Зейнетақы жинағының бір бөлігін инвестиция ретінде пайдалануға мүмкіндік берілді
Елімізде инвестициялық қаражатты басқаруға арналған басқарушы компаниялардың 6-уы талапқа сай келеді
Қазақстандық салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін басқарушы компанияларға бере алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жуырда ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтардың жеке басқаруына беруге қатысты қаулы қабылданды. Алайда мұндай мүмкіндік БЖЗҚ-да «жеткіліктілік шегінен» асатын жинағы бар және сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшаларға ғана беріледі.
«Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы, соңғы үш жылда клиенттердің 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесі бар, сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде шығынды қызмет фактілері жоқ компанияларға беруге болады», - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Агенттік өкілі инвестициялық қаражатты басқаруға арналған 18 басқарушы компанияның 6-уы бекітілген талаптарға сәйкес келетіндігі атап өтті. Олардың қатарында төмендегі компаниялар бар:
1) «First Heartland Jysan Invest» АҚ
2) «BCC Invest» АҚ - «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы»
3) «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың ЕҰ)
4) «Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ
5) «First Heartland Capital» АҚ
6) «Сентрас Секьюритиз» АҚ
«Инвестициялау стратегиясын басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады, оған Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздар, сондай-ақ ҚР-ның екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдар кіретін болады», - деді Мария Хаджиева.
Салымшылардың зейнетақы жинағын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына тек бір рет ауыстыру мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 829 368 салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру құқығын пайдалана алады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан