ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Петропавлда қайырымдылық дүкені ашылды

Дүкен киім-кешек, тұрмысқа қажетті тауарлар, тұрмыстық техника мен ойыншықтарды қабылдайды

Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда материалдық жағдайы төмен жандарға арналған қайырымдылық дүкені ашылды. Ерекше сауда орнының тұтынушылары тауарларды тегін ала алады. Жаңа нысан сөрелерінен киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды табуға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа дүкен қайырымды жандардың ұйымдастыруымен ашылған. Онда мұқтаж жандарға қол ұшын бергісі келген кез келген адам тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешек апарып беруіне болады.

«Өте жақсы жоба деп ойлаймын. Біреуге керексіз болған заттар келесі адамның кәдесіне жарауы мүмкін. Ортамызда мұқтаж жандар көп қой. Балалардың кішірейіп қалған киімдерін, пайдаланып, керегі жоқ болып қалған заттарды осында әкеліп тұрамыз. Кейде жаңа заттардың өзін пайдаланбай, бос жататын кездері болады. Өмірде түрлі жағдай кездеседі. Шын мәнінде бір күртешеге мұқтаж адамдар да бар», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айгүл Мұқаш.

Қайырымдылық дүкені киім-кешек, аяқ киім, тұрмысқа қажетті тауарлар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалар мен ойыншықтарды қабылдайды. Аталған заттарды кез келген адам бутикке әкеліп қоюға болады. Ұйымдастырушылар олардың жаңа иелері тез табылатынына сенімді. 

«2008 жылы мен ғибадатхана салған едім. Ол жерге адамдар қайырымдылық ретінде өздеріне керек болмай қалған, балаларына кішірейіп немесе қолданбайтын заттарын, киімдерін әкеле бастады. Сол кезден бастап менде осындай қайырымдылық бутигін ашу туралы ой туды. Бұл жерде сатушы жоқ. Тауарды қарап, сұрыптайтын да адам жоқ. Қайырымдылық жасағысы келген адам дүниесін әкеліп, қойып кетеді. Мұқтаждар өздеріне керектерін алады. Сұрыптамаймыз, қайырымдылық еткендер өздері киімдерді іліп, бүктеп кетеді. Бұл жерге қанша дүние сыйса, сонш қабылдаймыз», - дейді кәсіпкер Петр Вагнер.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО