Бұдан бөлек, «Күміс алқа» иесі Құралай Әлиасова нотариустың бұған дейін мемлекеттік органда лауазымды қызмет атқарғанын айтты.
«Маған қызмет көрсеткен нотариус Олжас Аяғановтың сырт келбеті дін жолын ұстанатын, тақуа адамға ұқсайды. Әрине, бәріміз мұсылманбыз. Мұсылманның бойында өзіне тән сый-құрметі болады емес пе?! Ал мына кісі мұсылманға сай әрекеті жоқ. Керісінше қоғамдық ортада әйел адамға тап беріп, жанжал шығарды.
Мен ол бойынша полицияға шағым жазғанмын. Сол жерде шағымымды қараған учаскелік қызметкерлердің бірі оны бұрын Прокуратура органдарында қызмет атқарғандығы туралы айтты. Осының бәріне қарамастан, ол өзінен үлкен әйел адамға тиісіп, көпбалалы ана ретінде ақымды жеді», - деді Құралай Әлиасова.
Жалпы, қолданыстағы заң бойынша еліміздегі нотариустар азаматтардың 11 категориясына тегін қызмет көрсетуі тиіс.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан