ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қазақстанда қос азаматтық үшін жауапкершілік күшейтіледі – Президент

Екі елдің азаматтығын алған мемқызметкерлер бірден жұмыстан босатылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қос азаматтық алу фактілері жиілеп кеткенін айтты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Президент бұл жайтқа байланысты жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды.

«Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салған елдердің үлкен тобына жатады. Тиісті норма біздің Конституциямызда бар», - деп еске салды Тоқаев отырыста.

Алайда, оның айтуынша, соңғы уақытта мемлекеттік қызметшілер арасында қос азаматтықтың болу фактілері жиі тіркеледі. Мемлекет басшысы бұл проблема ұлттық қауіпсіздікке қатысты екенін айтты.

«Мұндай фактілерді тоқтату керек. Өткен жылы мен өз Жолдауымда мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын олардың қос азаматтығы анықталған жағдайда жұмыстан босатуды тапсырдым. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндауды сұраймын. Шамасы, мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту қажет», — деді Президент.

Еске салайық, бірнеше ай бұрын желіде шымкенттік шенеуніктің қос азаматтығы туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпарат алдымен қала әкімдігі тарапынан жоққа шығарылды, бірақ кейінірек полиция растады.