Алматыдағы тозығы жеткен үйлердің мәселесі: жұмыс қарқыны бәсеңдеген (Фото)
Шаһарда 1444 үйді бұзып, қайта салу керек, бірақ белсенділік өте төмен
Алматыда ескі үйлерді бұзу бойынша 2012 жылы арнайы бағдарлама қабылданған. Бірақ, бүгінге дейін шаһарда небәрі 56 үй бұзылып, оның орнына 63 көпқабатты тұрғын үй салынған. Барлығы 579 отбасы жаңа баспанаға көшірілген. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1 мыңға жуық тұрғын үй бұзылуы тиіс. Алайда, инвесторлардың жоқтығынан реновация бағдарламасы тоқтап тұр. Бағдарлама операторы - «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС дерегінше, биыл Алатау ауданында 23 үй, ал Наурызбай ауданында 8 үй бұзылуы керек еді. Жыл ортасына жетті, ал жобаның болашағы.
Тозығы жеткен үйлердің ең көбі – Түрксіб ауданында. Мұнда 428 үйді қайта бұзып-салу көзделген. Алдағы он жылда аумағы 2 млн шаршы метр баспана салынуы керек. Ауқымды жоба Алматыда 1922 жыл мен 1963 жылдары аралығында салынған 1,5 мың ескі үйдің 70 пайызын жаңартуды мақсат еткен еді.
«Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС – «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы. 2018 жылдан бастап «Алматы» ӘКК» АҚ жалғыз құрылтайшысы болып табылады. Тозығы жеткен тұрғын үй қорының мәселелерін шешумен және азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартумен айналысады», деп көрсетілген арнайы сайтта.
Алайда қала әкімдігіне қарасты «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС тозығы жеткен үйлерді салу жобасымен белсенді айналыспай отыр. Жобаларды жүзеге асыратын инвесторлардың болмауына байланысты, құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын айттық. Кәсіпорынның веб-сайтында көрсетілген 7 нүкте бойынша жоба болғанымен, нақты құрылыс қолға алынбаған.
Azattyq Rýhy тілшісі бұған Алатаудың бөктеріндегі әсем шаһардың көркін бұзып тұрған ескі ғимараттардың орналасқан жерін аралап көру барысында көз жеткізді. Төменде «қағазда бар, бірақ құрлысы шабандап тұрған» жобалардың мекенжайы мен мәліметтерін келтіреміз:
- Сүлейменов көшесі - Жандосов көшесі - Рысқұлбеков көшесі қиылысқан жерде (Әуезов ауданы) 209 пәтерлі 4 үй жобасы: 2021 -2023 жылдары салынып бітуі тиіс;
- Райымбек даңғылы - Крылов көшесінің қиылысы (Жетісу ауданы) 134 пәтерлі 16 үй жобасы: 2020-2024 жылдары салынуы тиіс;
- Молдағалиев - Сауранбаев көшелерінің қиылысында (Түркісіб ауданы) 152 пәтерлі 7 үй жобасы: 2020-2022 жылдары салынуы тиіс;
- Боткин - Скрябин көшелерінде (Жетісу ауданы) 767 пәтерлі 13 үй жобасы: 2021-2024 жылдары салынуы керек;
- Тимирязев-Жандосов көшелерінің шығыс жағында (Бостандық ауданы) 112 пәтерлі 3 үй жобасы: 2021-2021 жылы салынуы тиіс;
- Науаи - Торайғыров көшелерінің қиылысында (Әуезов ауданы) 662 пәтерлі 7 үй жобасы: 2018-2023 жылдарға есептелген;
- Бөгенбай батыр - Кошевой көшесі қиылысында (Медеу ауданы) 72 пәтерлі 2 үй: 2019-2021 жылдары бітуі керек;
Мәселен, Алматының ең көрікті ауданы саналатын «Самал-2» шағын ауданында фотодағы (төменде) бірнеше екіқабатты ескі үйлердің тұрғындары соңғы 30 жылда елең-алаң күн кешіп отыр. Бұл аймақ көп жылдан бері «сносқа» кететін үйлер санатында.
Бұл ауданға Достық даңғылы мен Әл-Фараби даңғылы жақын орналасқан. Тозығы жеткен үйлерді «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, «Көктөбе» қыраты және қаладағы ең қымбат элиталық баспаналар мен бизнес орталықтар қоршап тұр.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары бұл баспаналар «Алматы радио орталығы» қызметкерлеріне арнап салынған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Кеңес үкіметі заманында капиталистік мемлекеттерден келетін «теріс ақпаратар» осы жерде өңделіп, сосын халыққа таратылған.
Құпия нысанның өз моншасы, амбулоториялық орталығы болған. Қазір барлығы қирандыға айналыпты. Бұл аумақтың жартысын жеке құрылыс компаниясы сатып алған. Бірақ аталған жерге жақын орналасқан көпқабатты жаңа үйдің тұрғындары құрылысқа қарсы шығып, құзырлы органдарға арыз жазуын тоқтатар емес. Соның кесірінен қалған ескі үйлердің иелері өтемақыға қол жеткізе алмай, «қамалып» отырғандарын айтады.
Василий Назаров бұл үйде 1960 жылдардан бері тұрады. Оның аумағы 75 шаршы метр пәтері өте ескірген. Баспаналар әкімдіктің «Тозығы жеткен үйлер» бағдарламасына да енбеген. Соңғы жылдары жеке инвестор келіп, сатып алуға ниет білдіріпті. "Бірақ қаланың экологиялық белсенділері мен жалданбалы блогерлері мұнда жаңа баспана салуға қарсы. Сондықтан біздің тағдырымыз шешілмей отыр", дейді жергілікті тұрғын.
Оксана Кобут та «Достық даңғылы» 93 үйдің тұрғыны.
«Екі қабатты ескі үйлердің бұзылатыны туралы 2000 жылдан бері айтылып келеді, бірақ 21 жыл өтті әлі күтіп отырмыз. Баспанамызға жөндеу жұмысын да жүргізе алмаймыз, көшемізді де бәрібір бұзылады деп жөндеуді қойды», - дейді әйел.
Аталған ескі баспанаға көршілес қоныстанған өзге үйлер аулаларын темірмен және тікенек сымдармен қоршап алыпты. Олар көшелерді тарылтып, тіпті жақындағы №131 мектепке баратын жолды жауып алған.
«Осындай қадамға барып отырған «Самал-2» шағын ауданы 12, 2, 2А және 91 үй тұрғындары екі қабатты ескі үйлердің орнына жаңа баспаналар салуға жоба ұсынған инвесторларды жолатар емес», - дейді Василий Назаров.
Қалада әкімдіктің «Тозығы жеткен үйлер» бағдарламасымен сүрілуге тиіс үйлерде он мыңдаған адам өмір сүріп жатыр.
Олар Алматыда 1922 жыл мен 1963 жылдары аралығында салынған баспаналар.
Ахметжан Есімовтің кезінде қабылданған жоғарыдағы бағдарлама аясында шаһарда 1,5 мың ескі үйдің 70 пайызын жаңарту жоспарланған.
Екі қабатты ағаш-қамыстан салынған үйлердің күйі кетіп, апаттық жағдайда тұр. Қабырғасы сөгіліп, іргетасы үгітілген баспаналарды бұзу үшін жеке инвесторлар қаражат салуы тиіс. Бірақ оларға кедергі көп.
Өте ескі үйлер қаланың орталығындағы Сәтбаев пен Розыбакиев көшелерінің қилысында да жүздеп саналады.
«Орбита» ықшамауданына жақын орналасқан Рамазан Сүлейменов көшесіндегі «Хрущев заманындағы» үйлерді бұзып, жаңасын салу 2016-2018 жылдары қарқынмен жүрген. Бірақ соңғы жылдары бұл жобалар да тоқтағаны белгілі болды.
Сарапшылар Алматыда мыңдаған ескі үйлерді реновациядан өткізуге соңғы жылдары экобелсенділер мен түрлі мүддені көздейтін топтар де кедергі келтіріп отырғанын айтады. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Instagram парақшасындағы мәліметке сүйенсек, қазір шаһарда 1444 үйді бұзып, қайта салу керек. Бірақ белсенділік өте төмен.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы