ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

«Шөкеев мырза, бұл не масқара?!». Жетісай тұрғындары саябаққа бөлінген мемлекет қаражатының есебін сұрады

Жетісай ауданының тұрғындары саябаққа бөлінген қаражат әділ игерілмеді деп шағымданды

Асықата кенті, фото: abai.kz

«Асықата кентіндегі саябақты жөндеу жұмыстарына бюджеттен бөлінген 60 миллион теңге қайда кетті?». Бұл Жетісай ауданына қарасты Асықата ауылдық округі тұрғындарын мазалап отырған сауал. Саябаққа бөлінген қаражат «жарты жолда жымқырылды» деп алаңдап отырған жұртшылық Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат беріп, мәселенің әділ шешім табуын сұрайды.

Абылай Әлімбетов - Кеңес Одағының батыры (30.10.1943). Екінші дүниежүзілік соғыста 69-Қызыл тулы Севск атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысқан. Брянск және Украина жерлерінде болған шайқастарда ерлік пен тапқырлық үлгісін көрсеткен батыр. Днепр үшін шайқаста сержант Әлімбетов өзеннің оң жағасына өтіп, қолма-қол ұрыста жаудың 15 әскерін өлтірген. Соғыстан кейін Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітіріп (1955 жылы), полк командирінің орынбасары болып жұмыс істеген. 1966 жылдан бастап полковник Әлімбетов Қызылорда, Алматы, Атырау облыстарында ДОСААФ комитетін басқарды. Ленин, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Қазақ батыры 1973 жылы қайтыс болғаннан кейін, марқұмның денесі Жетісай ауданына қарасты Асық Ата кентіндегі (бұрынғы атауы - Киров) орталық саябаққа жерленеді. Дәл осы саябақтың жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 60 млн теңге бөлінген. Алайда, жергілікті жұрт саябақта салынуы тиіс субұрқақтар да, жөндеу жұмыстары да жүргізілген жоқ деп отыр.

«Жетісай ауданы әкімдігіне қарасты Асықата кентіндегі (Киров) Абылай Әлімбетов атындағы орталық паркке мемлекеттік бюджеттен 60 миллион бөлінген. Бірақ ауыл ақсақалдары парк 4-5 миллонға жөнделіп, қараусыз қалған деп БАҚ өкілдерін іздеуде. Бұл не масқара, Шөкеев мырза? Бұл жемқорлықты ұйымдастырған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев деп ойлаймын??? Осыған орай қатаң тексерісті талап етемін», - деп жазды фейсбук әлеуметтік желісінде осы жердің тумасы Аяз Би Елубай.

Туған жеріне жанашырлық танытып, әділдік іздеген әріптесіміз 60 миллион теңге нақты бөлінгенін, алайда «жарты жолда жемқорларға жем болғанын» айтты.

«Ақша қайда кетті? Ауаға ма? Аудан әкімдігі ЖКХ-ны (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) кінәлап отыр. Ал шағын ауданда оны кім тағайындайды? Неге олар кінәні ЖКХ-ға аударып отыр?», - деді Аяз Би Елубай.

Ал КСРО батыры Абылай Әлімбетов ұрпақтары биліктен бөлінген қаражат пен сметалық құжаттардың жергілікті тұрғындарға таныстырылуын, ақпараттың ашықтығын сұрайды.

«Батырдың туған жері - Түркістан облысы, Шардара ауданының тұрғынымын. Атамыз Абылай Әлімбетов көрші орналасқан Асық Ата кентіндегі орталық саябақта жерленген. Бұл саябақты жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген. Сол қаржы қайда кетті? Ағайын, туыстары ретінде осы сұрақты қойғымыз келеді. Ол паркте жалғыз осы кісінің мәйіті бар. Егемендік алғаннан кейін бұл зират та, парк те қараусыз қалды. Соңғы жылдары ғана қолға алынды, оның өзі жемқорлар кесірінен жоқ болды», - дейді батырдың ұрпағы Ықтияр Спанов.

Жасы 60-қа таяп қалған ақсақал ауылдың қарияларымен бірігіп, бірер күнде аудан әкіміне кіруді жоспарлап отыр. Ондағы мақсат – ақпараттың ашықтығына қол жеткізу, әділдік орнату.

«Ағайындар жиналып, соғыстың 70 жылдығына қолымыздан келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ас бергенбіз. Абылай Әлімбетов атындағы мектептің алдына ескерткіш қойдыруға сеп болғанбыз. Біз бюджеттен қай уақытта, қанша қаражат бөлінгенін білмейміз. Себебі, бәрі жасырын. Білетініміз, паркте 3 фонтан болуы тиіс еді. Ол жоқ, саябақта түк жоқ», - дейді ауыл ақсақалы.

Сондай-ақ Ықтияр Спанов бұл күдікті іске қатысты заңды шешімі шығуы үшін адвокат көмегіне жүгінгенін айтты.

«Жетісай ауданының әкімі 21 наурыз күні зейнетке шығады. Содан кейін бұл мәселе жабулы күйінде қалып кетеді», - деп қорқынышын жеткізді батырдың ұрпағы.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі аталған сауалдарға жауап алу үшін Түркістан облысы әкімдігіне хабарласты. Баспасөз хатшысы берген мәлімет бойынша, облыс әкімдігі бұл мәселені бірінші рет естіп отыр. Ал Жетісай ауданы әкімдігі ресми жауап беруге уәде етті.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан