СҚО-да қарттар үйінің бас бухгалтері алаяқтығы үшін 5 жылға сотталды

Ол мемлекетке 10,3 млн теңге мөлшерінде залал келтірген

СҚО-да қарттар үйінің бас бухгалтері алаяқтығы үшін 5 жылға сотталды
көрнекі сурет

СҚО әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс бойынша ұсыным қаралды. Оған СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов қатысты.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Сәрсембаеваның 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың қазанына дейін, дәлірек айтқанда 3 жыл 8 ай бойы, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, пайдакүнемдік ниетпен «Қазынашылық-Клиент» бағдарламасы арқылы бос лауазымдар есебінен қалыптасқан үнемдеуден өзіне жалақы мен сыйақыны белгіленген лимиттен тыс заңсыз есептегені анықталды. Сәрсембаеваның құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде артық есептелген ақша қаражаты оның банктік карт-шотына аударылды, нәтижесінде мемлекетке 10,3 млн теңге мөлшерінде залал келтірілді», - деп хабарлады Жарқын Ғалымов.

Жарқын Ғалымов бас бухгалтердің қылмыстық ниеттерін іске асыруы оның басшысы А.Б. Сембаевтың немқұрайлылығына байланысты мүмкін болғанын атап өтті. Ол «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР заңының 10-бабы 2-тармағының талаптарына қарамастан бағыныстыға өзінің жеке ЭЦҚ-сын берген.

«Ағымдағы жылғы 25 наурызда Әсемгүл Сәрсембаева айып тағылған әрекетте кінәлі деп танылды, осыған байланысты оған пробациялық бақылау орната отырып, 5 жылға бас бостандығын шектеу, қаржы қызметіне байланысты лауазымдарды мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 5 жылға атқару құқығынан айыра отырып, жаза тағайындалды», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы А.Б. Сембаев қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осындай жаза СҚО әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарына да қолданылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.