Алматылық тұрғындар газға тегін қосылып жатыр

Тұрмысы төмен отбасылар үшін қаражатты екінші деңгейлі банк төлеп бермек

Алматылық тұрғындар газға тегін қосылып жатыр

Алматыда әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға табиғи газ тегін тартылады. Көмір алуға қомақты қаражатты табудан бөлек, пеш жағудың машақатын тартып келген тұрғынның бірі - Жаңабай. Ол қыста пеш түтіндеп, улы газдан құтылу үшін есік-терезені ашатын кездердің жиі болатынын айтады. Алатау ауданының тұрғыны 1989 жылдан бері көмір жағып келеді. Бұл отбасы бір қыстан шығу үшін жыл сайын 8 тоннаға жуық көмір алады екен. 

«Төрт балам бар. Үйде сегіз адам тұрамыз. 2009 жылдан бері 1-топ мүгедегімін. Көзім көрмейді. Halyk Bank-ке алғысым шексіз. Барлық жұмысты тегін атқарды. Қыс түскенде далаға шығып, көмірім жете ме, жетпей ме, не істесек болады деп ойланып жүр едім. Бұл бір тосынсый болды», - деді көпбалалы әке. 

Екінші деңгейлі банк пен Алматы қаласының әкімдігі бірегей әлеуметтік бағдарлама әзірледі. Жобаның мақсаты - бірінші кезекте тұрғын үйді газдандыруға мұқтаж,  қаржылық мүмкіндігі жоқ халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарды қолдау. Әрі  Алматы қаласы ауа бассейнінің жағдайын жақсарту. Алматыда газ жүйесіне қосылуға мұқтаж үйлердің көбі Алатау және Наурызбай аудандарында орналасқан. 

«6 балам бар. Көпбалалы аналардың жағдайын ойлап, бізге осылай көмектесіп жатқаны үшін рақметімді айтамын. 1997 жылдан бері от жағамыз. Бұрын көмірді де, отынды да сатып алатынбыз. 6 балам бар, ал үйде 1 адам ғана жұмыс істейді. Сондықтан газды орнатуға жағдайымыз жетпеді. Банк көмектесіп жатыр дегенді естіп, қуандық», – дейді көпбалалы ана Г.Кашиева. 

Атаулы жоба 25 жылдан астам уақыт пеш жағып отырған Жұмабаевтар отбасын да қуантты. Бұл үйдің отағасы мен бір ұлы бірінші топ мүгедегі. Қаржылай мүмкіндіктері болмаған соң олар үйге газ тартуды тіпті ойламаған да екен.  

«Біздің үйге жуырда газ қосты. Жылдың басын осындай тамаша жаңалықпен бастадық. Қазір үй жып-жылы, қолымыз таза. Бұрын от жағамыз деп қолымыз күйе-күйе болып жүруші еді», - дейді Жанар. 

«Жақында бастау алған жоба халық игіліне жарап, экологиялық отын түрлеріне көшу арқылы Алматының ауасы біртіндеп тазарады деген үміттенеміз», - деді банктің өкілі. 

Қаржы институты қайырымдылық көмек ретінде Алматыдағы 71 отбасына көгілдір отынды тегін тартқызып берген. Қазіргі уақытта 21 үйге тегін газ қосу жұмыстары жүріп жатыр.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.