ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Өз-өзімнен қашып, Сирияға кетпек болдым» - лаңкестің шері

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі жазасын өтеушінің жазбасын жариялайды

Фотоколлаж

Петропавл қаласындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жүрген Жансая Таңатарова лаңкестік үшін сотталған. Сирия аспақ болған әйел басынан өткен оқиғаларын баяндап, ішкі шерін ақ қағазға түсірген.

«БЕЙТАНЫС ЖАННЫҢ АЙТҚАНЫН ІСТЕП, АЙДАҒАНЫМЕН ЖҮРДІМ...»

«Telegram» месенджерін ашып «жол сілтеушіме» ақша тапқанымды жаздым. Сондағы қолымда бар ақшам жүз жиырма мың теңге. Құдды бірнеше миллион секілді сытырлатып қайта-қайта санап сол адамнан хабар күтіп отырмын. Біраз тостым, әйтеуір күткен хабарламам келді.                                     

«15.09.2017г. Вы должны прибыть в г.Кордай к 23 часам. Едьте на междугороднем такси. Вас там встретит «мой» человек и он за такси оплатит сам. Также я дал ему Ваш непилингованный номер. Дальше он Вас переправит по постоянному маршруту: Караганда – Кордай – Бишкек – Стамбул – Шам т.е. Халифат!         

До скорой встречи в Священных Землях, Дорогая сестра!»

Хабарламаны оқып, өшіруге қимай өңім бе, әлде түсім бе деп тамсана беремін. Ақшамды қайта-қайта санағандай, хабарламаны да оқи беремін сан қайталап...

Аласұрып күткен 15 қыркүйектің таңы атты. Түнді ұйқысыз өткердім. Қатты толқып - уайымдағаннан ұйықтай алмаған адамдарға таң қалатын едім. Алайда, дәл осы түні мен оларды шын түсіндім. Таң намазымды оқыдым. Күн көтерілгенше Құран Кәрім оқыдым. Жолға алған бірсыпыра киімдерімді қайта түгендеп, дайындадым. Миллиондай көрінген жүз жиырма мың теңгемді тағы санадым. Жол алдында жүрек жалғап алайын деп үйге кіріп дастархан жайдым. Ас батпады. Қол-аяғым дірілдеп, жүрегім дүрсілдеп, өз теріме өзім сыймай жүрмін. Қобалжу деген осы екен! Уақыт тоқтап қалғандай...

Үйтіп-бүйтіп жолға шығатын уақыт таяды. Алдын-ала келіскен қалааралық такси жүргізушісі тосып тұрған мекен-жайға келдім. Шие түсті «BMW» маркалы Қордайға дейін жалдаған көлік жүргізуші Иванды (шарты есім) көргенде өзімді біртүрлі сезіндім. Себебі оған өтірік айттым «Қордайға дәрігерлік іс-сапармен бара жатырмын» деп.

Оның үстіне маған Иван аса қарапайымдылығымен, кеңпейілділігімен, мәрттігімен жақсы жігіт көрінді. Еш арам пиғылсыз даңғырлап әңгіме айта бастады. «Мен осындай ақкөңіл адамды қалай шімірікпестен алдадым» деп өзімді жегідей жеп келемін. Өтірікке белшемнен батпас үшін аз сөйлеуге тырыстым. Иванға қарап отырып сан түрлі ой келді. Ең біріншісі қанішерлердің қолынан қаза болған такси жүргізушілері туралы болды. Нәпақасын кісі тасып тауып, жолаушысына көрген - естігенін айтып, аңғалдығынан құрбан болған «таксистердің» халі мен жанұясының жағдайын ойлап, тұла бойым шымырлап сала берді. Әлбетте Иванға жәбір көрсету ойымда еш жоқ еді. Дегенмен оның сондай адалдығын көріп, өзімді құнсыз жексұрын сезіндім.

«Дәл қазір ҰҚК қызметкерлері мені тұтқындайтын болса, бұл байғұс Иванды тергеуге шақыртып, әуре-сарсанға салады-ау» деп ойға шомып, артқы терезеге қайта-қайта қарайлап отырдым. Ақ түсті көліктің біраздан бері «біздің» көлікпен қатарлас келе жатқанын байқадым. Қаладан шығар тұста тоқтатуы мүмкін деп ойладым.

«ЖАНАРМАЙ БЕКЕТІНДЕ ТҰТҚЫНДАЛДЫМ»

Иван жанармай бекетіне тоқтады. Жанармайға ақша төлеу үшін дүкенге кірді. Ақ түсті көлік те Иванның көлігіне қатарлас тоқтады. Алайда, ол көліктен ешкім шықпады. «Қорыққанда қос көрінер» демекші, сол «қос» осы ақ көлік болар деп өзімді жұбаттым. Оны тексерудің бір ғана амалы болды. Өзім отырған көліктен атып шығып, дүкенге кірдім. Артымнан ақ көліктің жүргізушісі де дүкенге беттеді. Оның дүкенге кіргелі тұрғанын көріп, бірден сыртқа шығуды жөн көрдім. Себебі оның ҰҚК қызметкері екеніне көзім жетті. Екеуміз дүкеннің есігінен біріміз дүкенге кіру үшін, ал екіншіміз шығу үшін сыйысып өттік. Ал Иван сол, баяғы даңғырлап жүр әңгімесін айтып. Тіпті ойында ештеңе жоқ. Жанармайды толтырып құйдырып жолға тарттық.

Дауысымды қатты шығарып айтсам, шошып кетер деп, орташа дауыспен «Иван, қазір бізді қаланың шығар тұсындағы полиция бекетінде тоқтатады. Сен тек қатты шошымашы»,  дедім. Мені тыңдап, естіген Иван жоқ. Өз әңгімесін айтып былдырлап келеді. Дауыстап айтуым керектігін ұғынып «Иван, осы жерден кері бұрылып мені үйіме апаршы» деп айтайын десем, дауысым шығар емес. Қорқынышты түстегі сияқты дауысым шықпай қалды. Кері үйге қайтуды қаладым. Тұтқындайды деп үрейлендім. Үрейім мен қорқынышымның үйлесімділігінен туындаған сезім бойымды билеп алды. Тілім күрмеліп, дауыссыз қалған күйі полиция бекетіне жетер сәтті күттім. Бекетке жақындаған сайын ішкі түйсігім «кері қайт үйге» деп жанайқайын салуда. Ал тәнім маған бағынар емес. Тілім күрмеліп, дауысым шықпай, тұла бойымды діріл басып, жүрегімнің дүрсілін санаған күйі қаққан қазықтай болып қақиған бойы қақиып отыра бердім.

Бекетке таяғанда кейбір көліктерді тоқтатып, жалпы тексеру жүргізіп тұрған полиция қызметкері мен қарулы арнайы бөлім сарбазын көрдік. Иван асқан қарапайымдылықпен «Жоспарлы арнайы жаттығулық тексеріс болар. Күдікті түгіміз жоқ қой, бізді тоқтата қоймас. Сіз қалай ойлайсыз, а?» деді.

«Қателесесің! Дәл бізді тоқтатады!», - дедім. Бірақ мені Иван тағы естімеді. Себебі, менің жанайқайым айғай салғанымен, дауысымды шығара алмай үнсіз күйде қала бердім. Полиция Иванға «тоқта» деген ишара көрсетті. Ол тоқтады да, полицейден жөн сұрасты. Сөйтіп құжаттарын ақтара көрсете бастап:

«Қордайға жолаушы апара жатырмын. Құжаттарымды ақау жоқ», деп өзіне тән аңғалдықпен түсіндіріп жатыр. Бірақ полицей мырза оны көліктен екі метрдей қашықтыққа алшақтатты. Менен өзге ешбір жан түсінбей қалды, бетперде киіп сақадай сай қаруланған он шақты арнайы әскер сарбаздарының қайдан атып шыққанын. Көлік толық қоршауға алынып, маған «сыртқа шық» деген бұйрық берілді. Есікті ашу үшін тарттым. Алайда есік ашылмады. Үш-төрт рет тартқыштадым тұтқаны. Қарулы әскерилер бұйрығын бірнеше рет қайталады. Ал есік ашылар емес. Шыдамы таусылды ма, әлде протокол бойынша әрекет етті ме, білмеймін? Әскерилердің бірі қолындағы қарудың сабымен ашылмаған есіктің әйнегін шақты. Дәл сол сарбаз көлік есігінің шағылған терезесінен қолын сұғып есікті ашуға тырысты. Есік ашылмады. Ойлау қабілетінің жеделдігі соншалық, бірден есіктің кілттегіш тетігін көтерді де, есікті әбсәтте ашты. Көліктен мені шығарып алды. Көліктен шыға бере Иванға бұрылып қарадым. Ол екі қолымен екі самайын қысып тұрып, аузы аңқиып

Бұл не деген сұмдық, ойбай, - деп селтиді де қалды.

Иван, кешірші мені! – деп айқай салғым келді. Өйткені дәл сол сәтте бір Иванның кейіпінде ата-ана, аға-әпкелер, іні-сіңлілер, күллі туған-туысты көрдім.

Айғай пайдасын бермейтінін іштей ұғынып, сарбаздардың бұйрық-шараларына бағынып, тергеушінің алдына келдік. Тергеушіні бірден таныдым. Сол әлгі ақ көлік жүргізуші тергеуші болып шықты.

Мені лаңкес-содыр ретінде тұтқындаса да, жаны нәзік әйел екенімді ешбірі ұмытпады. Жүріп-тұруыма байланысты бұйрық беріп, орындалуын талап етсе де, еш дөрекілік көрсетпеді. ҰҚК басқармасына кәдімгі кортеж болып жеттік.

Тергеу кабинетіне арнайы әскери сарбаздарының күзетуімен кірдім. Тергеуші барлық құқықтарыммен тағы бір қайталай таныстырды. Содан соң сарбаздардың екеуін ғана қалдырып қалғанын босатты. Сәлден кейін кабинетке менімен таныстығы біразға жеткен Айдар (шартты есімі) кірді.

Тергеу басталды. Сот шешімімен екі айға қамауға алындым. Абақтыдан бостандыққа кері шықпайтыныма көзім жетті. Тергеу абақтысында жүйелі түрде имам келіп тұрды. Өте құнды насихаттар айтты. Бірақ мен насихат тыңдайтын халде емес едім. Әйтсе де сұхбаттарды әлі күнге дейін есіме алып тұрамын.

«ОТБАСЫМ ОЙРАН БОЛДЫ»

Тар қапаста отырып қозғалған істің аяқталуын аңсадым. Қорғаушым отбасыммен бірге қайғырды. Ал әкешім қайғының қажытқанынан қозғалысы қиындап полиартриті қарқынды асқына бастады. Анашым қайғыдан қан жұтқаны соншалық көз жанарынан айырылудың аз-ақ алдында қалды. Алла қалап ота жасатып үлгерді. «Жалғыз қарам» деп қайда барса да соңынан ерткен жалғыз ағам қатты күйзелістен жүйке жүйесі қабынуды бастады. «Әйел қырық шырақты» демекші әпкелерім мен жеңгем ата-анама, ағама демеу болды. Осылайша «Сирия» деп селтеңдеп отбасымды ойран еттім.

Енем, жолдасымның анасы, сот залында маған қарсы жалған куәлік берді. Сот рұқсатымен енеме сұрақ қойғанымда, сасқалақтап жауап бере алмады. Сөйтіп, судья көп нәрсеге көзін жұмып, енемнің жалған куәлігіндегі «иә» деген екі әріптік сөзімен 10 жылға шырылдатып соттады да жіберді. Сотталып бара жатып иектері кемсеңдеген әкеме, ағама қарап отбасымның қалған мүшелері көз алдыма келіп жүрегім қан жылады.

10 жыл жазаны арқалап түзету мекемесіне келдім, «режимге бағынбаймын» деп тентектігімді көрсеттім. Ттыныштандыру изоляторына жабылдым. Мекеме қызметкерлері менімен көп жұмыс жүргізді. Мені бақылап қадағалаушы емес, маған жанашыр жол сілтеуші бола білді. Қатаң ұстау жағдайында бір жылды жалғыздықта өткіздім. Әлбетте, имамдар, теологтар, психологтар, ҰҚК қызметкерлері «ЕС-164/6 мекемесі» қызметкерлерімен бірлесіп, асарлатып маған қажет көмектерін аямады. Соның нәтижесінде мен өзімнің радикал діни ағымда адасып жүргенімді мойындадым.

Жансая Таңатарова бұл мақаласын ҚР ІІМ ҚАЖ Комитетінің Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Орталық Азиядағы халыақаралық түрме реформасы және «VNIMANIE.KZ» жобасының қолдауымен  ұйымдастырған әдеби байқауға жолдаған еді. Оның қорытындысы бойынша автор 2-ші орынды иеленді.