$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.02.2021, 11:51
Қоғам

Өлім жазасы, сайлау және Мәжіліске өтетін саяси партиялар туралы Ерлан Қарин айтты

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерін қабылдайды

Өлім жазасы, сайлау және Мәжіліске өтетін саяси партиялар туралы Ерлан Қарин айтты

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы күнге дейін атқарған жұмысы жайында есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның айтуынша, қазан айында өткен Кеңестің төртінші отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 21 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған.

«Қаңтар айының басында саяси реформалардың бірінші пакеті аясында соңғы заң – БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған екінші факультативтік хаттамасы қабылданды. Саяси реформалардың екінші пакеті бойынша қазіргі уақытта 5 заң жобасы және бір президенттік жарлық әзірленуде. Өз кезегінде саяси реформалардың үшінші пакеті аясында алдағы күндері үш заң жобасын дайындау жоспарлануда. Олардың ішінде Мәжіліске саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету, сайлау бюллетендерінде «барлығына қарсы» белгісін енгізу және басқа да бастамалар Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып әзірленді», - деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, ол 2020 жылы онлайн-форматта ұлттық кеңес мүшелерінің министрлермен бірлесіп 13 кездесуі өткізілгенін атап өтті.

«Кездесу барысында Ұлттық кеңес мүшелері ведомстволардың жекелеген салалары жұмысын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Ұлттық кеңестің бірнеше мүшесі одан әрі бірлескен жұмыс мақсатында министрліктер жанындағы жұмыс топтарында жұмыс істеуге шақырылды. Биыл тәжірибе жалғасады, онда Мемлекет Басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін қабылдайды. Кеңес құрылған сәттен бастап осындай 26 кездесу өткізілді», - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, Е.Қарин 2020 жылы қарашада ulttyqkenes.kz Ұлттық кеңестің сайты іске қосылғанын еске салды.

Сымбат Ғалымжанқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары