Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек – Мәжіліс депутаты
Кейбір сарапшылардың айтуынша, шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады

Қазақстанда тарихи отанына оралуға ынталы қандастардың азаматтық алу мәселесі әлі де толық реттелмеген. Бұл мәселені шешу үшін Демография және көші-қон жөніндегі агенттігі қайта құрылуы керек. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса айтып, Премьер-министр атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Кейбір сарапшылардың айтуынша, шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақстан халқының 38%-ын құрайды. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей төмендеп кеткен. 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліп, көрсеткіш бұрынғы межеден 100 еседей төмендеп кеткен», - деді Қазыбек Иса.
Мәжіліс депутаты бұл проблеманы мемлекеттік органдардың тиімсіз жұмысымен байланыстырды.
«Бұның бірден бір себебі - Көші–қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімдігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер қандастарды шақыруға -оларды орналастыру қиындығынан қашып, ел ырысын емес, жан тынышын ойлап отырғандықтан квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармалардың басын бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек», - деді депутат.
Сонымен қатар, депутат азаматтық алу мәселесін де ортаға салды. Оның айтуынша, қандастар азаматтық алу үшін 48 құжат түрін жинайды екен. Әсіресе, бұр тұрғыда шетелдегі қазақтар үшін ұлтының қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең күрделі мәселенің бірі болып отыр.
«Қандастарымыздың «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қою керек. Сондай-ақ, атажұртына қоныс аударғандарды, әсіресе елдің солтүстігіне қоныстандыру керек. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге арасы. Бұдан бөлек, ХҚКО орталығы арқылы ҚР азаматтығын қабылдайтын арнайы бөлім ашылып, бір терезе қағидаты бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік беру жағдайын жасау қажет», - деді Қазыбек Иса Премьер-министрге жолдаған сауалында.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан