$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2021, 15:35
Қоғам

COVID-19: Алматыда мемлекеттік мекемелердің 7 мыңға жуық қызметкері вакцина алды

 КВИ-ге қарсы екпенің көбін медқызметкерлер салдырған 

COVID-19: Алматыда мемлекеттік мекемелердің 7 мыңға жуық қызметкері вакцина алды
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда 7 мыңға жуық адам өз еркімен КВИ-ге қарсы екпе салдырды. Вакцинацилау мұғалімдер мен медқызметкерлер, сондай-ақ полиция өкілдеріне жүргізілген. Қазіргі уақытта Алматы қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймақта» тұр. Соңғы тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 342 жаңа жағдайы тіркелді. Қалада пандемиямен күрес аясында халықты вакциналау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 

«Бірінші кезеңде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен 1750 адам вакцинацияланды. Екінші кезеңде екпені 3300 медицина қызметкері, 955 полиция қызметкері мен 523 мұғалім алды», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Мамандардың сөзінше, қазір жаппай салынып жатқан ресейлік екпе коронавирусқа қарсы иммунитетті адам ағзасында 1 жылға дейін сақтайды. Медицина ғылымдарының докторы, С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиеваның сөзінше, вакцинаның жоғары иммуногендік әлеуеті бар, екпе коронавирустық инфекцияға қарсы антиденелер шығарады. 

«Коронавирустық инфекциядан кейін иммунитет қалыптасады, бірақ ол ұзаққа созылмайды – қайтадан ауырған жағдайлар да бар. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 3 айдан кейін қайта ауруы мүмкін. Сондықтан мен инфекциядан кейін иммунитеттің қаншалықты ұзақ екенін айта алмаймын және оны ғалымдар да әлі нақты айта алмай отыр, бірақ ең аз кезең – 3 ай. Қазақстан аумағында қолданылатын Спутник V вакцинасы ағзаны 1 жылға дейін иммунитетпен қамтамасыз етеді. Қазір Ресейде жасалған басқа вакциналар белгілі және ғалымдардың айтуынша, бұл вакциналар 3 жылға дейін иммунитетті қамтамасыз етеді, бірақ менің ойымша, иммунитеттің қаншалықты ұзақ сақталатыны тек вакциналау жүргізгеннен кейін нақты белгілі болады», - деді профессор.  

Оның сөзінше, халықты вакциналаудың тек 70%-ы тиімді саналады және коронавирустық инфекция ауруының тіркелуін тоқтатуға ықпал етеді. Елде жаппай вакциналау тек 1 ақпанда басталды және вакциналауды толық қамтамасыз еткен жоқ.  

«Сондықтан бетперде режимі, 1,5 метрлік қашықтық сияқты эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтау қажет. Айта кетерлігі, екінші рет вакцина екпесін алған адамдардың эпидемияға қарсы шараларды тағы 14 күн сақтауы тиіс екендігін атап өткім келеді. Эпидемиологиялық жағдай үнемі өзгеруде. Бүгінгі таңда Алматы қаласы "қызыл аймақта", бұл халықтың қайтадан босаңсып, біз коронавирустық инфекцияны жеңе алдық ойлағанын білдіреді. Мен инфекционист ретінде коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар әлі де көп екенін, оның ішінде ауыр халде жатқандар бар екенін, дерттің асқынуы өліммен аяқталатынын айтқым келеді. Біздің еліміздің азаматтарынан өтіне отырып сұрайтыным – бетперде тағыңыздар, қолдарыңызды мұқият жуыңызыздар, қашықтықты сақтаңыздар, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу жергілікті дәрігерге хабарласыңыздар. Бүгінгі таңда бұл алдын-алу шаралары тиімді әдіс болып табылады және, вакцинацияның рөлі зор, біз оған үлкен үміт артамыз», - деді медицина ғылымдарының докторы Равиля Егембердиева. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары