ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан қайтыс болғандардың саны жарияланды

Пандемиямен өткен бір жыл: дәрігер, полицей, мұғалім және спортшының естелігі

Қашықтан оқыту, блок-бекет, науқастардың көбеюі, індеттің өршуі жайлы

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

ДДСҰ 2020 жылдың наурыз айында коронавирус пандемиясы жайлы мәлімдеме жасап, Қазақстан індеттің алдын алу үшін ел аумағында төтенше жағдай режимін енгізді. Ірі қалалар мен аудандардың, тіпті коронавирус өршілеген жекелеген ауылдардың маңында блок-бекеттер қойылып, халықтың еркін жүруіне шектеу күшейтілді.

Azattyq Rýhy тілшісі пандемиямен өткен бір жылды еске алып, карантин кезінде адамзат баласына төнген қауіппен алдыңғы шепте жүріп күрескен бірқатар сала мамандарының пікірін білді.

«БІР КҮНДЕ 300 НАУҚАСТЫҢ ШАҒЫМЫН ҚАБЫЛДАҒАН СӘТТЕР БОЛДЫ»

Пандемия кезінде індетпен алдыңғы шепте жүріп күрескен мамандардың бірі - медицина қызметкерлері. Әсіресе, былтыр жаз айларында коронавирус індеті өршіп, науқастар саны күрт көбейді. Сол шақта диломында «дәрігер» деген жазуы бар барлық маман коронавируспен күреске жұмыла кірісті.

Оқи отырыңыз: «Ауырмайтын жол іздейік». Тоқаев пандемиямен өткен бір жылға тоқталды

Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді ауруханасының пульмонологы Сапаргүл Бердешова мекемені алғаш карантинге жапқан күндерді еске алды.

«Алғашқыда осы пульмонология бөлімінде 5 адамнан коронавирус анықталған кезде, бізді 14 күнге карантинге жауып тастады. Бөлімшеде 50 науқас, 35 қызметкер болды. Сыртқа шығуға түбегейлі тыйым салынды. Бірақ 9-шы күні қалада науқастар саны күрт өсе бастаған кезде, мені көмекке шақыртты. Сол күні сыртқа шыққанымда өмірдің әлі де жалғасып жатқанын сезіндім. Өйткені, карантинге жапқан кезде, аурухананың ішінде шынымен де түңіліп кеттік. Сыртқа шыққаннан кейін бірден үйге барғым келді. Отбасымды сағындым. Бірақ жақындарыма вирус жұқтырып алудан қорықтым. Дәрігерлерге қонақ үйден орын берілмей тұрып, біз әріптестерімізбен бірер уақыт пәтер жалдап тұрдық. Ал үйге барған кезімде ешкімді маңайыма жолатпай, бірден душқа кіріп, киімімді ауыстыратынмын. Соның өзінде ешкімді жаныма жақындатпауға тырыстым. Американың «Заражение» фильміндегідей күйді кештік», - деп еске алды Сапаргүл.

Медицина саласында да жасы үлкен және аяғы ауыр қызметкерлерге жұмысқа шығуға шектеу қойылды. Сол себепті өзге мамандардың мойнына артылған жүк бірден еселенді. Ал карантин жеңілдетілген кезеңде елдегі жағдай күрт ушыға түсті.

«Маусым, шілде айларында жағдай өте ауыр болды. Науқастарды қабылдау жағынан рекорд орнады десе болады. Өйткені, бір күннің ішінде біздің стационардың өзінде шамамен 300-ге жуық науқастың шағымын қабылдадық. Тамақтану былай тұрсын, тіпті су ішуге уақыт болмады. Үстіміздегі қабат-қабат қорғаныш киімімен жүріп-тұрудың өзі оңайға соққан жоқ. Қабылдау бөлімінде 5-6 дәрігерден жұмыс істеді. Ол кезде адам түгілі техниканың да күші жетпейтін кездер болды. Компьютерлік тамография бір сәтке де босаған жоқ. Пандемияға дейін соңғы рет 2009 жылы бір күннің ішінде шамамен 50 шақты науқасты қабылдағанымыз есімде. Ол маусымдық аурудың өршіген кезеңі болатын. Оның үстіне, ол кезде қала бойынша бір ғана пульмонология бөлімшесі болды», - дейді пульмонолог маман.

Медицина саласы пандемия тұсында қатты сыналды. Тіпті, әлі де жалғасып келеді. Билік басындағылар КВИ-мен күресудің дұрыс жүйесін құрумен әлек болса, қауіпті инфекцияның құрбаны болған ақ халаттылар да болды.

«Науқастарға ем-дом көрсететін ақ халаттылардың өзі де коронавирус жұқтырып, ауруханада санаулы ғана мамандар жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен де маусым айының соңында ауырып қалып, толық айықпағаныма қарамастан екі аптадан жұмысқа шығуыма тура келді. Өйткені, осы стационардағы жалғыз пульмонолог - мен. Ал қабылдау бөлімінде дипломында дәрігер деген жазуы бар маманның барлығы жұмыс істеді. Олардың арасында травматолог та, көз дәрігері де, хирург та болды. Барлығы жұмыла кірісті», - деді Сапаргүл Бердешова.

Науқастардың арасында жүрген дәрігерлердің отбасымен, жақындарымен кездесуі мұңға айналған.

«Сол кездері осы аурудан көз жұмғандардың саны көбейіп кетті ғой. Сондай жаңалықтарды естіген 8 жастағы ұлым күнделікті телефонмен хабарласып, «мама, сен үйге келесің ғой ия?» деп жиі сұрайтын. Сөйлесіп тұрып, арасында жылап та алатынбыз», - дейді дәрігер.

Медицина мамандарының қоғамдағы рөлі мен жұмысына деген адалдығы, «Гиппократ сертіне» берік болуы дәл осы пандемия тұсында анық көрінгендей болды.

«Біз сол кездері науқасты реанимацияға ауыстырмай, өзіміз емдеп көрейік деп қолымыздан келген бар амалды жасадық. Өйткені, жансақтау бөліміне түскен науқас үміт үзе бастайды. Мен бүкіл медицина қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде жалғыз дәрігер емес, сонымен қатар медбикелердің, санитарлардың да еңбегі зор. Ешнәрседен тайсалмай, алдыңғы шепте жұмыс істеді. Біздің психологиямыз аса қатты өзгерді деп айта алмаймын. Себебі біз дәрігерміз, адамдарға көмектесу – біздің міндетіміз!», - деді Сапаргүл Бердешова

«ПАРТАДА ОТЫРҒАН ОҚУШЫҒА САБАҚ ТҮСІНДІРГЕНГЕ ЖЕТПЕЙДІ»

2020 жылдың наурызында төтенше жағдай жарияланған күннен бастап оқушылар да қашықтан білім алуға көшті. Осы сәтте елдегі цифрлық жүйенің әлі де ақсап тұрғаны байқалды. Оқушылар да, мұғалімдер де тығырыққа тірелді.

«Әрине кедергілер болды, көптеген қиындық туындады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына бұл жүйе оңайға соққан жоқ. Балаларды қалай оқытамыз, қандай платформаны қолданған қолайлы, олардың білім деңгейі қалай болады деген сынды сұрақтар туындады. Мұғалімдер интернет желісі арқылы жұмыс істеуді біледі. Бірақ оны тәжірибе жүзінде іске асыру бөлек дүние. Онлайн білім беру тәсілін ата-ана мен балаға дұрыс жеткізе білу керек болды», - дейді, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Болатқызы.

Бастапқыда қашықтан сабақ оқу көп оқушы үшін «қуанышты» жаңалық болды. Алайда, Ақмарап Болатқызының айтуынша, қашықтан білім беруде мұғалімдер түрлі әдістерді жүзеге асырды.

«Онлайн түрде оқушылардың басын жинау бастапқыда қиын болды. Жалпы мұғалім сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Балаларды онлайн сабаққа бейімдеу әрі қызықтыру да үлкен шаруа. Ол бірінші кезекте мұғалімнің өзіне байланысты. Бұл жерде білім басқармасы тарапынан, білім беруді жаңғырту орталығы тарапынан көптеген жұмыс жүргізілді», - дейді бастауыш сынып мұғалімі.

Партадағы емес, телефондағы шәкіртке сабақ түсіндірудің қыр-сырын толық меңгеру үшін бір жылдың ішінде ұстаздар заманауи тәсілдерді қолданудың аясын кеңейтті.  

«Мұғалімге қашықтан сабақ түсіндіру оңай нәрсе емес. Әр сабаққа тыңғылықты жан-жақты ойланып дайындалу қажет болды. Бұл формат мұғалімдердің жұмысын екі есеге арттырды. Балаларға жаңа материал және видеоконтент дайындау керек болды. Дегенмен, мұғалімдер бір-біріне қол ұшын созып, осы қиындықтан бірлесіп шығудың түрлі жолын тауып жатты», - дейді ұстаз.

Биыл наурыз айынан бастап оқушылар аралас форматта оқу жүйесіне ауысты. Бұл жаңалық оқушыны да, ата-ананы да, мұғалімді де қуантқаны рас.  

«Оқушылардың бірқатар легі ақарындап мектепке келе бастады. Олардың мектепті қатты сағынғаны көрініп тұр. Тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де білім ұясына тезірек оралуды қалады. Балалардың көз алдында сабақты бірге талқылап, сол жерде оқушылардың жасап жатқан жұмысын өз көзімен көруді сағынғаны сөзсіз. Жалпы, балалардың басынан сипап, арқасынан қағудың өзі үлкен ғанибет», - деді Ақмарал Болатқызы.

«КЕЙ АЗАМАТТАР БЛОК-БЕКЕТТЕН ӨТУ ҮШІН ҚУЛЫҚҚА БАРДЫ»

Төтенше жағдай жарияланып, елге карантин енгізілген күннен бастап алдыңғы шепте жұмыс істегендердің бірі - полиция қызметкерлері. 19 наурыздан бастап (2020 жылы) Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына блок-бекеттер қойылған сәтте, қалаға кіріп-шығатын жолдарда үлкен кептеліс байқалды. Жол-патрульдік полициясының аға лейтенанты Сағыныш Түлеков елордадан Көкшетауға шығатын бекетті күзеткен.

«Былтыр блок-бекеттер қойылған сәтте, біздің жұмысыз да бірден күшейді. Жұмыс уақытымыз 12 сағатқа созылды. Біз түнгі ауысымға түсіп отырдық. Яғни, бекетте кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін тұрдық. Төрт инспектор бекеттің бергі жағында, төртеуі арғы жағында күзетіп тұрды. Үш сағат сайын өзара ауысып отырдық», - дейді инспектор.

Тәртіп сақшысы алғашқы күндері бірақатар қиындықтарға тап болғандығын айтады. 

«Бастапқы 2-3 күннің ішінде үлкен кептеліс болды. Өйткені түсініспеушілік жиі болатын. Бұл күтпеген жағдай болғандықтан, талаптар да өзгеріп жатты. Мәселен, алғашқыда қалада тіркелімі бар тұрғындарды ғана кіргізуге рұқсат берілді. Бірақ Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін кейбір азаматтар басқа өңірде тіркелгендіктен, оларға әкімдіктен арнайы рұқсат қағазы берілді. Соған байланысты рұқсаты бар азаматтардың ғана кіріп-шығуына мүмкіндік бердік», - дейді аға лейтенант Сағыныш Түлеков.

Қалаға кіріп-шығу тұрғындарды біраз әбігерге салды. Полицейдің айтуынша, азаматтардың басқа өңірлерге шығуына түрлі факторлар себеп болған.  

«Мәселен, карантин кезінде балаларын ауылдағы ата-әжесіне апарып тастап, біраз уақыттан кейін оларды қайтадан кері алып кету мақсатында қаладан шықпақшы болған азаматтар жиі кездесті. Бірақ, оларды әкімдіктен рұқсат алмайынша өткізген жоқпыз. Сондай-ақ жақындары қайтыс болғандар да әкімдіктен рұқсат алып, жолға шығып жатты. Оларды міндетті түрде қаладан шыққан адам ретінде тіркеп отырдық», - дейді жол-патрульдік полиция қызметкері.

Қалаға кіріп-шығу үшін қулыққа басып, түрлі амал-айла ойлап тапқандар да болған.

«Бірде таңғы сағат бес шамасында жазық далада келе жатқан бір адамның сұлбасы көрінді. Артынша ол азаматты ұстап, оның екі аптадан бері қаладан шыға алмай жүргені анықталды. Әкімдік рұқсат бермегендіктен, ол кісі қаладан жаяу шықпақшы болған. Соған ұқсас жағдайдың куәсі болдық. Түнгі сағат үш шамасында қалаға кірмекші болған автокөлікті тексеру барысында оның багажынан бір адам табылды. Ол Ақмола облысы Бозайғыр ауылының тұрғыны болып шықты», - дейді полицей.

Еске сала кетейік, блок-бекеттерде құқық қорғау қызметкерлерімен бірге қалалық жедел-жәрдем және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары қоян-қолтық жұмыс істеді.

«БЫЛТЫРҒЫ ЧЕМПИОНАТ АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ»

Пандемия кедергісінен зардап шеккен тек кәсіпкерлер емес. Бұл қатарда жаттығуы үзілген, жарысы тоқтаған спортшылар да бар. Нұр-Сұлтандағы шағын футбол клубының қақпашысы Нұрәлем Байділлә карантин шектеуінің спортшыларға қалай әсер еткенін айтты.

«Спортшылар үшін мұндай шектеу қиынға соқты. Көбі көпқабатты үйде тұрады, жаттығу жасауға еш мүмкіндігі болған жоқ. Мен жер үйде тұрғандықтан, аулада жаттығу жасап, үйді айналып жүгіруден басқа амалым болмады. Спортшылар әрдайым бабында болуға тиіс. Бір рет мекте ауласындағы жүгіру алаңына барып жаттығу жасаған кезімде, мекеменің күзетшісі келіп, карантинге байланысты алаңға кіруге тыйым салынғанын хабарлады. Көшеде жүгірген кезімде полиция қызметкерлері тоқтатып, үйге қайтуымды сұрады. Сол себептен үйде Zoom қосымшасы арқылы жаттықтырушымызбен байланысқа шығып, қажетті нұсқау алып отырдың», - дейді спортшы.

Карантин талаптары бойынша барлық жарыстарға уақытша тоқтатылды.

«Былтыр 16 наурыз күні жаттығуымызды тоқтатуға мәжбүр болдық. Төтенше жағдайдың енгізілгенін хабарлағаннан кейін барлық ойыншы өз қалаларына ұшып кетті. Ал дәрігеріміз бізбен әрдайым байланыста болып, сақтық шараларын айтып, үйден шықпай, шыққан жағдайдың маскамен жүру керектігін ескертіп отырды. Әрбір үш күн сайын жағдайымызды сұрап тұрды», - дейді Нұрәлем Байділлә.

Спортшылар араға жарты жыл өткен соң ғана барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жаттығу алаңдарына орала бастады. Дегенмен, бұл спортшы үшін тым ұзаққа созылған үзіліс.

«Тамыз айының ортасында командамен бірге қайта жаттыға бастадық. Алты ай бойы дұрыс жаттығу жасамағандықтан, физиолиялық тұрғыда қиын болды. Алайда жаттықтырушы дәрігермен бірге ақылдасып, қайта қалпымызға келу үшін тиімді жағдай жасады. Бірақ бірінші аптада бізде жүгіру болды. Сонда біраз қиналғанымыз бар», - деді жас футболшы.

Нұрәлем Байділлә былтырғы жарыстың сол күйі аяқсыз қалғанын еске алып, алдағы уақытта ойынның қашан және қайда өткелі жатқанын айтты.

«Бізде 14 наурыз күні матч болуы керек еді. Біз Алматыдан Рудный қаласына пойызбен жолға шықтық. 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласына жеткенде бізге жарыстың өтпейтіні туралы келді. Сосын Алматыға кері қайттық. Жарыстар сол күйі өткен жоқ. Ал қазан айында жаңа чемпионат басталды. Ұлттық құрама туралы айтар болсам, 2020 жылы Литвада әлем біріншілігі өту керек болған. Ол жарыс бір жылға шегерілді. Яғни 2021 жылдың қыркүйек айында өтеді деп күтілуде», - деп хабарлады Нұрәлем Байдолла.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан