СҚО-да мемлекетаралық іздеуде жүрген рецидивист ұсталды

Оған қатысты бас бостандығын шектеу шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды

СҚО-да мемлекетаралық іздеуде жүрген рецидивист ұсталды
фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мемлекетаралық іздеуде жүрген рецидивисті ұстады. Қостанай облысының 39 жастағы тұрғыны тонау жасағаны үшін сотталып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

Алайда, ол заңмен белгіленген жазаны өтемей, ізін суытқан. Ақпан айының соңында Рудный қаласының полиция бөлімі оған мемлекетаралық іздеу салды. Іздеудегі қылмыскер Петропавл қаласының тумасы болғандықтан, СҚО полицейлері қылмыскер жүруі мүмкін жерлерді мұқият тексерді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жүрген жері анықталып, ер адамның танысының (әйел - ред.) үйінде жасырынған болып шықты. Ол ұсталып, уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды.

«Іздеудегі адам бұған дейін түрлі қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет істі болған. Қылмыстық кодекстің 44-бабы (Бас бостандығын шектеу) талаптарына сәйкес, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Жыл басынан СҚО аумағында төрт қылмыскерге іздеу жарияланып, оның екеуі ұсталды. Бұдан бөлек, криминалдық полиция қызметкерлері Қазақстанның басқа өңірлері іздеу жариялаған үш қылмыскерді ұстады, тағы да РФ іздеу жариялаған үш азамат ұсталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.