ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Алматы облысы Кеген ауданындағы әділетсіздікті тексеруге арнайы комиссия барды

Жаңа әкімді сайлаудағы келеңсіздікке орай жергілікті халық наразылық танытып отыр

Алматы облысы Кеген ауданындағы ауылдық округ әкімін сайлауға байланысты шыққан дау өрши түсті. Шырғанақ ауылдық округінің жаңа әкімін сайлаудағы келеңсіздікке орай жергілікті халық наразылық танытқан еді. Ауыл белсенділері елдімекенді 4 жыл басқарған Оразбай Бекбатыров жұмысын жалғастырсын деген ұстанымда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кеген аудандық мәслихатының депутаттары 5 сәуірде өткен сайлауда 3 мың түтіні бар елдімекенді басқару үшін Қарқара ауылдық округі әкімдігінде құрылымдық бөлімде 2  жыл еңбек еткен Ернат Сарыбаев деген жас жігітті таңдаған. Ауылдықтар туған жердің көркеюіне үлес қосқан, жергілікті жұртқа танымал Оразбай Бекбатыровтың орнында қалуын талап етіп, Президент Әкімшілігіне хат жазған.

Ернат Сарыбаев, Шырғанақ ауылдық округінің жаңа әкімі 

Бүгін аудандағы Шырғанақ ауылына Талдықорғаннан арнайы комиссия барды. Алматы облысы әкімінің нұқсауымен облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев, Алматы облысы әкімі жанындағы әдеп жөніндегі уәкіл Ғабит Тұрсынбай және Алматы облыстық сайлау комиссиясың төрағасы Тимур Дәуітов тараптарды тауластырмақ болды. Комиссия мүшелері ауылдың бұрынғы әкімі Оразбай Бекбатыров және  ауыл ақсақалдары алқасымен екі сағатқа жуық сөйлесіп, бұл дауды өршітпеуді сұраған. Алайда ауыл тұрғындары облыс орталығынан келген комиссиядан әкімді сайлау кезінде әділетсіздікке жол берілгенін айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етумен болды.

«Шырғанақтағы тыныш жатқан жұртты дүрбелеңге түсіріп, жергілікті халықтың мүддесін ескермеген жергілікті мәслихат депутаттарының мақсаты түсініксіз. Депутаттарға сыртқы бір күштер қысым көрсетті ме, әйтпесе ауылдық округте атқарылған шаруаларды ары қарай тындыруға білек сыбанып отырған азаматты жұмыстан кім ысырып тастады деген сұраққа комиссия жауап іздеуі тиіс болған. Алайда бүгін таңертең Кегенге ат басын тіреген  комиссия мүшелері түске жуық  «Сайлау кезінде заң бұзылмаған, 10 дауыстың 7-еуін алған  жас шенеунік ауылдағы жұмысына кірісуіне болады» деген қорытынды шығарды», - дейді ауыл тұрғындары.  

Комиссия мүшелері

Шырғанақтықтардың шырқын бұзған оқиғаға байланысты ауыл жұрты «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заңның 36-бабы бұзылды деген пікірде. Ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесі және жастар ұйымдарынан құрылған Қоғамдық кеңес ауыл әкімін жұмыстан босатып, тиісті кандидаттарды тіркеуге рұқсат бермегенін айтады. Аталған заңның осы бабы бойынша ауылдық округі әкімі лауазымына кандидаттар ұсыну үшін облыс әкімі мен ауылдық Қоғамдық кеңестің жазбаша келісімі  хаттама жүзінде тіркелуі тиіс болған.

Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов мұндай хаттаманы көрмегенін, соған қарамастан дау тудырған сайлаудың заңды өткенін айтты. Ал Алматы  облысы әкімі  аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай  дауыс беруге қатысқан кегендік депутаттардан телефон арқылы жауап алғанын, алдағы уақытта бәрінен жазбаша түсінік жаздыратынын мәлімдеді. Бірақ ол да 5 сәуірде өткен сайлауда заңбұзушылық болмағанын айтумен шектелді. Жарты күнде сайлау «әділ өтті» деп қорытынды шығарып, ауылдан тезірек кетуге асыққан лауазымды тұлғалар шиеленісті шешті деп айтуға бол ма?! Себебі ауылдықтар облыстан келген комиссияның отырысына қатысудан бас тартып, тарқап кетті. Ал ауылдық мектептің мәжіліс залында өткен жиында мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті мұғалімдер ғана қалған болатын.    

Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов Шырғанақ ауылындағы халықпен кездесуге келген жоқ. Өз кабинетінде сұхбат берген  аудан басшысы қалыптасқан жағдайды реттеуге мүдделі екенін, Шырғанақ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Оразбай Бекбатыровтың білікті басшы, үздік ұйымдаструшы екенін айтумен шектелді. 

Талғат Байеділов, Алматы облысы Кеген ауданы әкімі

Ауыл тұрғындары алдағы уақытта да осы мәселеге қатысты қарсылық шарасын өткізетінін мәлімдеді. Олар 5 сәуірде өткен мәслихат сайлауында әділетсіздік болғанын мәлімдейді. Мәслихаттағы 12 депутаттың 10-ы аудан басшылығына бағынышты мекеме жетекшілері екенін ескерсек, желдің қайдан соғатынын аңғару қиын емес дейді жергілікті тұрғындар. Олар осы саяси науқанға жауапты болған аудан әкімі, мәслихат хатшысы және аудандық сайлау комиссиясының төрағасын сотқа беру туралы мәселені жақын күндері шешетінін айтады.

Естеріңізде болса, бұл – Кегендегі алғашқы дау емес. Былтыр Кеген ауданында өңір әкімінің орынбасары басқарған жер комиссиясы жер телімдерін туған-туысына таратып берген соң, халық наразылық танытқан болатын. Биыл қыста Бөлексаз ауылында сиыр фермасында мал қырылып, ауыл тұрғындары қатты қиналды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы