$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.04.2021, 12:43
Қоғам

Көптоғайдағы оқиға: Бұл жергілікті халықпен ақылдаспай, асығыс қабылданған шешім

Жергілікті халық жерімізден айрылып қалдық деп дабыл қаққан болатын

Көптоғайдағы оқиға: Бұл жергілікті халықпен ақылдаспай, асығыс қабылданған шешім
Tengrinews.kz

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елдімекенінде демалыс күндері болған оқиғаға қатысты сарапшылар пікір білдірді. Бұл тиісті органдардың халықпен ақылдаспай атқарған істерінің нәтижесі дейді олар. Шекаралық желіні орналастыру үшін демаркация бойынша жүргізілген құжаттар мен келісімшарт бар, бірақ оны халыққа насихаттау жұмысы жеткіліксіз. Жергілікті жерлерде халықты толғандыратыны – оның әлеуметтік мәселесі. Әсіресе шекаралық аймақтарда мал-жанын бағу, су көздерін тұрақты пайдалану және жерді ауылшаруашылық мақсаттарында қолдану өте маңызды.

Белгілі саясаттанушы, Парламент Мәжлісінің депутаты Ерлан Сайыров Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Көптоғайда қалыптасқан жағдайды сараптап шыққанын айтады. Жергілікті атқарушы билік пен Шекара қызметі ауылдың маңына орнатылған қадалар мен темір тікенек торларды жексенбі күні кештұрым қайтадан жинап алып кеткен болатын. Десе де, Ресеймен шекараның басқа да периметрлерін тағы да тексеріп шығу маңызды. Халықтың мал бағатын, ауыз суын алатын жағдайды ескеру басты мақсат болуы тиіс, дейді сарапшы.

«Шекараны белгілеген кезде, яғни делимитация жасаған уақытта халықтың мал-жайы, су көздерін, жайылымын қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан осы Атыраудағы жағдай делимитация кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру керек екенін көрсетті. Яғни, мал жанын бағуға, су көзедіріне қол жетімді болуына жағдай жасалуы қажет еді. Кеше қарап отырсақ, бұл мәселе Атырауда шешімін тапқан тәрізді. Өйткені шекарашылар қойған торларын алып тастады деген хабар келді.

Болашақта мұндай жағдай болмас үшін делимитация жасап жатқан аймақтарда алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескеру керек. Халықпен кездесіп, ортақ бір шешімдерге келіп, барып әрекет еткен жөн. Айта кету керек, Қазақстанның көршілермен ешқандай шекара мәселесі жоқ. Шекара шегенделген. Бірақ делемитация кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру өте маңызды. Мен бұл мәселе бойынша Үкіметке хат дайындап жатырмын», - деді Мәжілс депутаты.

Ерлан Сайыров кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болғанын айтады. Шекараны айқындаған кезде, ішкері еніп кеткен көрінеді.

«Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан үкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы қажет. Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірбиесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескере отырып, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал», - деді ол.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызмет атарған, бірнеше мемлекеттке елші болған Сайлау Батыршаұлы халықаралық тәжірибеде трансшекаралық суларды бөлу даулы мәселе екенін айтады. Мұндай жағдайлар Польша-Германия, Ресей-Қытай сияқты елдер арасында болған. Бірақ шекарада жатқан су қоймасы немесе өзен болса, оны екеуара келісу арқылы бөліске салу қажет, дейді дипломат.

«Халықаралық тәжірибеде шекараны белгілеген уақытта біріншіден делимитация жүреді. Ол кезде қағазға қол қойып, карта сызылып, дайындалады. Сосын екінші сатыны демаркация дейді. Ол кезде мемлекеттік шекараларға бағандар қойылады. Міне, қазір Қазақстан мен Ресей арасында сол соңғы этап әлі жүріп жатыр. Шамамен 70-75 пайыз бағандар орнатылса, әлі де 20-23 пайызына ол белгілер қойылып бітпеген.

Қағазға түскен бір бөлек, ал шекараны қоршау процесіне екі мемлекеттің өкілдерінің де қатысуымен жасалуы керек. Екі тараптың мамандары, оның ішінде шекара комитетінің қызметкерлері бірге шығып, бағандар қою ісін атқаруы шарт. Оның барлығы алдын ала спутниктік құрылғылар арқылы әр метріне дейін белгіленіп, сосын ғана қада қағылады. Кешегі шекарашылардың қойып жатқандары шекаралық бағандар емес, ол шекаралық қоршаулар, яғни нейтральды аумақтың белгісіне көбірек ұқсайды», - дейді ҚР Сыртқы істер министрінің бұрынғы кеңесшісі.

Атырау олысы Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің айтуынша, қазір Көптоғай ауылдық округінде халықпен кездесу өтеді. Ол жерде ауданның жауапты қызмет басшылары қалыптасқан жағдайға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

«Таңертеңнен бері айтарлықтай жаңалық жоқ. Біз қазір сол ауылға бара жатырмыз. Арнайы қызметтер барады, ол жерде БАҚ өкілдері де болады. Мән-жаймен өздері қанығады. Шекараны белгілеу негізі әкімдіктің құзырындағы мәселе емес. Бірақ ол жерде кеше халық айтқандай мәселе жоқ, су тоқтап қалған жоқ. Қиғаш деген өзен бар, ол Ресей жақтан да, біз жақтан да өтіп жатыр. Траншекаралық өзен. Жайылым жеткілікті, одан да проблема көріп тұрған жоқпын. Халыққа ешқандай кедергі жоқ», - деді жергілікті атқарушы билік өкілі.

Көптоғай ауылдық округі — Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы әкімшілік аумақ.  Құрамына Көптоғай, Балықшы (Рембаза) ауылдары кіреді. Округте 1300-ге жуық халық тұрады. Негізінен балық, егін және мал шаруашлығымен айналысады.

Айта кету керек, жергілікті халықтың дүрлігуіне 14 сәуірде Көптоғай ауылы тұсында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршаудың салына бастауы түрткі болған. Ауылдықтардың айтуынша, шекаралық қоршау Қиғаш өзенінің саласы «Отыз бес» деп аталатын өзектің арғы тұсында орналасқан. Өткен аптаның ортасында шекарашылар қадаларды Көптоғай ауылына өте жақын, көлдің бергі бетіне ауыстыра бастаған. Ауыл маңындағы көлден малын суғарып, тіпті ауыз суды да осы жерден тұтынып отырған жергілікті тұрғындар жиналып, наразылық танытқан.

Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ресми хабарламада: «Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды. 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылатын болады. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жаңа қоршауларды 20/16 әскери бөлімі жүргізуде», - делінген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары