ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

«Басқа жер іздейміз» – Алматы әкімінің орынбасары даулы жатақхана мәселесіне нүкте қойды

Қаладағы екі жатақхананың құрылысы тек 2 жылдан соң ғана бітеді

Алматыдағы Орталық саябаққа жатақхана салынбайтын болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров хабарлады.

Есте болса, Алматыдағы Орталық мәдени және демалыс саябағының жанынан 326 орынға арналған жатақхана салу дауға ұласқан еді. Енді студенттер үйіне басқа аумақтан орын қарастырылатын болды. Бұндай шешім Алматыдағы ЖОО ректорларының жиынында айтылды.

Жиынға қатысқандар «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында студенттерге арналған жатақханаларды шешудің жолын талқылады. Басты міндет – студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту, студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету. Осы уақытқа дейін Алматыда 6 жатақхана пайдалануға берілген. Тағы 2 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар 2022 жылдың басында пайдалануға берілмек.

«Сонымен қатар, 30 жатақхана құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысандарды салу үшін барлығы 22 жер учаскесі анықталды. Жалпы, Алматыда жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 16 мыңнан астам төсек-орын құру жоспарланған», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кеңеске Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Халықаралық бизнес университеті (UIB), Каспий қоғамдық университеті, Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясының, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы технологиялық университетінің ректорлары сөз сөйледі.

Қалада жатақхана салуға жер табу проблема. Көтерілген мәселелерге қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов, Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары О.Төлебаев түсініктеме берді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров тиісті басқармаларға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын ескере отырып, жатақханалар салу жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ рәсімдік мәселелерді жеделдету және жоспарланған объектілерді уақтылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жатақхана құрылысы инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімдеріне сәйкес, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде инвесторлар үшін инвестициялардың қайтарымы регламенттелген. Осыған байланысты пандемия және инвесторлардың экономикалық қиындықтары жағдайында құрылыс мерзіміне өзгерістер енгізілді», - делінген хабарламада.

Ал, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «дауға айналған» жатақханасы жоспарланған орынға салынбайтын болды. Нысан Орталық саябақтың жанынан бой көтеруі тиіс болған. Оның құны 1,3 миллиард теңгеге. Алайда, тұрғындардың қарсылығынан кейін ғимаратқа жер басқа аумақтан қарастырылмақ.

«Жатақхана салынбайды, басқа жер іздеп жатырмыз», - деп жауап берді Ержан Бабақұмаров журналистерге.