ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады

Онда көру қабілеті бұзылған тұрғындарға арналған футбол, арбадағы регби мен баскетбол ойындары болмақ

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елордада оңалту орталықтары желісін кеңейту жұмысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада оңалту орталықтары желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай медициналық орталықтар қала тұрғындарының денсаулығын жақсартып қана қоймай, оңалтудың оң нәтижелерін көруге мүмкіндік береді. Біз үшін мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамда жайлы сезінулері үшін оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу маңызды.

Елордада ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенін саламыз. Онда көру қабілеті бұзылған тұрғындарға арналған футбол, арбадағы регби мен баскетбол пәндерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жаңа спорт кешені паралимпиадалық жаттығу орталығының жанында орналасады. Осылайша аталған спорт кешенінде қала тұрғындары спортпен шұғылданып қана қоймай, өзара тілдесіп, қоршаған ортаға бейімделе алады. Бұл, өз кезегінде, физикалық денсаулыққа жағымды әсерін тигізбек.

Сонымен қатар осы жылдың бірінші жартысында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашамыз. 90 орынға шақталған мекеме Сарыарқа ауданында орналасқан (Кенесары көшесі, 9/1).

Өткен жылдың өзінде БЦП, аутизм, Даун синдромы және т. б. диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысатын бірқатар ірі оңалту орталықтары ашылды, "Асыл Мирас" жаңа аутизм орталығы (Уәлиханов көшесі) аутистік спектрдің аурулары бар балаларды 50%-ға көбірек қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жоба Болат Өтемұратов қорымен бірлесіп жүзеге асырылды. Сол үйде тағы бір оңалту орталығы БЦП, аутизм диагнозы және басқа да бірқатар аурулары бар балаларды емдеумен айналысады. Сондай-ақ "Erekshe balalar", "Орда" және т. б. оңалту орталықтары бар.

Тұңғыш Президент және "Самұрық-Қазына" қорларының қолдауымен №1 қалалық балалар ауруханасы базасында өткен жылдың күзінде "Қамқорлық" оңалту орталығы ашылды. Бұл жыл сайын БЦП диагнозы бар 600-ге жуық баланы тегін медициналық көмекпен қосымша қамтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ерекше қажеттілігі бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, оларға жан-жақты кешенді оңалту қажет екенін, "алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет" екенін атап өтті.

Айтматов көшесіндегі әлеуметтік тұрғын үй кешенінде (31Б) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "№3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация" КММ ашылды. Осы мақсатта 4 мың шаршы метр бөлінді. Орталық есту, тірек-қимыл аппараты, көру, сөйлеу, қарым-қатынас және мінез-құлқында ауытқу бар балаларға тексеру және көмек көрсетумен айналысады.

Қаланың әртүрлі аудандарында 29 "үйдегі дәрігер" нысаны ашылды, инватакси саны 2 есеге артты. Жаңа үйлердің бірінші қабаттарында "қадамдық қолжетімділік" қағидаты бойынша балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық орталықтар және т. б. ашамыз. Ипподром базасында балалар иппотерапиямен айналыса алатын жабық манеждің құрылысын жүргізіп жатырмыз.

Біз үшін жүйелі негізде мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды оңалту үшін жағдай жасау маңызды», — деп жазды елорда әкімі.