ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Коронавирус вакцинасы Альцгеймер ауруын тудыруы мүмкін бе?

Америкалық ғалымдар Классеннің мәлімдемесін жоққа шығарды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қазақстандық пайдаланушылар коронавирус вакцинасы Альцгеймер ауруын тудыруы мүмкін деген мақаламен бөлісуде. Бұл америкалық Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарына қатысты айтылған. Автор-иммунолог Барт Классен бұған дейін де дәлелденбеген мәлімдемелер жасаған. Сарапшылар оның тағы бір мәлімдемесін жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды StopFake.

Хабарлама авторлары сүйеніп отырған дереккөзде осы жылдың қаңтар айында Microbiology & Infectious Diseases журналында жарық көрген иммунолог Барт Классеннің мақаласы туралы айтылады.

Классеннің айтуынша, коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарының компоненттері ақуыздардың дұрыс ұйымауына себеп болады. Соның салдарынан Альцгеймер және Лу Гериг аурулары немесе бүйірлік амиотрофиялық склероз тудыруы ықтимал.

Бірақ Барт Классен бұған дәлелдер келтірмейді. Оның тұжырымдарында неге сүйенетіні, қай жерде қандай зерттеулер жүргізгені белгісіз. Америкалық ғылым және денсаулық кеңесі бұған жауап ретінде Классеннің мақаласында ешқандай дәлелдер жоқ және бұл «толығымен теория» деп мәлімдеді.

«Талдау қалай жүргізілді? Қандай бағдарламалық қамсыздандыру қолданылды? Ол қандай да болмасын бақылау элементтерін, мысалы, жасушалық мРНҚ тізбегін зерттеді ме? Бұл туралы ол айтпайды. Ол жай COVID вакциналарының құрамындағы РНҚ-ның жүйелілігі әртүрлі, бұл TDP-43 және FUS-тың дұрыс жиналмауына әкелуі мүмкін екенін айтады. Бар болғаны осы ғана. Бұл теория ғана. Нақты дәлелдер жоқ», – делінген ұйымның хабарламасында.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы коронавирусқа қарсы екі вакцинаны жедел қолдануға рұқсат берді: біреуі Pfizer-BioNTech және біреуі Moderna.

Клиникалық зерттеулер вакциналардың Альцгеймер ауруы сияқты неврологиялық бұзылулармен байланысы жоқтығын көрсеткен.

АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі Марта Шаран politifact-ке пікірін білдірді:

«VAERS COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін приондар тудырған аурулар, Альцгеймер ауруы немесе бүйірлік амиотрофиялық склероз (БАС) туралы хабарламалар түскен жоқ. Бүгінде COVID-19 вакциналары мен осы жағдайлардың арасындағы себептік байланысты көрсететін дәлелдер жоқ», - деген ол.

Айта кетейік, Классеннің мақаласын жариялаған басылым америкалық кітапханашы Джеффри Билл құрастырған жосықсыз басылымдар тізіміне енгізілген.

Бұған дейін Классен вакциналардың қант диабетімен байланысы туралы мақала жариялаған, оның тұжырымдары қате және дәлелденбеген деп танылды.

Классен өз сайтында коронавирус пандемиясы «шын мәнінде, биологиялық қару шабуылы және 2001 жылы АҚШ-тағы сібір жарасына шабуылмен байланысты болуы мүмкін» деп болжам жасайды. Сондай-ақ оның пікірінше, SARS-CoV-2 қолдан жасалған. Бұл мәлімдемені де әртүрлі елдердің басылымдары жоққа шығарды.