Ерлігімен танылған астаналық полицей мас дәрігерді бопсалап, пара алған
Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы полицейлерге 400 мың теңге пара берген
Батылдығымен аты шыққан болған елордалық полицей Азамат Балтабаев танымал дәрігерді бопсалап, ірі көлемде пара алған деп хабарлайды Есіл аудандық №2 соты.
Жол-патрульдік полициясының экс-инспекторы Азамат Балтабаев кішкентай баланы 9-қабаттан құлаудан құтқарып қалған болатын. Ол сондай-ақ, көпірден суға секіріп кеткен адамды да құтқарып, нәтижесінде Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді.
Осыған қарамастан Азамат Балтабаев сот алдында жауап берді. Ол әріптесі Ринат Әбдірахмановпен бірге астаналық танымал дәрігерді бопсалап, одан пара алған. Сот экс-полицейлерді айыпты деп танып, әр қайсысын 7 жылдан бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, өмір бойына құқық қорғау саласында және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды. Балтабаев ерлігі үшін алған Екінші дәрежелі «Айбын» орденінен де айрылды.
Белгілі болғандай, биыл наурыз айында Балтабаев пен Әбдірахманов Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінде Mercedes ML 300 маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов отырған. Олар жүргізушінің сыра ішкенін анықтап, 1 млн теңге талап етіпті. Бермеген жағдайда әкімшілік хаттама толтырып, елге танымал тұлғаның бұл әрекетін БАҚ-қа жариялаймыз деп қорқытқан.
Ақшолақов ақша беруге келісіпті, алайда, 1 млн емес, тек 400 мың теңгесі бар екенін айтқан. Полицейлер дәрігерді Нейрохирургия орталығындағы банкомат аппаратына апарып, ақшаны шешкізіп алған. Араға бірнеше күн салып Серік Ақшолақов құқық қорғау органдарына арызданып, өзін бопсалағанын айтқан. Келесі күні Балтабаев пен Әбдірахманов алған ақшаны түгел қайтарып бергені де анықталды.