Солтүстік Қазақстанда 600-ге жуық заңсыз қоқыс полигоны бар

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл сайын үлкейіп жатқан заңсыз полигон аумағы 8 гектарға жетіп қалған

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының іргесі заңсыз қоқыс полигонына айналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтар жаз бойы бықсып жанып жатады. Бірнеше жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе жөнінде Azattyq Rýhy тілшісі жазған болатын. Мамандардың айтуынша, өңірде 580 заңсыз қоқыс алаңы тіркелген. Экологиялық проблема «Қызылжар адалдық алаңы» жобалау кеңсесінде өткен отырыста қаралды.

АУЫЛ ӘКІМІ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

2015 жылға дейін ауылдан шыққан қоқыс іргелес орналасқан аудан орталығы Бескөлдегі полигонға апарылған. Жергілікті биліктің оны жапқанына 5 жылдан асқан. Алайда, жаңасы ашылған жоқ. Маңайда орналасқан 10 шақты ауыл тұрмыстық және қатты қалдықтарды осы жерге әкеліп төгеді. Оны аудандық коммуналдық шаруашылық техникасы тегістеген болады, алайда мәселенің шынжыртабанды техника мен сырғыштың көмегімен шешілмесі анық. Беті тегістелгенімен, қоқыс өз орнында қала береді.  Соның кесірінен аталған аумақ шыбын-шіркей мен қаңғыған ит-құстың жиналатын жеріне айналған.

Ақпан айында СҚО экология департаментінің өкілдері тұрмыстық қалдықтар алаңында сараптама жүргізіпті. Зерттеу нәтижесін қорытындылай келе, Бескөл ауылдық округтінің әкімі жауапкершілікке тартылған.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қызметкерлері жерсеріктік бақылау жүргізумен айналысады. Олар былтыр Солтүстік Қазақстан облысында бей-берекет орналасқан 580 қоқыс орнын анықтаған. Ал аталған полигонға келер болса, ауылдық округтың басшысы әкімшілік жазаға тартылды. Тұрмыстық қалдықтар Бескөл ауылының маңына еш рұқсатсыз төгіліп келген. Экологияға үлкен залал келтірілді. Біздің департамент бұл мәселемен 2017 жылдан бері айналысып келеді.  Бірнеше мәрте тексерстер жүргізілді», - дейді СҚО бойынша экология департаменті жетекшісінің орынбасары Жасұлан Садуев.

Заңсыз қоқыс алаңы жыл сайын ұлғайып, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылына жақындап қалған.  Бір қызығы 2015 жылы комиссия шешімімен қоқыс полигоны үшін жер участкесі белгіленген. Алайда, кейінгі тексерістер жобада бірқатар заң бұзушылықты анықтап, белгіленген жер учаскесінің бұл мақсатқа жарамайтындығы жайында шешім шығарған. Өйткені, аталған аумақ ешқандай талапқа сай келмейді. Экологиялық, өрт қауіпсізді шаралары да сақталмаған. Санитарлық тәртіп бойынша қоқыс төгілетін орын егістіктен 250, орманнан 300 елдімекеннен кемінде бір шақырым қашықтықта орналасуы шарт. Бүгінгі күні бұл талаптың бірі де орындалмай отыр. Шенеуніктер мәселенің шешімін табар жолдарды іздеудің орнына тұрғындарды айыптады.

ТАЛАПҚА САЙ ҚОҚЫС АЛАҢЫ ЖОҚ

 «2015 жылы қоқыс полигонына жер бөлінген. Алайда ауылға жақын болғандықтан оны қазіргі полигонның орнына шегерді. 2017 жылдан бастап жобалық сметалық құжаттар әзірлене бастады.  Жоба  2018 жылы сараптамаға алынып, қажетті  4 талап толық болмай шықты. Геологиялық,  гидрологиялық, геодезиялық және гидрогеологиялық. Енді нормалық талаптар бойынша бұл жер учаскесі қоқыс полигоны үшін жарамайды», - дейді Қызылжар ауданының құрылыс ТҮКШ және жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі Қайсар Амирин.

2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауылының алғашқы қазығы қағылды. Елдімекенде Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы сынды елдерден келген қандастарымыз қоныстанды. Өткен жылдан бері еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге халықты көшіру бағдарламасы бойынша Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген азаматтар да Бәйтерекке орналастырыла бастады. Ашылғанына 10 жылдан асып кеткен елдімекенде спорт, мәдениет, өндіріс ошақтары атымен жоқ. Осы уақыт аралығында елдімекенге арнайы қоқыс алаңы да бұйырмапты. Халық тұрмыстық қалдықтарды ауыл іргесіне тастауға мәжбүр. Оған жақын маңдағы Бескөл мен Элитный ауылдарының тұрғындары да тұрмыстық қалдықтарды әкеледі.

Жыл сайын үлкейіп жатқан заңсыз полигон аумағы 8 гектарға жетіп қалған. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл бірер айда шешіле қоятын мәселе емес. Полигон салу үшін қыруар қаражат керек. Оған аудан бюджетінің шамасы жетпейді.

«Қызылжар адалдық алаңы» жобалау кеңсесінде өткен жиын қатысушыларының пікірінше, мәселені шешудің бір амалы –  жаңадан қоқыс полигонын ашу. Алайда бұл қоқысты жай ғана төге салатын жер емес, сұрыптап қайта өңдейтін өндіріс орны болуы керек. Ендігі мәселе арнайы жер участкесін табу.  15 шақырым радиуста бос жер жоқ. Бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Жиынға қатысушылар мәселеге қатысты ортақ ұсыныстар дайындау қажет деген ұйғарым жасады. Бір айта кететіні, облыс аумағында рұқсат етілген қоқыс полигондарының саны небәрі 15, ал заңсыз қоқыс төгетін орындар саны 600-ге жақындап қалған.

Оқи отырыңыз: СҚО-да ауыл іргесі қоқыс полигонына айналды

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО