$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2021, 11:31
Қоғам

Дәрігерлер Қазақстанда өлім-жітімге жиі себеп болатын 5 ауруды атады

Науқастар дәрігерге уақытылы бармауынан ауруын ушықтырады

Дәрігерлер Қазақстанда өлім-жітімге жиі себеп болатын 5 ауруды атады

Қазақстанда науқастардың өлім-жітіміне жүрек-қан тамырлары ауруы жиі себеп болатыны көпшілікке мәлім. Бір ғана 2019 жылдың өзінде елімізде 30 мыңға жуық адам осы дерт салдарынан бақилық болған. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі. Azattyq Ruhy тілшісі қазақстандықтардың ең жиі шалдығатын бес ауруы мен өлім-жітімге себеп болатын негізгі бес ауру туралы ақпарат жинап көрді.

ҚР Денсаулық сақтау миністірлігінің берген мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 18 және одан жоғарғы жастағы ересектер арасында көп тараған ТОП-5 ауру:

  1. Қан айналым жүйесінің аурулары – 499 899 адам;
  2. Тыныс алу ағзаларының аурулары – 1 266 309 адам;
  3. Несеп-жыныс жүйесінің аурулары – 678 543 адам;
  4. Ас қорту ағзаларының аурулары – 369 165 адам;
  5. Сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тіннің аурулары – 307 873 адам.

Министірлік аталған аурудан көз жұмғандардың саны аз емес екендігін айтады. Аурудың таралуына басты себеп – ішкі және сыртқы факторлар мен түрлі инфекциялар.

«Соңғы жылдары кеңінен тарап жатқан қан айналымы жүйесінің ауруларынан республика бойынша 2019 жылы 29 984 адам қайтыс болды. Екінші орында тұрған тыныс алу ауруларынан – 15 846 адам, несеп-жыныс жүйесінің бұзылуынан – 4 848, ас қорту ағзаларының ауруынан – 11 802 және сүйек-бұлшық ет жүйесінің бұзылуынан – 1 633 адам көз жұмды», - дейді министрлік өкілі Азамат Дүйсенов.

Оның айтуынша, ересектер арасында талған аурулармен ауыру көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы көш бастап тұр.

Балалар мен жасөспірімдердің жиі шалдығатын аурулары

Ал, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында жүйке жүйесі мен тері қабаты аурулары көбейген.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша, балалар арасында ең көп тараған ауру түрлері: ас қорыту мүшелерінің ауруы – 364 669, жүйке жүйесі аурулары – 172 375, иммундық механизмдердің бұзылуы – 183 097, тері қабаты мен тері шелмайының ауруларнан 222 400 бала зардап шекті», - дейді Азамат Дүйсенов.

Ағзаны шынықтырып отырудың маңызы

Елордадағы №4 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Ұлбала Өмірәлиева тыныс алу жолдарының бұзылуы қауіпті аурулардың тууына алып келеді дейді. Себебі, тыныс жолдары арқылы адам ағзасы сыртқы ортамен тікелей байланыста болады. Сондай-ақ, маман қазақстандықтар жиі ауыратын ауру түрлеріне сипаттама жасап, кеңестерімен бөлісті.

«Жиі кездесетін тыныс алу мүшелерінің ауруы ауру тудыратын микроағзалар енгенде, зиянды заттарды қолданғанда пайда болады. Оларға жедел вирусты инфекция, иұмау, короновирус инфекциясы, мұрын қуыс аурулары, туберкулез, бронхит, пневмония кіреді. Әр аурудың өз қоздырушысы болады. Олар: вирустар, ауру тудыратын бактериялар. Аурулардың алдын алу үшін, ең алдыңғы кезекте жеке бас тазалығын сақтап, организмді шынықтырып отыру қажет.

Таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану, қолды дұрыс жуу, бөлмені желдету, дұрыс тамақтану және бастысы – уақытылы ауруға қарсы егілу қағидаларын ұстанған жөн. Егілген адамдардың ауруға қарсы иммунитеті мықтырақ болады. Сондай-ақ, жағымсыз әрекеттен арылу: темекі мен ішімдік салдарынан қорғану керек. Себебі, темекі шырышты қабатты тітіркендіріп, тыныс алу жолдарының ауруларына алып келеді», - дейді Ұлбала Өмірәлиева.

Қан айналым жүйесі мен тыныс алу ағзаларының ауруларынан қорғану үшін бірінші кезекте иммундық жүйені қалыпты жағдайда ұстау маңызды.

«Жалпы, иммунитет дегеніміз ағзаның антигендік қасиеті бар бөгде заттарды қабылдамауы. Әр түрлі инфекциялық ауру қоздыратын бактериялар мен вирустарға қарсы тұруы. Оның ерекше қызыметі – қауіпті вирустарды алдымен оқшаулап, кейін жояды. Бірақ, үнемі ағзаға зиянды заттар түсе берсе, күресе-күресе иммундық жүйе әлсірейді.

Ал, иммунитет тапшылығы ең алдымен тыныс алу жолдары мен тұмау тәріздес аулардың, терінің микробтық, саңырауқұлақтық, вирустық ауруларына алып келеді. Бұл аурулармен ересектерге қарағанда балалар жиі ауырады. Себебі, балалардың иммундық жүйесі толық қалыптасып үлгермегендіктен тез ауыру қаупі жоғары. Имундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу керек», - дейді дәрігер.

Дұрыс тамақтау – дер кезінде ас ішу ғана емес

Маман иммунитетті қалыпты ұстап тұру үшін уақытылы ас ішудің жеткіліксіз екенін айтты. Иммундық жүйе ас мәзірін үнемі өзгертіп отырғанда ғана қатая түседі. Ал, біркелкі тамақтану ағзаны барлық дәруменмен қамтамасыз ете алмайды дейді ол.

«Дұрыс тамақтану дегеніміз тек дер кезінде ас ішу емес. Ол – жейтін тағамдардың құнарлы болуы. Мысалы, сүт пен ет, оның ішінде шұбат, айран, балық, жеміс-жидектер мен көкөністерде нәруыздар мен дәрумендердің қажетті көлемі бар. Сондықтан, осындай тамақтарды араластыра тұтыну өте пайдалы. Ал, үнемі біркелкі тамақтану кейбір дәрумендер мен минералды заттардың толық жетіспеуіне байланысты иммундық жүйені әлсіретеді. Тамақты аз немесе шектен тыс қолдануға да болмайды. Күніне 3-4 мезгіл тамақтану қажет. Ас қорыту жүйесі адамды қоректі заттармен қамтамасыз етеді.

Ас қорыту жүйесінің бұзылуында кездесетін ауру түрлеріне – асқазан ойық жарасы, өт жолдары аурулары және ішек аурулары жатады. Олардың басты белгілері: тәбеттің бұзылуы, ауырсыну, қыжыл, құсу мен іштің өтуі. Ас қорыту жүйесінің ауруларын асқындыру қаупі бар сыртқы фактор – тамақтануға қолданатын өнімдердің сапасыздығы. Алкогольді ішімдік қолдану, жиі және тұрақты түрде күйзеліске түсу, дәрілік препараттарды ұзақ қабылдау; ішкі факторларына туа біткен жағдайлар, тұқым қуалайтын аурулар кіреді», - деді Ұлбала Өмірәлиева.

Ал, жүйке жүйесінің бұзылуының басты себебі, күйзеліс пен жағымсыз эмоциялар. Қаупі жоғары аурулардан сақтанудың басты жолы – жүйке жүйесін бір қалыпта ұстау.

«Жүйке жүйесі организмнің барлық функционалды жүйелерін, ағзалар мен тіндерді біріктіріп тұрады. Оған ықпал ететін сыртқы және ішкі механизмдер бар. Сыртқы механизмдерге микробтар мен вирустардың токсиндері кіреді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек, улы заттар да бар. Ал, ішкі ықпалға жарақат, ми шайқалысы, күйзелістер, жағымсыз эмоциялар жатады.

Жүйке жүесінің бұзылуының туа біткен себептеріне Даун ауруы, шизофрения, эпилепсия кіреді. Жүре пайда болған эндогендік ықпалдарға: мидағы қан айналымының бұзылуы, ми тамырларының спазмасы, қан құйылу жатады, олар қант диабеті ауырының тууына әкелуі мүмкін. Аталған ауруларды алдын-алу шараларына еңбек ету мен демалысты реттеу, ұйқы режимін дұрыстау, уайымнан алшақ болу кіреді. Егер осы аталғандарды қатаң ұстансаңыз жүйке жүейсін қалыпты ұстап тұруға әбден болады.

Маман ретінде аурудың алдын-алу яғни, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, жеке бас тазалығын сақтауға кеңес беремін. Ал, инфекциялық аурулардың алдын алу үшін, дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгініп, екпе жасатып, иммунитетті әлсіретіп алмау керек. Өз бетіңізше емделуге тырыспай, арнайы мамандардың кеңесіне міндетті түрде жүгінгініңіз дұрыс», - дейді Ұлбала Өмірәлиева.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары