ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Қылмыс үстінде емес, той үстінде ұсталды»: Төреғали Төреәлі Қайрат Нұртасқа қолдау білдірді

Ол әкімдік өкілдері мен полицейлерді тойдан бизнес жасап жүр деп айыптады

Төреғали Төреәлі той үстінде ұсталған Қайрат Нұртасқа қолдау білдірді. Сондай-ақ, әнші әкімдік пен құқық қорғау қызметкерлерін тойды бизнеске айналдырып алды деп айыптады. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасында жазды.

Күні кеше ғана БАҚ беттерінде әнші Қайрат Нұртастың карантин талаптарын сақтамай, той тойлап жүрген жерінен мобильді топтың «құрығына түскені» туралы ақпарат тарады. Осы оқиғаға қатысты өнер иесі Төреғали Төреәлі әлеуметтік желіде өз ойын жазды.

«Соңғы екі-үш күнде Қайрат Нұртас той үстінде ұсталды деп, тура қылмыс үстінде қандықол қарақшы ұстағандай ұрандатып жүргендер бар. Шын өнер адамы шақырса, қандай ортаға болсын барып, өнер көрсетуді парыз санайды. Роза апаларымыз оқ жауып тұрған соғыста танктің үстінде ән айтқан ғой. Туберкулез жайлаған түрмеден бастап, жемқорлық жайлаған мінбеге дейін құрметтеп шақырса барасың... Оның жанында басшылықтан бастап, бүкіл жүйе дұрыс күреспей отырған ковидтен Қайрат қана сақтануға міндетті емес шығар?» - деп жазды әнші.

Автор халық арасында жасырын той жасап жүргендерді де тілге тиек еткен. Оның айтуынша, той өткізуді қалайтындар қалай да болса бір амалын табады.

«Вирустан емес, биліктен тығылып, жалтақтап жасырын тойлап халық жүр. Халықты бұл үшін жазғыруға болмайды. Махаббат карантинге қарамайды! Отау құрған жастардың ниетін қолдап, жұртты жиып, некені көпшілікке жариялау діннің де, дәстүрдің де міндеті. Ата-ана ол міндетті орындау үшін қандай жағдайда да жол табатыны белгілі. Қазіргі тауда, табиғат аясында, тойханаларда "жасырын" өтіп жатқан тойлар соның дәлелі», - делінген.

Сондай-ақ, әнші тығылып той өткізуді жемқор жүйенің ойыны деп айыптады. Айтуынша, карантин тексеріс тобының өкілдеріне майдай жағып жатыр.

«Бәрі белгілі, әрі соған жол беріп қойып, білмеген кейіп танытқан жемқор жүйенің ойыны бұл. Сорлайтын сол қара халық. Ковидті сылтауратып әкімшілік пен әчастковый тойды өз бизнестеріне айналдырып алды. Ресторан қожайындары беретінін беріп, "крышасы" табылғанда ғана "жасырын" жұмысын бастайды. Солай гарантиямен тойын қабылдағанын клиенттерден естіп жүрміз. Әрі той үстінде тексеріп келгенде қонақтарды таратпай, "өзара келісіп" жалғасын тапқан тойларды да көзіміз көрді», - деп жазды автор.