Қазақстанда қыздырылатын темекі бұйымдарына қатысты лоббистер бар ма?
Темекі бұйымдарының теңдестірілген техникалық регламенті өзгеруі мүмкін
Сауда министрлігі қыздырылатын темекі бұйымдарының техникалық регламентін жеңілдетуді көздеп отыр. Мұндай пікірді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының басшысы Жәмилә Садықова айтты.
2018 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы техникалық регламент жобасы аясында құрамында никотині бар өнімдерге, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға да теңестірілген талаптарды көздейтін шешім шығарды. Алайда сарапшының сөзіне сенсек, бүгінде елімізде бұл талаптардың бұрмаланып жатқан жайы бар екен.
«Елімізде былтыр халықтың денсаулығына қатысты кодексте барлық темекі бұйымдарының зияны тең дәрежеде бағаланып, оларды қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынды. Сондай-ақ, кодексте өндірушілер тауардың құрамын ашық түрде көрсету керектігі жазылған. Алайда мұндай әдіс қызыдырылатын темекіні ойлап тапқан америкалық өндіруші Philip Morris-ке ұнамағандықтан, олар тауарларын кеңінен тарату мақсатында басқа тәсілді ойлап тапты», - дейді Жәмилә Садықова.
Садықованың айтуынша, «Қазақстанның ұлттық индустриялық палатасы» кәсіпкерлер мен өнеркәсіпкерлер бірлестігі аталған тауар өніміне қатысты жаңа техникалық регламент әзірлеген. Алайда ол заңға қарама-қайшы.
«Денсаулық сақтау министрлігі 4 мәрте жаңа техникалық регламентті жасаудың қажеті жоқ екендігін айтты. Сондай-ақ ведомство ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына осы мәселе бойынша Кедендік одақтың техникалық регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарауды ұсынды. Бірақ Сауда министрлігі қоғамдық пікір мен Денсаулық сақтау министрлігінің айтқанын елемей отыр. Яғни, олар қыздырылатын темекінің Халық денсаулығына қатысты кодекстің техникалық регламентпен қадағаланғанын қаламайды», - деді қоғам белсендісі.
Жәмилә Садықова бұл жобаға Қазақстан Ұлттық индустриялық палатасы кеңесі төрағасының кеңесшісі Юрий Цепуриттің қатысы барын айтады.
«Юрий Цепурит Philip Morris-тің мүдделерін біздің елімізге енгізбекші. Олардың негізгі мақсаты - аталған тауардың зиянсыз және оны қадағалаудың қажеті жоқ екендігін насихаттауды көздейді. Бірақ ДДҰ темекінің түрі маңызды емес, егер де кез келген шылымның құрамында никотин болса және ол тұтануға бейім келсе, онда ол адам денсаулығына зиян келтіретінін хабарлады», - дейді Садықова.
Осылайша қоғам белсендісі Индустриялық палатаның жасаған техникалық регламенті қабылданатын болса, онда қыздырылатын темекілердің қолданыс аясы да кеңейетіндігін айтады.
«Егер де Ұлттық техникалық регламент күшіне енсе, жарнаманың да кең етек жаятыны белгілі. Тиісінше қолданушылар саны күрт өсуі мүмкін» , - деді Жәмилә Садықова.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті бұл жобаның әлі қолданысқа енгізілмегенін және қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының талқысына жіберілгенін мәлімдеді.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан