$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2021, 15:56
Қоғам

Карантин басталғалы Қазақстаннан 29 мыңнан аса адам көшіп кетті – Ұлттық статистика бюросы

Қоныс аударғандардың басым көпшілігі - Шығыс Қазақстан облысынан

Карантин басталғалы Қазақстаннан 29 мыңнан аса адам көшіп кетті – Ұлттық статистика бюросы
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталған өткен жылдың наурыз айынан бастап желтоқсан айына дейін шетелге қоныс аударғандар саны 29 мыңнан асқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, олардың көпшілігі ТМД елдеріне көшіп кеткен.  

10 айдың ішінде қоныс аударғандар саны – 29 110  мың болса, Қазақстанға келушілер саны – 11 447 мың адамды құраған. Көшіп кеткен халықтың 25 767-і ТМД елдеріне кеткен. Ұлттар бойынша қоныс аударғандардың көшін орыстар бастап тұр - 19 305 адам, ал тарихи отанынан өзге елге көшкен қазақтар саны – 912 адамды құрайды. Оның ішінде – 524 қазақ ТМД елдеріне, 388 қазақ өзге елдерге қоныс аударған.  

Қоныс аударғандардың басым көпшілігі Шығыс Қазақстан облысынан – 3763 адам, екінші орында Қарағанды – 3402, үшінші Қостанай – 3062, әрі қарай Павлодар – 2833, Алматы қаласы – 2184, Солтүстік Қазақстан облысы – 2115, Ақмола – 1636, Ақтөбе – 1544, Батыс Қазақстан – 1072, Нұр-Сұлтан қаласы – 1034, Жамбыл – 884, Шымкент қаласы – 489 және Атырау – 215 адам. 

Германияға қоныс аударғандар саны – 2250, АҚШ-қа қоныс аударған қазақстандықтардың саны – 247, елден көшкен отандастарымыздың ең көбі Түркияға кеткен - 54 адам. 

Карантин кезінде шетелден жылжымайтын мүлік алған қазақстандықтар саны азаймаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Түркия мен Греция арасында орналасқан Кипр республикасындағы жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын «Ноянлар» компаниясының өкілі Марал Қабылан айтып берді 

«Карантин жылжымайтын мүлік бизнесіне аса қатты шығын әкелді деп айта алмаймын. Пәтерлер құны да айтарлықтай өзгерген жоқ. Тек қана сатушы компаниялар тарапынан тоңазытқыш, кір жуатын машина, толқынды пеш сыйға тарту, сондай-ақ, компанияның апартаментінде 2 апта тегін демалу мүмкіндігі сынды акциялар ұйымдастырылды. Кипрде бір бөлмелі пәтер құны – $60 мыңды құрайды. Мен қазақстандық клиенттермен жұмыс істеймін. Отандастарым көбіне Түркиядан пәтер сатып алады. Кипрдан да пәтер сатып алушы қазақстандықтар көп. «Ноянлар» 2019 жылы қазақстандықтарға 530 пәтер сатса, 2020 жылы – 370 пәтер сатты», - деді Марал Қабылан. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары