ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 1700-ден астам адамнан вирус анықталды

«Мені жолдан ысырып тастады»: сот орындаушысы мұнай компанияларының арасындағы дауға араласып, лицензиясынан айырылды

Маңғыстау облысында мұнай компанияларының арасындағы дау әлі жалғасып жатыр

«БатысНефтеТрэйд» ЖШС мен «Terminalex» ЖШС құны 2 млрд теңгеге бағаланатын 13,7 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдері үшін екі жарым жылдан бері өзара соттасып келеді. «БатысНефтеТрэйд» ЖШС 2018 жылы бұл жүкті екеуара келісімшарт негізінде «Terminalex» ЖШС-не уақытша сақтауға берген. Құқық қорғау органдарының күдігіне контрабандалық тауар ретінде ілінген мұнай біршама уақыт резервуарларда тұрып қалады. Ал, тауардан арест алынған соң жоғарыдағы екі серіктес арасында түсініспеушілік басталады. «БатысНефтеТрэйд» ЖШС өзіне тиеселі жүкті қайтарып алуға барғанда, «Terminalex» ЖШС тауарды сақтағаны үшін аса ірі мөлшерде есепшот ұсынған. Содан бері екі компания арасындағы дауға байланысты 40-қа жуық сот процесі өткен. Бұл тектетіреске сот, прокуратура, полиция, сот орындаушылары араласты. Ал 2021 жылы бұл шиеленіс басқа деңгейге көтерілген. Екі кәсіпорын арасындағы құқықтық талас-тартысқа енді Әділет министрлігі мен Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы араласа бастады.

Маңғыстау облыстық сотының бір-біріне кереғар шешімдері қалыптасып отырған жағдайды шиеленістіре түскен деуге болады. Өткен екі жылда бір сот екі тараптың да мүддесіне қарама-қайшы болатын сот шешімдерін шығарған. Отандық сот жүйесі үшін мұндай жағдай айтарлықтай жаңалық емес. Десе де, екі шағын компанияға арасында елеусіз ғана басталған құқықтық тартыс үлкен резонансқа айналды.

Әр серіктестік сотта таласқа түсіп жатқан жүктің өзіне тиеселі екенін дәледеуге тырысып жатыр. Себебі олардың екеуінде де өз пайдасына шешілген сот шешімдері бар. Бұл барып тұрған нонсенс емес пе?!

Кезекті талас-тартыс басталғанда жүктің бастапқы иесі мұнайдың үшінші бір тарапқа сатылып кеткенін біліп қойғанын айтады. Тіпті, жүкті қоймадан алып кетпек болып жатқаны белгілі болыпты. Мұны рейдерлік жолмен тартып алу дегеннен басқа балама жоқ дейді ол.

Қалыптасып отырған жағдайға жеке сот орындаушы Евгений Исмамбетов те осындай баға береді. Ақтау қаласы прокуратурасының нұқсауымен Әділет министрлігі бұл сот орындаушысының лицензиясын 2020 жылы қыркүйекте алты айға тоқтатып тастаған. Енді алдағы бір-екі күнде оның мерзімі де аяқталады.

Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Метерқұлованың 2020 жылы 19 мамырдағы және сол жылы 10 қарашада шығарған сот ұйғарымы жаға ұстатарлық дейді заңгер Исмамбетов. Айта кету керек, судья да, сот орындаушысы да «Terminalex» ЖШС-нен бөлек тағы да 8 талап етуші тұлғаның бар екенін ескермегенін бұған дейін жазған болатынбыз. «БатысНефтеТрэйд» кәсіпорнынан мүліктерін талап еткен жеке компаниялар шағымдарының негізінде өзге де талап етушілердің келісімін алуы тиіс еді. Себебі бұған дейінгі сот мүлікті тек бір ғана талап етушіге беруді заңсыз деп тапқан. Талап етушілердің барлығы тең құқылы, олардың құқықтық және заңдық мүдделері де теңдей. Ендеше, борышкердің мүлкі барлық талап етушіге теңдей әрі пропорционалды қағидаларды сақтай отырып бөлінуі тиіс болған. Тиісінше барлық талаптар заң аясында қаралуы керек еді.

Бір жарым жыл аталған дүние-мүлікке байланысты атқарушылық өндіріс пен сот процесіне қатысып жүріп, бұл жағдайды рейдерлік деп атағаннан басқа амалым жоқ, дейді Евгений Исмамбетов. Рейдерлікке байланысты қылмыстық жауапкершілік жақында ғана айналымға енгенімен, оны іс жүзінде құқықтық қолдану тәжірибесі жоқтың қасы. Мұндай кезде қылмыстың алдын алуда ҚР ҚК 249-бабының бұрыннан жұмыс істемейтінін мойындауға тура келеді дейді Исмамбетов. Біз заңгерді сөзге тартып, істің мән-жайы туралы сұрап білдік.

- Сіз сонда заңнаманы өзгерту керек деп есептейсіз бе?

- Ашық дереккөздеріндегі ақпаратқа қарағанда, 2019 жылы Мәжілістің бір топ депутаты ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа рейдерлік мәселелері бойынша депуттатық сауал жолдаған. Бұл сауалға берілген жауапқа қарап, қылмыстық кодекске кейбір өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгенін білдік. Сонымен бұл мәселе сол күйі жабылды. Мен 2021 жылы қаңтарда Парламенттің қос палатасындағы тиісті комитеттерге рейдерлік қылмысқа қарсы күрестің бар тетігі – соттың әділдігін қамтамасыз етуде жатқанын айтып, үндеу жолдаған едім.

Менің ойымша, бар мәселе мынаған тіреліп тұр: әдетте біреудің мүлкіне қол сұғудың астарында әкімшілік-командалық ресурастар тұрады. Ең шешуші рөлді әрине, сот атқарады. «Жаулап алушылардың» барлық әрекетін сот шешімдері заңдастырып береді. Міне, рейдерліктің басты ерекшелігі осында, біреудің мүлкін шартты түрде заңды әдіспен алған болып саналады. Бұл туралы Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов та айтқан болатын. Соттың заңсыз шешімін жалған деп танымай тұрып, формальды түрде біреуге қандай да бір талап қою мүмкін емес. Ары қарай жағдай ушыға түседі. Соттардың жауапкершілігі туралы мәселені шешу мүмкіндігі төмендейді. Десе де, кейде соттың сот актілерін заңсыз деп тану оп-оңай.

Біздің пайымдауымызша, «Terminalex» ЖШС біреудің мүлкін иемденіп алуда Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылы 10 желтоқсандағы шешімі және 2020 жылы 19 мамырдағы соттың ұйғарымын мейілінше пайдаланып отыр. Бұл екі сот актісін де судья Гаухар Метереқұлова шығарған еді. Біз оларды қоғамға ашып көрсетуге мәжбүрміз.

Жүктің бастапқы иесінің «Terminalex» ЖШС алдында 900 млн теңге берешегі бар дегенді 2019 жылғы желтоқсандағы сот шешімінде қолдан жасаған деп ойлаймыз. Ал 2020 жылғы мамыр айындағы сот ұйғарымы мүлдем «өнердің үздік тундысы»! Бұл жағдайда сот өзіне сот орындаушысының барлық құзіреті мен міндетін алып алған десе болады. Судья Метерқұлова «БатысНефтеТрэйд» серіктестігінің мүлкін «Terminalex»-ке алып беруде «Сот орындаушыларының мәртебесі және сот орындаушылық өндірісі туралы» Заңды негізге алғаны көрініп тұр. Сот «БатысНефтеТрэйд» компаниясының басқа кредиторларының талабын қанағаттандырмау арқылы, олардың құқығын өрескел бұзған.

Қарапайым сөзбен айтқанда, Метерқұлованың сот актлерінің кесірінен тағы да 30-ға жуық сот процесі туындады. Созбаққа түскен соттың соңы қашан көрінетіні беймәлім. Айтпақшы, бұл – судьялардың сот істерімен бастырылып жатқанына айғақ бола алады. Бір-біріне қайшы келетін сот шешімдерін айтпағанда, бір судьяның өзі өз шешіміне қарсы келетін жағдайлар болып тұрады. Бұл туралы мен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа жазған ашық хатымда айтқан болатынмын.

- Мұндай кереғарлықтардың салдары қандай болмақ?

- Тіпті қолында сот шешімі бола тұра, «Terminalex» ЖШС өз дегеніне жете алмады. Олардың сот ұйғарымын белгіленген тәртіппен орындауға мүмкіндіктері болмай қалды. Себебі заңды белден басып отыр. Олардың 2020 жылы тамызда бассыздыққа барғаны соншалық, біреудің мүлкін иемденуге барынша тәуекел етпек болды. Әлгі компания «Oil Stream» деген серіктестікпен сөз байласып, сот қаулысымен аресте тұрған жүкті алып кету үшін келісімшарт жасасқан.

Қастық ойлағандар ұзаққа бармай ұсталып, вагондар тоқтатылды. Бірақ оларға Ақтау қаласының прокуроры Берік Құлмағамбет көмекке келді. «Terminalex» пен «Oil Stream» шағымына жедел әрекет етіп жатырмыз деген желеумен менің қолымдағы сот атқарушылық құжаттарымды алып алды. Менің әрекетім шағымданушы тараптың құқығын шектейді деп саналды. Әрине, мемлекеттік қадағалаушы орган басшысының ойы сот орындаушысының жолын кесіп, қылмысқа күдікті тұлғаларға мұнайды тезірек теміржолмен алып кетуге мүмкіндік жасау болатын.

Ержан Тұрмағамбетов және Берік Құлмағамбет деген атпен белгілі прокуратура қызметкерлері тиісті өкілеттілігі болмаса да, коммерциялық мекемелер арасындағы дауға заңсыз араласып отырғанын айта аламын. «Terminalex» пен «Oil Stream» мүдделерін қорғау арқылы атқарушылық өндіріске кедергі келтіруі және сот орындаушының тиісті құжаттарын алып алуы заңға қайшы. Бұл туралы Бас прокуратура білсе де, қадағалаушы орган мен соттың әрбір әрекеті заңды деп танылып отыр.

Прокурор Ержан Тұрмағамбетовтің нұсқауымен Әділет министрлігі бір күннің ішінде менің жеке сот орындаушысы ретіндегі лицензиямнан алты айға айырып тастады. Бұл жерде прокурордың тапсырысын орындаған министрлікті де ақтамаймын.  

Бұл жағдайда сот, прокуратура, полиция және Әділет министрлігі жауапсыздық танытты. Тек жалғыз ұлттық тасымалдаушы – «ҚТЖ – Жүк тасмалы» компаниясы сенімді және өз ісіне берік екенін көрсетті. Ол материалдық жауапкершілікке өздері жауап беретінін сезеді. Ал «Terminalex» ЖШС мен «Oil Stream» ЖШС мұнай және мұнай өнімдеріне иелік ете алмайтынын білген. Сөйтіп, менің қаулыма сәйкес «Бейнеу» станциясында 14 вагон мұнай әлі күнге дейін қаңтарылып тұр.

- Ары қарай не істемек ойыңыз бар?

- Менің лицензиямның қайтадан заңдық күшіне ену мерзімі – 19 наурыз. Әрине, «Terminalex» пен «Oil Stream» және мен қолыма құжаттарды алған соң, 14 вагон жүкті өз иесіне қайтару үшін сот шешімін орындауға қайта кірісетінімді біліп отыр. Сондықтан мені жолдан ысырып тастау операциясы қайта жалғасатыны сөзсіз. Бұл жолы Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы өз мүшелігінен шығарып тастауға дейін баратын шығар. Бірақ мен «Бейнеу» бекетінде тұрған 14 вагон жүкті қылмыстық мақсатқа пайдалануға тосқауыл болдым ғой. Неге екенін білмеймін, Маңғыстау облыстық соты менің әрекетімді заңсыз деп санайды. Осындай әрекетті Алматыдағы жеке сот орындаушылары да дәл осындай құжатпен жүзеге асырып жатыр. Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Ернар Ибраев осы ісімен өз қызметіне деген адалдығын аяқ асты етіп отыр. Палатаның әрекетіне қатысты сотқа шағым түсірдім. Менің лицензиямды тоқтатып, палатадан шығарып тастау – құқық қорғау органдарының «Terminalex» ЖШС және «Oil Stream» ЖШС мүдделерін ашық қорғап отырғанын көрсетеді деп білем. Бірақ ескертемін, мен өз қызметіме адал болып қала беремін.

- Әңгімеңізге рахмет!