ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

Hyundai, Lada, Toyota: қазақстандықтар арасында қандай автокөлік сұранысқа ие?

Былтыр елімізде су жаңа 93 мың автокөлік сатылған

Фото ашық дереккөзден

Жүзге жуық елдің автонарығын талдаумен айналысатын NCSA (Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығы) сарапшылары пандемияға байланысты бүкіл әлемде автокөлік саудасы күрт төмендегенін хабарлаған болатын. Алайда, коронавирустық дағдарыс қазақстандықтарды жылжитын және жылжымайтын мүлік сатып алуға итермелегендей. Өйткені, былтыр ел тұрғындарының автокөлік сатып алу көрсеткіші аса жоғары болды дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығы.

Аталған қауымдастық таратқан ресми мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде барлығы 93 мыңға жуық су жаңа автокөлік сатылған.

«Өткен 2020 жылы ресми дилерлер жалпы сомасы 972 млрд. теңгеге 92 989 жаңа және коммерциялық автокөлік сатты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24% өсімді көрсетеді», - делінген қауымдастықтың берген ақпаратында.

Қазақстандықтар арасында сұранысқа ие автокөліктер рейтингі

«ҚазАвтоПром» дерегіне сүйенсек, Қазақстан азаматтары 2020 жылы жаңа жеңіл автокөлік сатып алу үшін 808,6 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға көп. Ең көп сатылған автокөлік маркасы – Hyundai. Оңтүстіккореялық бұл көліктің 17 928 данасы еліміздегі автосалондар арқылы сатылған.

«Жеңіл көліктер арасында жоғарғы сұранысқа ие болған автокөліктердің бестігіне Hyundai (17 928), Lada (17 453), Toyota (10 081), Chevrolet (10 029) және Ravon (7 137 бірлік) тұр. Сондай-ақ, ең табысты автобрендтер тізімінде KIA (6 004), GAZ (3 241), Renault (2 643), Volkswagen (2 552) және JAC (2 450) бар.

Қазақстан нарығындағы ең ірі дилерлік топ мәртебесін «АЗИЯ АВТО» компаниясы сақтап тұр. Барлық жаңа жеңіл автомобильдерді сатып алыушылардың 27,4 пайызы осы топтың ұсынысын таңдаған. Нарықтың 22,2 пайызы Astana Motors компаниясына тиесілі болды. Одан кейінгі ондыққа Allur Auto – 7,7%, Вираж – 6,5%, Shym Auto – 2,3%, Mercur Auto – 1,8%, Aster Auto – 1,8%, Автомир – 1,6%, Кристалл Авто – 1,5%, Toyota City – 1,4% кіреді», - делінген «ҚазАвтоПром» хабарламасында.

Көпшілік қазақстандықтар жиі мінетін автокөліктердің көшбасынан жапондық Toyota брендін көріп үйренген. Бірақ, соңғы жылдары ел тұрғындары арасында оңтүстіккореялық автокөліктер жоғары сұранысқа ие бола бастады.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, көлік сатылымының жоғарғы бөлігі 2020 жылдың екінші жартысында тіркелген. Жылдың соңғы айларында 29 465 көлік сатылып, олардың арасында Hyundai мен Chevrolet автокөліктеріне сұраныс өте жоғары болған.

2019 жылмен салыстырғанда былтыр елімізде Chevrolet және Ravon көліктерінің сатылымы айтарлықтай өскен, алғашқысы – 710%, кейінгісі 268%-дық өсім көрсетіп отыр. Үшінші орында – Hyundai. Ал, ТОП-10 қатарында Toyota, Ravon, JAC, Kia, Volkswagen, Nissan, Renault бар. 

Автокөлік брендерінің жеке модельдеріне тоқталар болсақ, қазақстандықтар арасында әйгілі Toyota Camry бұл жолы тек үшінші орыннан көрінді. Көш басында Chevrolet Cobalt (880), Hyundai Tucson (615), Toyota Camry (567), Hyundai Accent (425), Lada Vesta (407), Hyundai Creta (317), Hyundai Santa Fe (272).

Байқап отырғанымыздай, қазақстандықтардың таңдауы соңғы жылдары елімізде жиналған автокөліктерге ауа бастаған. Бұл ең алдымен бағаның сәл де болса арзан болуымен, жеңілдетілген несие қарастырылғанымен байланысты.

Жаңа автокөліктердің денін алматылықтар сатып алған

«ҚазАвтоПром» мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жеңіл автомобильдерді сатып алуда жоғары белсенділікті Алматы тұрғындары көрсеткен. Қалада су жаңа 262 автокөлік сатылыпты. Екінші орында – Нұр-Сұлтан (15 985 көлік), үшінші орында – Шымкент (9 200 көлік), төртінші орында – Қостанай (5570 көлік) қаласының тұрғындары тұр.

«Коронавирустық пандемияға қарамастан елімізде автокөлік сатылымы өте жоғар көрсеткішке ие болды. Әсіресе, қараша-желтоқсан айларында ел тұрғындары белсенділік танытып, су жаңа автокөліктер сатып ала бастады.

Қазір автокөлікке деген сұраныс бірқатар қиыншылықтар мен мәселелерге қарамастан жоғарғы деңгейде тұр. Өткен жылдың желтоқсан айы нәтижелі болды. Желтоқсанда жалпы құны 97,4 млрд теңгені құрайтын 9 703 автокөлік сатылды. Осы көрсеткішке сәйкес, 2020 жылдың желтоқсан айы Қазақстанның автокөлік нарығындағы рекордтық ай болып саналды. Биыл автокөлік бағасының өсетінін болжап отырмыз. Бұған бәсекелестіктің төмендеуі, өндіріс қарқынының бәсеңдеуі және жергілікті автомобиль құрастыру орындарындағы оқшаулаудың төмен деңгейі ықпал етеді», - дейді «ҚазАвтоПром» Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Артур Мискарян.

Қазақстандықтардың автокөлікке деген талғамы жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Мәселен, 2016 жылы ел тұрғындары арасында Lada 4x4, Skoda Rapid, Kia Sportage, Hyundai Elantra, Peugeot, Toyota Fortuner секілді машиналар сұранысқа ие болған. Ал, қазір бұл көліктердің көбі ТОП-5-ке де кірмей қалды.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан