$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2021, 13:36
Қоғам

Ата-аналар балаларына жасалған зорлық-зомбылық туралы дер кезінде білмей қалады – ІІМ

Еліміз бойынша 7 мыңнан астам жайсыз отбасы полиция есебіне алынған

Ата-аналар балаларына жасалған зорлық-зомбылық туралы дер кезінде білмей қалады – ІІМ
Фото: ашық дереккөзден

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие, тіпті, ата-аналар бұл туралы біраз уақыттан кейін біледі. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, 2020 жылы кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта зорлық-зомбылық көрсетудің 825 оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

«Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы қылмыстар саны соңғы 5 жылда 1,5 есе азайды. 2015 жылы 1 225 оқиға тіркелсе, 2020 жылы оның саны 825-ке дейін азайды. Алайда, жүргізіліп жатқан жұмысқа және заңнаманы едәуір қатайтуға қарамастан, шабуылдар жалғасуда. Мұндай қылмыстар жасырын сипатқа ие, тіпті, ата-аналар біраз уақыт өткеннен кейін барып баласына жасалған зорлық-зомбылық туралы біліп жатады», - деді Алексей Милюк.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың 70 %-ға жуығы үйде және баланың жақын ортасындағы адамдардың қолымен жасалады.

Қылмыстың ашылмай қалуына қоғамдық айыптаудан қорқу фактісі тікелей әсер етеді, деп қосты спикер. 

«Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы бойынша жасалған әрбір екінші қылмыс полицияның қолжетімділігі шектелген тұрғын үйлерде тіркеледі. 30% жағдайда қылмыстық әрекеттер ерте жүктілік фактілері бойынша денсаулық сақтау органдарында тіркеледі. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтар мұндай фактілер бойынша полицияға көбірек жүгіне бастады», — деп нақтылады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

ІІМ мәліметінше, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасауға ықпал ететін жағдайлар – ата-аналар тарапынан бақылаудың аздығы, немқұрайлылық. Сондай-ақ, көп жағдайда зорлық-зомбылықтан бұрын отбасындағы проблемалар, әлеуметтік тәртіпсіздік, моральдық қасиеттердің төмендігі және алкогольді теріс пайдалану да әсер етеді. 

«Қазір полиция есебінде 7 мыңнан астам жайсыз отбасы бар. Ол отбасыларда 11 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам – немқұрайлы тәрбие берген ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді Милюк.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары