«Балаларымның емі үшін қарызға баттым»: бес баланың анасы заңгер көмегіне мұқтаж

Бес баланың үшеуі эпилепсия ауруына шалдыққан

«Балаларымның емі үшін қарызға баттым»: бес баланың анасы заңгер көмегіне мұқтаж
фотосурет: Динараның жеке архивінен

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Динара Самбетова – 5 баланың анасы. Үлкені бар болғаны 11 жаста, кенжесі 2 жастан енді асқан. 33 жастағы әйел Azattyq Rýhy тілшісіне өзінің ауыр жағдайда қалғанын айтып, көмек сұрады. Бес баланың үшеуі эпилепсия ауруына шалдыққан, ал балалардың әкесі ішімдікке салынған.

«Қарызым көбейіп кетті. Балалар ауырған кезде ғаламторда жарнамасы тараған қарыз беретін компанияның біріне хабарластым. Алдымен 90 мың теңге, екінші рет 100 мың теңге қарыз алдым. Оның бәрін балалардың еміне жұмсадым. Дәрі-дәрмек алатын да ақшам болмағандықтан, қарыз алуға мәжбүр болдым. 10, 8, 5 жастағы үш баламда эпилепсияға шалдыққан», - дейді Динара.

Осыдан 2 жыл бұрын Сарыағаш ауданынан (Түркістан облысы – ред.) елордаға көшіп келген отбасы ел арасында «Юго-Восток» аталып кеткен ықшамаудандағы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрады.

«Үш балама да диагноз шақалақ кезінен бастап қойылды. Қырқынан шыққан соң, денесі қайта-қайта құрысып, дірілдеп ауырады. Оның себебін дәрігерлер жүкті кезімде алған стрестен деп түсіндірді. Сарыағашта үйіміз болған жоқ. Елордаға осы балаларды емдетейік деген ниетпен көшіп келдік», - деп, көпбалалы ана қоныс аудару себебін түсіндірді.

Алайда, Динара құжаттары түгел болмағандықтан, әлі күнге дейін балаларын емханаға есепке тіркей алмаған.

«Жолдасым бар. Ол қара жұмыс істейді. Бар тапқан табысын «ішіп» қояды. Ол маған қол көтеретін, бірнеше рет полицияға түскен соң, ұруын қойды», - дейді Динара.

Журналистерден көмек сұрауға мәжбүр болған көпбалалы ана қарызға белшесінен батқанын айтып, ауыр күрсінді. Балалары кез келген уақытта «құрысып», ауырып қалатынын білсе де, оларды үйде тастап, еден жууға барып, содан тапқанын тамаққа талғажау етіп жүр екен.

«Дәрі-дәрмек үшін алған қарызымды уақытында өтей алмадым. Қазір оның пайызы өсіп кеткен, қарыз 500 мың теңгедей болып тұр. Кенже балаларымды үлкендеріне табыстап, арасында асығып еден жуып келемін. Күнделікті жейтін нан-суымды ажыратып отырғаныма қуанамын. Менің осы жағдайымды ескеріп, ақша берген компаниялар ең болмаса негізгі қарызды екен, өтеймін. Үстіндегі пайыздарын кешірсе екен. Ол үшін маған заңгер көмегі қажет. Тегін көмек бере алатын мамандар сұрап, сіздерге хабарласып отырмын», - дейді Динара.

Былтыр Динара карантин күшейтілген уақытта маска тігіп сатқан. Елорда әкімдігі тігінді меңгерген Динарадан әр масканы 30 теңгеден сатып алыпты. Алайда, көпбалалы ананың қазір ондай қосымша жұмыстар атқаруға мүмкіндігі жоқ.

«Анам қайтыс болған. Әкем ауылда. Көмек сұрауға мәжбүрмін», - деп аяқтады сөзін Динара.

Көпбалалы анаға көмек қолын созғысы келетін оқырмандар болса, +7 707 509 3130 (Динара - ред.) телефон номеріне хабарласуға болады. 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.