ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Шетелдік университет филиалдарының ашылуы талантты жастарды ұстап қалуға кепіл емес» - сарапшы

Сарапшылар Қазақстанда үздік шетелдік университеттердің филиалын ашу туралы Үкімет бастамасына пікір білдірді

Коллаж

11 наурызда өткен Үкімет отырысында Қазақстанда талантты жастардың елден кетуін қысқарту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Одан бөлек, Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық ЖОО құрылатын болады.

Оқи отырыңыз: Талантты жастардың елден кетпеуі үшін Қазақстанда шетел университеттерінің филиалдары ашылмақ

Azattyq Rýhy тілшісі Үкіметтің бұл шешіміне қатысты бірқатар сарапшының пікірін біліп, «Шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу қаншалықты тиімді?», «Бұл бастама «Болашақ» бағдарламасының өміршеңдігіне қаншалықты әсер етеді?» деген бірнеше сұрақ жолдады.  

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ХХ ҒАСЫР ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАЛЫП КЕТКЕН»

Белгілі саясаттанушы, бұқаралық коммуникация саласының сарапшысы Алина Хаматдинова Үкіметтің үздік шетелдік университеттердің филиалын ашу туралы бастамасын қолдайтынын айтты.

«Білім саласындағы маман ретінде Үкімет басшысының шешімімен келісемін. Өкінішке қарай, біздің елдегі жоғары және орта білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан оны мемлекеттік саясат аясында реформалау – дұрыс шешім. Оқу орындарының санын азайту жақсы нәтижеге жеткізе ме, оны нақты айта алмаймын. Білім беру бағдарламасы мен формасын, тәсілдерін қайта қарау қажет деп есептеймін. Ол автоматты түрде бәсекені арттырады. Еліміздегі оқу орындарының, әсіресе, мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны көп болуы шарт емес. Олар азшылықта жеке меншік оқу орындарымен бәсекелесе білуі тиіс. Мен 3 жылдай Қазақстанның мықты деген жеке меншік жоғарғы оқу орнында сабақ бердім. Сонда түсінгенім – әдістеме мен менеджмент 20-ғасырдағы жүйеге пара-пар», - дейді Алина Хаматдинова.

2007 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Монтана университетінде «Мемлекеттік басқару» ісі бойынша білім алған түлек шетелдік және отандық білім беру саласының осал тұстарын атады.

«2002 жылдан бастап бұқаралық коммуникациялар және Human development тақырыптары бойынша тренингтер әзірлеп, өткізу тәжірибем бар. Бір байқағаным, отандық білім беру саласының ақсап тұрған тұсы – оның тым қатты теорияланған, алгоритмделгендігінде. Ал шетелдік білім беру – практикалық, қолданбалы сипатта. АҚШ, Ұлыбританияда білім алған қазақ азаматтары – қазір еңбек нарығында ауадай қажет мамандар. Біздегі оқу орындары да дәл ссындай нәтиже көрсетуі керек», - деп санайды Алина ханым.

«ШЕТЕЛДІК ЖОО ФИЛИАЛДАРЫН АШУ – ЖАСТАРДЫ ҰСТАП ҚАЛУҒА КЕПІЛ ЕМЕС»

Ұлыбританияның Lancaster университетінде «жобаларды басқару» мамандығы бойынша білім алған, қазір «Aiqyn» газетінің бас редакторы - журналист Нұрмұхаммед Байғара Үкімет ұсынысына қатысты пікірін білдірді.

«Қазақстанға әлемдік университеттердің филиалдарын ашу – өте жақсы бастама. Бұл франчайзинг секілді, өз стандарттарын сақтауды қатаң қадағалайды. Мәселен, Manchester, Warwick, Lancaster сияқты Англия университеттері Қазақстанға келіп, филиалдарын ашса, білім сапасының өз еліндегідей болуын міндетті түрде қадағалайды. Қазақ жастары мұндай филиалдарда білім алса, нұр үстіне нұр емес пе? Бәсеке – сапада», - дейді ол.

«Болашақ» түлегінің айтуынша, мұндай практика әлемде бар. Африка, Малайзия, Индонезия сияқты кей елдерде әлемнің ТОП-университеттерінің филиалдары ашылған. Бірақ, олардың саны шектеулі, себебі, үздік оқу орындары өз брендін сақтауға талпынады. Алайда, спикер бұл бастама жастардың елде қалуына еш әсер етпейтінін айтады.

«Филиалдардың ашылуы білім сапасын арттырғанымен, талантты жастарды елде ұстап қалуға кепіл емес. Әрине, білім алып алған соң, өзге елге көшіп кетеді деп те қорқуға болмайды. Бұл – бүкіл әлемде жүріп жатқан миграция. Филиалдарды адам капиталының сапасын арттыру мақсатында деп ашса, дұрыс болар еді. Ал енді талантты жастарды елде қалай алып қалуға болады деген сұраққа келсек...

Ұлттық университеттер, Назарбаев университі, тағы басқа оқу орындарының сапасын арттыру, шетелдік ТОП-университеттер филиалдарын ашу, жалпы, өмір сапасын арттыру, жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашу сияқты әрекеттер орындалса, жастар ешқайда кетпейді», - дейді ол.

Нұрмұхаммед Байғара Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарының ашылуы  «Болашақ» бағдарламасын ысыра алмайтынын айтты.

«Нақты дерек: «Болашақ» бағдарламасымен 13 мың адам оқыды. Бұл көрсеткіш 19 млн халыққа шаққанда көп емес. Қазақстанда отырып шетелдік университеттен онлайн білім алу мен сол елде жүріп оқудың айырмашылығы – жер мен көктей. Иә, білім сапасы бірдей болуы мүмкін. Алайда, шет мемлекеттегі атмосфера, сол елдегі тыныс-тіршілік, ағылшын тілінде сөйлейтін орта... Менің ойымша, бұл адамға тек оң өзгерістер сыйлайды. Сол себепті, Үкімет басшысының бұл шешімі «Болашақ» бағдарламасын ысырып тастай алмайды. Әлемдік дәрежедегі дипломы бар қазақстандық азаматтар саны артқан сайын ол елдің тұтастай дамуына да оң әсер етеді», - деп түйіндеді сөзін Нұрмұхаммед Байғара.

ОҚУЛЫҚ, ӘДІСТЕМЕ, КЕЙС

АҚШ-тың Boston университетінде білім алып келген, қазақстандық үздік БАҚ өкілінің бірі Әлия Әшім Үкімет басшысы берген бұл тапсырманы орындау барысында әр детальді ескеру қажет деп санайды.

«Егер филиалдарын ашатын болса, сол шетелдік оқу орындарының ұстаздарын біздің елге алып келу қажет. Оқулықтарын, әдістемелерін, кейсін ғана алып келіп, қазақстандық ұстаздардың қолына бере салу – нәтиже береді деп санамаймын. Бізде ондай білімді онлайн алуға да мүмкіндік бар. Мысалы, мықты 10 университеттің тізімін жасап, солардың мықты профессорларын алып келсе, оң нәтиже берері анық. Ал «Болашақ» бағдарламасына келетін болсам, ол қашан да қажет. Өйткені, ол өз ісінің мықты мамандары – әлемнің үздік оқытушыларымен тілдесуге, көзбе-көз отырып білім алуға мүмкіндік береді. Мәселен, мен Boston Globe газетінің редакциясына бардым, сол жердің журналистерімен таныстым. 1 апта сонда жүріп, өзіме мол тәжірибе алдым», - дейді Әлия Әшім.

Бұл тақырыпқа Ұлыбританияның Warwick университетінде білім алған Жансұлтан Нұрмұханов да пікір білдірді. Ол қазір елге оралып, Сырым аудандық (БҚО) білім беру бөліміне қарасты «Қособа «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені» МКМ директоры болып жұмыс істеп жүр. Ол Үкіметтің бұл шешіміне оң пікір білдірді.  

«Экономика даму үшін ең қажетті үш фактор бар: білім, білім және білім» деп Ұлыбритания тарихындағы ең жас премьер-министр Тони Блэр айтқандай, қазір экономиканың негізгі өлшемдерінің бірі – білім беру жүйесі. Сондықтан да Асқар Маминнің бастамасы қазіргі пандемия жағдайында және қаржылық жағынан қарастырғанда өте орынды деп білемін», - дейді ол.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан